Елімізде «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы бастау алды. Ел көлемінде қолға алынған шараның басты мақсаты – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесіп, ана мен баланың құқықтарын қорғау және отбасы институтын нығайту. Акция шеңберінде тақырыптық кездесулер, флешмобтар өткізіліп, тұрғындарға жаднамалар мен буклеттер таратылды. Мұндай шараларға мемлекеттік орган өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, жастар тартылуда. Азаматтарға отбасының қоғамдағы рөлін нығайту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы әңгімеленді.
Осы және басқа да іс-шаралар жөнінде полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімшесінің бастығы Бақытгүл Сейтқалиева баяндады.
– Кездесулерде жұртшылыққа зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда әрекет ету алгоритмін түсіндіреміз. Профилактикалық жұмыс ауылдық округтерде де жүргізіледі. Халықты хабардар ету мақсатында әлеуметтік желілер мен жергілікті басылымдарға материал жариялаймыз, – деді бөлімше басшысы.
Былтырдан бастап Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамаларына өзгертулер енгізіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты тұстары әкімшілік сипаттан қылмыстық жауапкершілікке ауыстырылған болатын. 2024 жылы отбасының шырқын қашырған 90 жағдай тіркеліп, оның 5-уі – жәбірленушінің шағымы болмағандықтан, 10-ы – қылмыс құрамы болмағандықтан, тағы 8-і тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған екен. Ал биылғы жылдың 8 айында 400-ден аса отбасылық жанжал тіркеліп, 300-дей материал бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК 73, 461-баптарына сәйкес жауапқа тартылған. Жәбірленушілерді қорғау үшін жыл басынан бері 710 қорғау нұсқамасы шығарылған. Қорғау нұсқамасы талаптарын бұзған 50 адамға әкімшілік жаза берілген.
8 айда 18 қылмыстық іс тіркеліп, 4-уі сотқа жіберілді. Мұнда 2 іс – жәбірленуші шағымданбағандықтан, 5 іс – қылмыстық іс құрамы болмағандықтан, 6 іс жәбірленуші тарап кешірім бергендіктен тоқтатылыпты.
– Өңір тұрғындарын хабардар ету мақсатында басты көшелерде әйелдер мен балалар проблемаларына қатысты «111» бірыңғай мемлекеттік сенім телефоны көрсетілген билбордтар мен плакаттар орналастырылды. Бұл алдағы уақытта балалы әйелдерді қиын жағдайда қалдырмауға септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Бақытгүл Сейтқалиева.
2018 жылдан бастап Екібастұзда қиын жағдайда қалған ана мен баланы қабылдайтын орын құрылды. 2022 жылдан бастап осы жұмысты «Қорғау-Астана» жеке қоры атқарып келеді. 20 орындық орталықта отбасылық жанжалдан соң үйден безген әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, әлеуметтік көмек көрсетіледі. Онда келушілер 6 айға дейін тегін тұра алады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімше бастығы Б.Сейтқалиева бұл орталықпен тікелей байланыста.
– Орталық ашылғаннан бері 170 адамға көмек көрсетілді. Оның 54-і әйелдер болса, 116-сы – солардың балалары. Бүгінгі таңда ол жерде 4 әйел мен 7 бала тұрып жатыр. Оларға жан-жақты көмек көрсетілуде, – деген Б.Сейтқалиева орталыққа 1403 – сенім телефоны (қалалық телефоннан) арқылы хабарласуға болатынын айтты.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – полиция жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға, отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударылған. Осы орайда құқық қорғаушылар тұрғындардан зорлық-зомбылық орын алғанда бей-жай қарамай, 102 нөміріне қоңырау шалуды сұрайды.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ