Күзде жұқпалы және вирустық аурулар өршіп, соның әсерінен созылмалы сырқаттар асқына түседі. Әсіресе күздің орта тұсында тұмаудың ең қауіпті кезеңі басталады. Сондықтан мамандар эпидемиялық маусымда сақтанып жүруге, аурудың алдын алуға шақырады.
Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Бақыт Бекпаева жұқпалы аурулардан сақтану үшін қолға алынған шаралар туралы кеңінен әңгімеледі.
Екібастұз өңірінде 2024-2025 жылдың эпидемиологиялық кезеңінде 51 847 жіті респираторлық вирустық инфекция тіркеліпті. Бұл бұрнағы жылдармен салыстырғанда аурушаңдықтың екі есеге төмендегенін білдіреді. Әйтсе де 14 жасқа дейінгі балалардың арасында инфекция жұқтырғандар артқан екен.
Жалпы, өткен маусымда тұмаудың зертханалық тұрғыда расталған 18 фактісі тіркелген. 1 адамнан коронавирус табылды. Тұмауға жатпайтын басқа вирустарға барлығы 170 сынама тексеріліп, парагрипп, РС вирус, метапневмовирус, риновирус, боковирус, аденовирус және коронавирус анықталған. Биыл өңірде ротавирус жағдайы бәсеңдеп келеді.
– Санитарлық-профилактикалық шаралар эпидемия алдындағы (1 қазан – 31 желтоқсан) және эпидемиялық маусым (1 желтоқсан – 30 сәуір) болып екіге бөлінеді. Осы мезгілдерде медициналық ұйымдар төсек-орынның, тұмауға қарсы негізгі дәрі-дәрмектердің, витаминдер мен минералдардың қоры жеткілікті болуын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен бірге 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы иммундау науқанын жүргізуге дайындалуы керек, – деді бөлім басшысы.
Бақыт Телеубайқызы 2018-2024 жылдардағы вирустың таралуын талдау метапневмония, респираторлық синцитиалды, т.б. респираторлық вирустардың артып келе жатқанын, бұл денсаулық сақтау жүйесіне жүктемені арттыратынын айтады:
– Биыл да А (H1N1), А (H3N2) және В типті тұмау айналымы жалғасады. Тұмау жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларда, қарт адамдарда, науқастармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлері үшін ауыр болуы мүмкін. Сондықтан аурудың алдын алу артық болмайды.
Еске сала кетейік, 15 қыркүйекте тұмауға қарсы екпе салу науқаны басталады. Екпе созылмалы аурулары бар адамдарға, 2-3-триместрдегі жүкті әйелдерге, қарттар үйінде тұратын-
дарға, балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге, жабық мекемедегі адамдарға, т.б. тегін салынады.
Кенже ҚУАТ