Павлодар қаласында биыл алғаш рет ұйымдастырылған «Ертіс толқыны» облыстық жобасы өз мәресіне жетті. Жаз бойы жалғасқан ауқымды шара өңір жастарының басын қосып, шығармашылық әлеуетін арттыруға үлес қосты. Үш аптаға созылған жоба барысында Павлодар облысының әр қаласы мен ауданы өз бағдарламасын ұсынып, ерекше атмосфера қалыптастырды.
Қорытынды күні Екібастұз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қолдауымен Жастар бастамаларын дамыту орталығы Ертіс жағалауында көпшілік назарына сегіз тақырыптық алаң ұсынды. Бұл күнгі шараға 50-ден астам екібастұздық жас белсене атсалысты.
Жастардың шығармашылығын айқындап, олардың ой-өрісін кеңейтуге бағытталған жобалар көрермен ықыласына бөленді. «Cyber connect» playstation алаңы, Skills Jastar мамандық таңдауға арналған жобасы, «ECO-ORTA» экологиялық ойын алаңы, ашық микрофон, подкаст студиясы, кино аймағы және балаларға арналған ойын алаңдары – барлығы да жастардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік берді. Ал «EKB MUSIC» шығармашылық кешінде екібастұздық өнерпаздар сахна төріне шығып, өз өнерлерін ортаға салды.
Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова жобаның мән-маңызына тоқталып өтті:
– Биыл алғаш рет жүзеге асқан «Ертіс толқыны» жобасы – облыс жастарына арналған тың бастама. Әр апта сайын өңірдің қалалары мен аудандары өз өнерлерін ұсынып, тұрғындарға жағажайда мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жобаның басты мақсаты – жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Ертіс жағалауы жастар жиі жиналатын орын болғандықтан, жобаның дәл осы жерде өтуі өте орынды болды. Барлық аудан-қала жастарына белсенділігі үшін алғыс білдіреміз. Бұл бастама келесі жылы да жалғасын табады, – деді ол.
Жобаны Семей қаласынан келген қонақтар да тамашалады.
– Павлодарда өтіп жатқан жобаның қорытынды күніне келдік. Екібастұз жастары ұйымдастырған бағдарламалар көңілімізден шықты. Қол күрес, плейстейшн сынды ойындар, шығармашылық қойылымдар жастардың белсенділігін арттырып, ерекше әсер қалдырды, – деп пікір білдірді семейлік Әлихан Махатов.
Қорытынды кеште үздіктер бірнеше номинацияда марапатталды. Марапаттау рәсімін Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Раисова жүргізді. «Көрермендер көзайымы», «Туған жерді дәріптеу», «Белсенді ұстаным» номинациялары облыстың өзге аудандарының жастарына табысталса, Екібастұз бен Ақсу қалалары «Шығармашылық жаңашылдық» аталымында алға шықты.
Осылайша, үш апта бойы «Ертіс толқыны» өңір жастарының басын қосып, мәдениет пен өнердің, жаңа идеялар мен достықтың бірегей алаңына айналды. Қорытынды кеш Екібастұз өнерпаздарының әсерлі шығармашылық нөмірлерімен түйінделіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба келер жылы ауқымын кеңейтіп, жастарға арналған жаңа бағыттармен толықпақ. Бұл бастама өңір жастарының шығармашылық әлеуетін арттырып, олардың бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңа бастамаларға ұмтылуына жол ашпақ.
Ділназ Серікбай



