Биыл қазақ халқының киесі, ары мен намысы, ақылы мен жүрегі – Абай ақынның 180 жылдық мерейтойы өзінің туған жерінде аталып өтті. Тойға Екібастұздан арнайы делегация ұйымдастырылған жоқ, десе де өз күшімен барып келген жерлестеріміз бар. Солардың бірі – ақын, тіл жанашыры Жұмағали Қоғабай ағамыздан сапардың мән-жайын сұрастырдық.
– 8 тамыз күні ағам Жұмасейіт Бижанның досы – Абай облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сейсенұлына телефон соғып, 180 жылдыққа барғым келетінін айттым. Мұрат аға хабарласқаныма қуанып қалды. «Бауырым, тойдан рухани азық аламын десең, кел», – деді. Семейге жетіп, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының «Қайтқанда» тарауында жазылған «Шәкірт бала үш күндік жолдың соңғы күніне барын салды» дейтін тұста, Қасқабұлақ маңында қаттырақ жүріп, Күшікбай батыр асуында аялдап, бұлағынан сусындап, Қарауылға жеттім. Жол бойы аспанды бұлт бүркеп, жауын себелеп тұрды. Қарауылтөбенің күнбатыс жағын айналып барып, төбенің күншығыс етегіне жайғасқан, 180 киіз үй орналасқан дала сахнасына жеттік. Қарауылдықтар мен алыс-жақыннан келген қонақтар алдағы тойға дайындық үстінде екен. Ұлы той басталып кетті десе де болғандай. Келген жұрт тау етегіндегі асфальт жолдың жиегіне орналасқан келісті сахнаны, сауда орындарын, қоршауда тұрған аттар мен түйелерді тамашалап жүр. Жолдың 300 метрдей жиегінде аралық сақтап тұрған ұлттық киім киген сұлу қыздар мен жас жігіттер той құтты болсын десіп, той бағдарламасын таратып тұрды. Сахна төрінен Абай әндері мен өлеңдері, ғибратқа толы қара сөздері төгіліп, Құнанбай, Абай дәуірін еске түсірген аттылы-жаяу адамдар, атқа мінген, қолына найза ұстаған жауынгер жігіттер легі өтіп жатты. Жылқы кісінеп, түйе боздады. Дәл осы жерде Екібастұз қаласынан келген МАЭС-2 станциясы басқарма төрағасының кеңесшісі Ербол Майтанұлы мен осы кәсіпорынның күрделі құрылыс бөлімінің жетекші маманы Файзолла Әкішевті жолықтырдым. Сол жерде күн батпай тұрып Қарауылтөбеден 15 шақырымдағы Жидебайға барып келуді ұйғардық. Жидебайға барып, Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Оспан марқұмдардың аруағына тағзым еттік. Күн бата Қарауылтөбенің баурайындағы арнайы ас-су дайындалған 12 қанат киіз үйде келген қонақтармен әңгіме-дүкен құрдық. Киіз үй ішінде «Абай жолы» романындағы негізгі кейіпкерлердің бірі – Абай атамызбен жағаласып жүретін Оразбай ұрпағымен, Абай өлеңдерін өз қолымен қағазға түсірген Мүрсейіттің шөбересімен таныстық. Бұрын-соңды өзіміз естімеген әңгімелерге қанықтық.
– Жұмағали аға, той басталмай жатып керемет әсер алыпсыз. Ақынның осыдан отыз жыл бұрын өткен 150 жылдық мерейтойына Екібастұздың ауылдарына дейін ерекше үлес қосқанын ұмытқан жоқпыз. М.Алғамбаров (сол кездегі «Өлеңті» кеңшарының директоры), Ж.Жанахметов, Қ.Ермұқашев бастаған жиырма шақты өлеңтілік азамат екі киіз үй апарғанын жерлестеріміз әлі де мақтанышпен еске алады. Екібастұздық киіз үйлердің көбі Қымбат Сартымбекова, Зылиха Төлегенова сынды шеберлердің қолымен безендірілген-ді. Тойға апарылған батырлардың қару-жарақ, қылыш, қорамса, жебе, садақ, найзасын Елтай Арбиев арнайы тапсырыспен Алматы қаласында жасаттырыпты. Тойдың өзі немен есіңізде қалды?
– Тойда 180 киіз үй тігілгенін айттық. Барлық киіз үйлер (алтын ордалы 30 қанатты киіз үйден басқасы) 12 қанатты, бірқалыпты оюмен әдіптеліпті. Әр үй нөмірленген. Той өтетін аумақтың үш жағына асфальт төселіп, 300 орындық автотұрақ жасалыпты. Алыс-жақыннан тойды көремін деп келушілерге арналған тамақ беретін киіз үйлер түнгі сағат 12-ге дейін жұмыс істеп тұрды. Қазақстанның 17 облысы ауқымды бақ ішіндегі 17 киіз үйге мұражай жайғастырыпты. Тойды санаулы айлар ішінде ұйымдастырып, ойдағыдай өткізген Абай облысының әкімі Берік Уәлиге барша халық разы болды. Біреулер 40 мыңға жуық адам тойға келіпті деп жатты. Меніңше, одан көп. Мен 10 тамыз күні сағат 11-30-да Қарауылдан шығып, Күшікбай асуынан, Бөрілі, Қасқабұлақ мекендерінен өтіп, Семейге жеткенше Қарауылға асыққан жеңіл машиналар легі толастамады…
Ж.ӘБДІКӘРІМ