Ертең – Қазақстан халқының тілдері күні. Осы датаға орай Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Тоқсамбаева журналистерді мерекелік іс-шаралар жоспарымен таныстырды.
Тілдер күнін мерекелеу аясында қаламызда бір ай бойы түрлі бағыттағы іс-шаралар мәдени-ағартушылық және шығармашылық форматта өтеді.
Атап айтсақ, 5 қыркүйек күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында «Ұлт көсемі – Ахмет Байтұрсынов» тақырыбында конференция өтеді деп жоспарлануда.
Тілдер мерекесін ұйымдастыруға «Атамұра» МО, «Өнер» ҚМС, Жастар бастамаларын дамыту орталығы, «Достық үйі», «Шығыс» кеніші, білім бөлімі, орта білім беру мекемелері, «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС, «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ жұмылмақ.
Бағдарламаға зияткерлік сайыстар мен танымдық бағдарламалар енгізіліпті. Олар оқушыларға, студенттерге және ересек тұрғындарға арналған. Сонымен қатар, мәнерлеп оқу, эссе және сурет конкурстары, тіл тақырыбындағы әдеби кештер, лингвистикалық квесттер де айлық мазмұнын айшықтамақ.
Білім беру мекемелерінде дебат турнирлері, конференциялар, викториналар мен арнайы семинарлар өтеді. Мәдениет ошақтарында және этномәдени бірлестіктермен бірлесіп концерттер, театрландырылған қойылымдар, фольклорлық және этно-cosplay бағдарламалары ұйымдастырылады. Балаларға арналған тарихи-этнографиялық экскурсиялар мен ұлттық орталықтарға саяхаттар да қарастырылады. Бұдан бөлек, өндіріс орындарында да тіл мерекесіне арналған акциялар мен ашық сабақтар белгіленген.
Жалпы, мереке аясында 84 іс-шара өтеді деп межеленді.
15 қыркүйекке белгіленген «Шығыс» кенішінде «Қазақ тілі» кабинетін салтанатты ашу шарасын мерекенің жаңалығы деуге болады. Бұл маңызды қадам өндіріс саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің арасында мемлекеттік тілді дәріптеуге үлес қосады деп сенеміз.
Биыл қазақ руханиятының шамшырағы, Алаш ардақтысы – Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толады. Осыған орай 26 қыркүйекке Қ.Пішенбаев атындағы ЕТТК ұйымдастыруымен «Алаштың сөнбес жұлдыздары» дөңгелек үстелі жоспарланған. Дегенмен Алаш елінің алып тұлғасын насихаттауға кішігірім колледжде өткен бір дөңгелек үстел аз болар деп ойлаймыз.
Жоғарыда аталған жайттарға біздің қосарымыз: қалалық деңгейде тілдер айлығының бағдарламалық кестесі бекітіліп, барлық шаралар үлкен жиынмен (бәлкім, фестивальмен) қорытындылануы, бұған дейін атқарылған жұмыс нәтижесі сарапталуға тиіс.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА