ҚР Үкіметінің 2025 жылдың 9 шілдесінде қабылданған №523 қаулысы 1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі ұйымдардағы балаларды тамақтандыру жүйесіне елеулі өзгерістер енгізді. Бұл өзгеріс көптеген ата-аналар үшін тосын жаңалық болды, себебі олар бұл туралы тек тамыздың соңғы күндері, балабақша әкімшілігі «қаулымен таныстым» деп қол қойғызғанда ғана хабардар болды.
Бұған дейін мектепке дейінгі ұйымдарда көпбалалы отбасылардың балалары атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардың балаларымен қатар тегін тамақпен қамтамасыз етіліп келген. Ал жаңа қаулы бойынша, бұл жеңілдік тек АӘК алатын, сондай-ақ, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына ғана берілетін болыпты. Бұл санаттағы балалардың тамақтануына кеткен шығын 100% жергілікті бюджет есебінен өтеледі.
Осылайша, табысы аздап жоғары болғандықтан АӘК алмайтын көпбалалы, бірақ тіркелген мәртебесі жоқ отбасылар бұл тізімнен тыс қалып отыр. Жаңа ережелер көптеген отбасылар үшін едәуір қиындық тудыруда.
Өзін Әйгерім деп таныстырған көпбалалы ана бұрын балабақшаның тегін болуы арқасында жұмысқа шығып, отбасылық бюджетті толықтырып отырғанын айтады. Енді тамақтану ақылы болғандықтан ол екі баласын балабақшадан шығарып алуға мәжбүр. Жолдасының табысы коммуналдық төлемдер мен азық-түліктен артылмайтындықтан, отбасы балабақша шығынын көтере алмайтыны түсінікті.
Айжан есімді көпбалалы ана жаңа жүйе жұмысбасты аналарға салмақ түсіретінін қынжыла айтты. «Бұл өзгеріс масылдықты ынталандыру деп бағалаймын. Әлеуметтік қолдау шын мәнінде еңбек етіп жүрген аналарға бағытталуы тиіс», – дейді ол.
Көптеген ата-аналар үшін негізгі мәселе – ақпараттың кеш берілуі және өзгерістің балама шешімсіз енгізілуі. Ата-аналарға бұл жағдайға дайындалуға да мұрсат берілмеді. Жаңа қаулы нақты мұқтаж топтарға қолдау көрсетуге бағытталғанымен, оның жүзеге асырылу тетіктері қоғамда бірқатар сұрақтар туындатары сөзсіз. Себебі көпбалалы немесе еңбек етіп жүрген отбасылардың нақты әлеуметтік жағдайы қағаздағы көрсеткіштерден әлдеқайда күрделі болуы ықтимал. Мемлекеттік қолдау жүйесі икемді болғаны жөн болар еді.
Г.МЕДЕУБАЙТЕГІ