30 тамыз күні «Халық базарында» ауыл шаруашылығы өнімдерінің мерекелік жәрмеңкесі өткізілді. «Атамұра» мәдениет орталығының өнерпаздары ән шырқап, жұрт көпшілікке танымал әуендері тыңдай жүре, сөрелерді жағалап сауда жасады.
Күз емес пе, жеміс-жидек пен көкөніс мол болды. Картоп пен пияз, жас қияр мен қызанақ сияқты көкөніс бағалары дүкендердегіден біршама арзан. Ал таңқурай мен құлпынайдың
1 килосы 1800-2000 теңгеден сатылуда екен. Мұны көрген егде жастағы әйел: «Жидек жаз бойы Қырғызстаннан жеткізіледі. Біздің елде неге өсірмейді? Алатаудың екі жағында климат бір емес пе?» – деп қынжыла сөйлеп ары жылжыды. Расында да, жәрмеңкедегі өнімдерге зер салсаңыз, ет пен сүт өнімдері болмаса, өзгесі жергілікті жерден емес.
Енді соңғы уақытта бағасы аспандап, өзі қат болып кеткен сиыр еті жайлы айтайық. Рас, бұл жолы жәрмеңкеге Сарықамыс ауылдық округі «Саржайлау» шаруа қожалығынан, Ақкөл ауылдық округі Жақсат ауылынан, Теміржол ауылдық округінен және тағы бірнеше елді мекеннен ірі қара еті жеткізілген екен. Алайда сол ет қалалықтарға жұғым болмай, екі сағат ішінде түгелдей сатылып кетті. Неге олай десеңіз, қазір шаруалар мен шаруа қожалықтары жәрмеңкеге ет тасымалдауға құлықсыз. Біріншіден, шектелген бағаны арзан деп есептейді, екіншіден мал сойып, оны базарға шығаруды әурешілік санайды. Өйткені өзбек саудагерлері ауыл-ауылдан ірі қараны тірілей сатып әкетіп жатыр. Естуімізше, биыл туған сүт емген бұзауларды еркек-ұрғашысына қарамай таразыға салмай-ақ 350 мың теңгеге бағалайды екен. Мұны көріп-біліп отырған ірі мал бордақылау алаңдарының қожайындары
да бұрын-соңды болмаған әрекетке көшіпті. Сиыр етіне бәсекелестіктің артқанын байқаған олар ел ішін аралап, күзде тапсырылатын малдың жарты құнын қазірден бастап төлеуге кірісіпті. Айтпақшы, бордақылау алаңдарына тапсырылған малдың еті де іште қалмайды, экспортқа шығарылады. Егер осылайша жалғаса берсе, ішкі нарықтағы сиыр еті тапшылығы үдей түспекші. Үкімет бұл мәселені зерделеуі тиіс, ал әзірге етке сұраныстың басым бөлігін жылқы мен қой еті өтеп отыр.
Бұл жолы Шиқылдақ ауылынан Мейрам Бейсенов, Құлакөл ауылынан Азамат Тәшімов, Талдықамыстан Нұрбек Құлмағамбетов және тағы басқалары жәрмеңкені қой етімен толық қамтамасыз етті.
Ж.Жәлелұлы
