29 тамыз күні «Өнер» мәдениет сарайында учаскелік полиция қызметінің құрылған күні атап өтіліп, тәртіп сақшыларына құрмет көрсетілді.
Учаскелік полиция – тұрғындармен қарым-қатынасқа аса жиі түсетін, көше, аула, подъездердегі ахуалды бәрінен жетік білетін тұлға. Уақытпен санаспай тер төгетін сақшылар еңбегінің арқасында көшеміз тыныш, ұйқымыз сергек десек те болады.
Екібастұз өңірінде 70-тен аса учаскелік инспектор еңбек етуде. Жыл басынан бастап олар 3 жарым мың әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, өз қарамағындағы учаске тұрғындарымен 85 кездесу өткізген.
Тәртіп сақшыларын қала әкімі Аян Бейсекин құттықтап, олардың қоғам тыныштығын сақтаудағы еңбектерін атап өтті.
– Кейде учаскелік полицейлер өзгенің өмірін қорғау үшін өз өмірлерін бәйгеге тігеді. Оған дәлел – шұңқырға түсіп кеткен баланың өмірін ерлікпен сақтап қалған Тахир Касумов. Полиция майоры осы өнегелі әрекеті үшін мемлекеттік награда – «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Полицияның учаскелік инспекторы, майор Жәнібек Қасымов жанып жатқан пәтерден үш баласымен бірге әйел адамды алып шықты. Шұғыл қоңырау соғылғанда, Нұрлан Жәниев түнгі ауысымда еді, полиция капитанының кәсіби машығының және алғашқы медициналық көмекті меңгергендігінің арқасында қала тұрғыны құтқарылды, – деді Аян Уахитұлы.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жаңа технологияның маңызы зор. Бұл орайда қаламызда қол жеткен мүмкіндіктер баршылық. Биыл қылмыстың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 80 бейнебақылау камерасы, соның ішінде жылдамдық өлшегіштер орнатылды. Жедел басқару орталығы жөндеуден өткізілді. Жаңартылған материалдық-техникалық база мен сапалы еңбектің арқасында құқық бұзушылықтарды ашу көрсеткіші 80 пайызға дейін жақсарды. Ауылдық жерлерде учаскелік полиция инспекторлары халықтың өтініштеріне дер кезінде әрекет етіп, өз қызметін тиімді атқаруы үшін жайлы тұрғын үйлермен қамтамасыз етілуде. Мұның бәрі, екінші жағынан, құқық қорғау саласының беделін арттырып, жастарды жұмысқа тартуда да айрықша рөл атқарары сөзсіз.
Мерекелік шарада қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, қалада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткені және белсенді өмірлік ұстанымы үшін және учаскелік полиция инспекторы күнін мерекелеуге байланысты учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Қайрат Кенжекеевке «Екібастұз қаласының алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тағылды.
Бақытжан Инкарбаев, Нұрлыбек Қасымов, Асыл Кәрібаев, Серік Мергенов, Азат Хабдуллинов әкімнің құрмет грамотасымен марапатталды. Серік Әбілғазы, Әсілбек Абибуллаев, Мирхат Байжанов, Мәулет Кәрібаев, Тахир Касумов, Санат Таңжарық, Нұрлан Тлеубайға әкімнің алғыс хаты табысталды.
Салтанатты шараны Сәуле Оразалина мен Қайрат Тохан «Күй тартыспен» әрлесе, Руслан Ғабит «Қазақстан» әнін шырқады. Полиция лейтенанты Айдана Джангулова «Домбыра» әнімен әріптестерінің рухын көтерді. Кешті Бауырбек Бектеміров «Атамекен» әнімен түйіндеді.
Салтанатқа полицейлердің отбасылары да ортақтаса келіпті. Тәртіп сақшыларына от басы, ошақ қасында жағдай жасап, көңіл күй сыйлайтын жұбайлары мен балалары залда отағасымен селфиге түсіп, мереке иелерін қошеметтеп отырды. Сонымен қатар, экраннан балаларының тәтті тілдерімен құттықтау жолдауы да полицейлердің мерейін асыра түсті.
Ж.ӘБДІКӘРІМ
