Церебралды сал ауруы және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған «Әлем» балаларды оңалту орталығының ашылғанына ширек ғасыр уақыт өтіпті. Осы аралықта орталық көптеген бала мен ата-анаға үміт сыйлап, оларды емдеп-оңалтуға күш салды. Емделушілердің кейбірі отбасылы болып, тағы біреулері мамандық алып, жұмысқа орналасқан. «Әлем» БОО-ның 25 жылдығына арналған салтанатты шара «Самғау» орталығында өтті.
Салтанатты кеш шымылдығы «Әлем» БОО тәрбиеленушілері мен педагогтарының орындауындағы бимен ашылды. Қала әкімі Аян Бейсекин орталық ұжымын құттықтап, орталықтың негізін салушы Шаттық Сүйінішеваға зор алғыс білдірді.
Бұдан әрі марапатқа кезек берілді. Ұзақ жылғы еңбегі үшін «Әлем» балаларды оңалту орталығы директорының орынбасары Хилуа Калымова «Қала алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. Ерлан Маханов, Наталья Дунина қала әкімінің құрмет грамотасына ие болса, Эльмира Хамидова мен Татьяна Ерыкалинаға алғыс хат берілді.
Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев орталық басшылығына жүрекжарды тілегін айтып, қалалық мәслихат атынан бірқатар мамандарды марапаттады. Олардың ішінде Алла Амирян, Светлана Жыланбаева, Алтынбек Кенжебаев, Владимир Лавров, Әлия Сыздықова, Әйгерім Әлхатова, Жанар Қали, Вера Баядилованың есімдері аталды.
Кеш соңында «Әлем» БОО басшысы Шаттық Ешмұратқызы сөз алып, орталықпен қоян-қолтық жұмыс істеген дербес бөлімдерге, әрдайым демеу көрсететін қаламыздағы екінші деңгейлі банк филиалдарына, ірі кәсіпорын басшыларына алғыс айтты. Орталық тәрбиеленушілеріне зор денсаулық тіледі.
Шара барысында Азат Қаһарман, Данил Бабаков, Сандуғаш Ақанова, Павел Пух, Асылбек Муритов, басқа да оңалту орталығының тәрбиеленушілері өнер көрсетті.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ

