Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының айтуынша, әлемдегі барлық аурулардың 80 пайызы су арқылы жұғады екен. Яғни, сапасыз ауызсуды тұтыну, лас суқоймаларда шомылу көп жағдайда жұқпалы аурулардың өршуіне әкеп соғады.
Қауіпсіздік жағынан алғанда бассейндер туралы ұмытуға болмайды. Қалада негізгі үш бассейн бар. Тұрғындар одан басқа жекеменшік моншалар жанынан салынған кішігірім хауіздерді жалға алады. Осы орайда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманы Айнеля Жолжақсынова бассейндердегі қауіпсіздік туралы баяндады.
– Шомылу арқылы адам денесін сергітеді, шыңдайды. Әйтсе де бассейнде түрлі ауруларды жұқтырып алу қаупі де бар. Көбіне бұл зеңді аурулар болуы мүмкін. Тырнақ, аяқ микоздары өте тез таралады. Ол ортақ сүлгі мен аяқ киімнен, тіпті жай ғана еденді басу арқылы да жұғуы мүмкін, – деген маман судан жұғатын аурулар жөнінде тарата айтты.
А.Жолжақсынованың айтуынша, вирустық сүйелдер, контагиозды молюск лас заттармен жанасқанда жұғады. Бассейндегі суда ішек инфекциялары, Pseudomonas aeruginosa бактериялары болуы мүмкін. Олар шашқа жабысып, теріге енсе, денеге қышу, бөртпе шығады. Инфекция құлаққа енсе де қауіпті. Суды жұтып қойғанда, дизентерия секілді іш ауруын тудыруы мүмкін. А гепатиті немесе лямблиоз секілді ішек аурулары да тез таралады. Суда, сондай-ақ, колиформды бактериялар, термотөзімді колиформды бактериялар, алтын түстес стафилококк, гельминттердің жұмыртқалары мен дернәсілдері болуы мүмкін.
– Ауру белгілерін елемей, уақытылы емделмеген жағдайда энтеровирустық инфекциялар асқынып кетеді. Ондай жағдайда ми қабығының қабынуы, энцефалит, өкпе тінінің ісінуі пайда болуы ықтимал. Энтеровирус қоршаған ортаға өте төзімді. Ол суда 110 күнге дейін сақталады, – дейді бұл туралы А.Жолжақсынова.
Бассейн хлормен дұрыс өңделмесе, адам уланып та қалады. Хлор көздің, терінің шырышты қабығын тітіркендіріп, жөтел, жүрек айнуын, бас ауруын тудырады. Ауыр жағдайда өкпе тіні қатты ісініп кетеді.
Жалпы, бассейндер хлормен жас ерекшелігіне қарай өңделеді. Мысалы, 1-6 жастағы балалар үшін 0,1-0,3 мг/л болса, ересектер үшін 0,3-0,6 мг/литрден аспауы тиіс. Және бұл көрсеткіштер санитарлық қызметтер тарапынан бақылауға алынуы керек. Нормалардың бұзылуы балалар мен иммунитеті төмен адамдар үшін ауыр соғуы мүмкін.
Жекелеген адамдар бұл көрсеткіштерді бақылай алмайтындықтан, оларға сондағы қызметкерлердің сөзіне сенуге тура келеді. Себебі басқарманың бас маманы Айнеля Жолжақсынованың айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бассейндерді 3 жылда бір-ақ рет тексереді екен. Оның өзінде арнайы тіркелген бассейндерді ғана. Ал жоспарсыз тексеру жеке адамдардан арыз-шағым түскен кезде ғана жүргізіледі. Мұндайда хлордың мөлшері тұрмақ, судың уақытымен ауыстырылатыны да күмән тудырады. Сондықтан бассейнге барған адам денсаулығына сақ болғаны жөн.
Мамандар бассейнге барушыларға мынадай кеңес береді:
– бассейндегі суды жұтып қоймаңыз;
– науқастанып тұрып шомылуға бармаңыз;
– шомылуға арналған жеке заттарыңызды алып жүріңіз (шомылу костюмі, аяқ киім, сүлгі, резеңке қалпақ);
– бассейнге барғаннан кейін ауру белгілері білінсе, жедел дәрігерге көрініңіз;
– хлор иісі шығып тұрса, суға түспегеніңіз жөн.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ