Жарқын да жасампаз істердің қайнарына айналған Ата заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толып отыр.
30 тамыз күні «Өнер» мәдениет сарайында ҚР Конституциясы күніне арналған «Ата заң – Тәуелсіздік тірегі» атты салтанатты шара өткізілді. Мерекелік көңіл-күймен «Өнер» мәдениет сарайына ағылған қауым әуелі фойеде «Жайқоңыр» халықтық ұлт-аспаптар ансамблі ойнаған күйлерді тыңдап, содан соң залға жайғасты. Іле-шала сахнаға Мемлекеттік Ту енгізіліп, әнші Мақсат Қасенов Әнұранды орындап, көпшілік орындарынан тік тұрып құрмет көрсетті.
Сахнаға көтерілген қала әкімі Аян Бейсекин ел Конституциясының мәні мен маңызы туралы сөз толғап, Ата Заң халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі екенін, заңға арқа сүйеген ел ғана жарқын болашаққа нық қадам жасай алатынын тілге тиек етіп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Содан соң марапаттауға кезек келді.
Қала әкімінің құрмет грамотасы «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС слесарь-сантехнигі Мейрам Әмірбековке, Екібастұз аумақтық сот актілерін орындау бөлімінің кеңсе инспекторы Әсел Бельгишоваға, «Шығыс» кенішінің газэлектрдәнекерлеушісі Николай Дроботовқа, Екібастұз қаласы прокуратурасының прокуроры Олжас Қарашашевқа, Екібастұз қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Сандуғаш Кенжебековаға, Екібастұз қаласы мәслихаты аппаратының іс жүргізушісі Зәмзагүл Нұрмағамбетоваға, Екібастұз қалалық сотының бас маманы Қарлығаш Усеиноваға, көмір өнеркәсібі саласының ардагері Қуаныш Хасеновке және тағы бірқатар азаматқа табыс етілді. Сонымен қатар, «Горводоканал» кәсіпорнының сорғы қондырғысының машинисі Қаншай Абылқасымова, полиция басқармасының жедел уәкілі Аспандияр Аманжол, Құлакөл ауылының медбикесі Шұға Биязбекова, ТҮКШ, АЖ және ЖК бөлімі секторының меңгерушісі Мәди Зайкен, қалалық аурухана медбикесі Ольга Зотова, «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС жол жөндеу бөлімі жұмысшысы Айгүл Кульбаева, №22 гимназия-мектебінің басшысы Гүлнәр Мұқашева және тағы басқалары қала әкімінің алғыс хатына ие болды.
Мерекеге орай салтанатты шараға жиналған қауымды Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев та құттықтап, бірқатар адамды марапаттады. Қалалық мәслихаттың Құрмет грамотасы қала әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі статисі Диана Акимоваға, «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС автокөлік учаскесінің гараж меңгерушісі Біржан Жұмағожинге, осы кәсіпорынның жол жөндеу учаскесінің аға мастері Жасұлан Сейітовке, қала әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің бас маманы Үміт Досымбаеваға тапсырылды.
Салтанатты бөлім аяқталған соң мерекелік кеш концертпен жалғасты. Жергілікті әншілер Мақсат Қасенов, Бауырбек Бектеміров, Алтынгүл Бақытхан ән шырқаған соң, кезек қонақ әншілерге тиді. «Қазақстан дауысы» тележобасының финалисі Қымбат Жамбылбек, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі Айбек Әбдіәшімұлы орындаған әндерді көрермен қауым ыстық ықыласпен қабылдап, ең соңында бәрі бірігіп әйгілі «Атамекен» әнін шырқады.
Ж.Жәлелұлы
