Өткен аптада шаһарымызға облыс әкімі Асайын Байханов ат басын бұрып, абаттандыру жұмыстары жүріп жатқан орындарды аралады.
Мәшһүр Жүсіп көшесі, 38-үй сыртын «USM Holding» ЖШС шағын көшебаққа айналдырып жатыр екен. Мұнда ұзындығы 330 метр, жалпы ауданы 830 шаршы метр тротуар төселген, қазір асфальтті тегістеу, жиектас орнату жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта шамдар орнатылып, 20 орындық, 20 қоқыс жәшігі қойылады. Жұмыстар 20 шақты күнде аяқталуға тиіс. Келісімшарт сомасы – 25 млн теңге. Бұл – қаламызда жасалған екінші шағын көшебақ, бірі бұған дейін орталық қалалық кітапхана жанынан орын тепкен.
Мұндай мәдени орындарды көбейту қажет екенін тілге тиек еткен аймақ басшысы «қоғамдық дәретханалар орнату қажет» дегенді де айтты. Асайын Қуандықұлы, сонымен қатар, Мұхтар Әуезов көшесі, 53-үй ауласындағы асфальт төсеу барысын да көрді: бұл жұмысты «Нұрал» ЖСШ атқаруда.
Журналистердің «Қаламыздағы абаттандыру жұмыстарына қандай баға бересіз?» деген сұрағына аймақ басшысы былай деп жауап берді:
– Биылғы абаттандыру маусымы әлі аяқталған жоқ, қазан айының ортасына дейін баратын болар. Соңғы жылдары шахтерлер қаласында көріктендіру бағытында атқарылған жұмыстардың ауқымын ешкім жоққа шығара алмас. Үш жылдың ішінде 278 ауланың 70-іне асфальт төселді, оның 15-і биылғы жылы орындалды. 20-дан астам көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 240 мың шаршы метрден астам асфальт жабыны жаңартылуда, жаңа демалыс орындары құрылуда. Тұтас алғанда, Екібастұз қаласының бюджеті 25 миллиард теңгеге ұлғайтылды және қаржының басым бөлігі абаттандыру саласына жұмсалды. Соңғы жиырма жыл ішінде дәл мұндай ауқымды жұмыстар орындалған емес. Кейінгі екі жыл дересінде 100-ден аса ауланы абаттандырдық, қаланың шамамен тең жартысында кварталішілік аумақтар жарықтандырылды. Енді кварталаралық аумақтарға да көңіл бөлеміз. Осы уақытқа дейін жылу жүйелерінің жай-күйі аса өзекті болып келгенін білесіздер. Дегенмен бұл салада да біраз шаруаның басы қайырылды. Атап айтсақ, 2023-2025 жылдар аралығында Мәшһүр Жүсіп, Абай, Энергетиктер көшесінде орналасқан ең басты 6 жылу магистралі толық жаңартылды. Енді №10 (М.Әуезов көшесінің Энергетиктер көшесінен Абай көшесіне дейінгі тұсы) және №11 (М.Әуезов көшесінің Абай көшесінен Мәшһүр Жүсіп көшесіне дейінгі тұсында, «УАҚ» сауда үйі маңы) жылу магистральдары қалып тұр. Дәл қазір күн тәртібінде тұрған мәселе – жолдардың сапасы. Өйткені магистарльдарды жаңарту жұмыстарынан жолдар бүлінді. Мәселен, М.Әуезов көшесінің Абайдан Беркімбаевқа дейінгі аралығы жөнделсе, Энергетиктер көшесіне дейінгі жағы нашар күйде. Әуезов, Абай, Торайғыров, Б.Момышұлы, Энергетиктер көшелері де жөндеуге сұранып тұр. 2027 жылға қарай Мәшһүр Жүсіп көшесін де жаңарту қажет болады. Қонаев көшесінен басталып, «Богатырьский» кеніші жаққа баратын жол да қанағаттанарлықсыз жағдайда, алдағы уақытта қаржы бөлуге мұқтаж тағы бір учаске – Стеладан көпір арқылы өтетін, ескі МАИ бекетіне дейінгі аралық. 2018-2021жылдар аралығында орнатылған балалар алаңшасынан қазіргі алаңшаларға қойылатып талап бөлек. Жаңадан орнатылған 50 алаңшада бетон құйылып, тартан төселген, екі жағынан жарықтандырылған, 11-12 ойын элементімен, қоқыс урналарымен қамтамасыз етілген. Алдағы 1-2 жылда кварталішілік аумақтар толық асфальтталып бітеді деп ойлаймын. Шағын көшебақтарды көбейтеміз, мәселен, «Жасыбай» спорт кешені маңында да сквер жабдықтайтын орын бар. Кәріз тартылып жатқан Солтүстік қалашықтың жолдарында да проблема жетерлік. Дегенмен, тұтастай алғанда, абаттандыру деңгейін жоғары бағалаймын. 2026-2027 жылдары бұл саладағы жұмыс түйінделуге тиіс.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА
