Биылғы Шахтер күнін «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ына қарасты «Шығыс» кеніші (бас директоры – Юрий Личман) «Самғау» балалар шығармашылығы орталығының мәжіліс залында дүркіретіп атап өтті. Атап өтерлігі, кәсіби мереке қала деңгейінде ұйымдастырылыпты.
Орталық ауласының сол қапталына тізілген төрт кроссовер көлікке қызықпаған жан жоқ шығар. Бәрінің көкейінде «Кімнің бағы жанғалы тұр екен?» деген сұрақтың туғаны анық. Кіреберістің де, сахнаның да сәні келісіп, Естай атындағы балалар музыка мектебінің үрмелі аспаптар оркестрі ойнаған әуен қонақтар үшін көңілашар ахуал қалыптастырды.
Алдымен сахнаға астаналық бишілер шығып, тақырыппен үндескен «отты биді» биледі. Бұл көрініс көз алдымызда қап-қара шаң арасында жүріп әлемге жарық сыйлаған еңбек адамдарын әкелді.
Шараның қадірменді мейманы – облыс әкімі Асайын Байханов кеншілерді кәсіби мерекемен құттықтап, марапаттар табыстады.
Мемлекеттік награда – «Құрмет» орденін «Шығыс» кенішінің экскаватор машинисі Ерсайын Сейфуллин тақты. «Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері Ерсайын Ғинаятұлына берілген орденді жұртшылық Жұмысшы жылына лайықты марапат деп қошеметпен қабылдады. Дәл осы марапатпен «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметіне келгеніне бір жыл толып үлгермеген Қайрат Рғайбек пен оның өндіріс жөніндегі орынбасары Сергей Усик марапатталды.
Марапаттар керуенін Мемлекет басшысының қолы қойылған «Ерен еңбегі үшін» медалінің жаңа иегерлері жалғады, олардың қатарында «Шығыс» кеніші химиялық су тазарту аппаратшысы Альфира Гайнулловна Айтимова да бар.
Құрамына Еуразиялық энергетикалық корпорация кіретін Еуразиялық Топтың әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компания екенін қалың жұрт жақсы біледі. Қаламызда әр жылдары кеніш жұмысшыларына көппәтерлі үйлерден арнайы бағдарламамен пәтерлер берілуі – сөзімізге айғақ.
Кеніштің 40 жылдық мерейтойында да сүйіншілеуге лайық тосынсый аз болған жоқ. Мәселен, технологиялық кешен учаскесінің конвейер операторы Камал Қайырболатұлы Алшым-
баев облыс әкімінің қолынан арнайы бағдарлама аясында ұсынылған екі бөлмелі пәтердің кілтін алды.
«Шығыс» кенішінің қызметкерлерінен құралған «Шығыс» вокалдық тобы шахталы шаһар тұрғындарына бұрыннан танымал. Топтың жан сергіткен әнінен соң кеш жүргізушілері көпшілікті «Шығыс» кенішіндегі өндірістік жаңалықтар жөнінен хабардар етті:
Қырық жылдық тарихы бар «Шығыс» кеніші – үздіксіз даму мен жаңарудың жарқын үлгісі. Осы мақсатта 1996 жылғы 1 қазан күні «Шығыс» кеніші «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ еншілес кәсіпорны ERG құрамына енген болатын. Ал 2023 жылы Еуразиялық Топта ERG Way Plus трансформациялау бағдарламасы іске қосылды. Оның шеңберінде міндеттері мен өндіретін өнімі ұқсас активтер біріге бастады. Осылайша, құрамына ірі кәсіпорындар – «Шұбаркөл Көмір» мен «Шығыс» кеніші кіретін ERG көмір дивизионы құрылды.
Әріптестеріне ыстық лебізін арнау үшін сахнаға шыққан «Еуразиялық Топ» ЖШС бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары Данияр Рахматуллаев еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік маманы Ерқан Көкешұлы Сәрсембаевқа «ERG-ке айнымастығы үшін» белгісін тақты. 2-ші өндіру учаскесінің конвейер машинисі Сергей Владимирович Брославскийге «ERG-дегі қажырлы еңбегі үшін» белгісі табысталды. №1 тау-кен учаскесінің экскаватор машинисі Рашит Шайхулисламұлы Фахреев «Өндіріс саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, жылумен қамту және желілер учаскесінің бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика жөніндегі слесарі Рамиля Галимовна Аминева ERG алғыс хатымен марапатталды. Тиімділігі дәлелденген және өнертабыс патенті бар жаңашыл жобалар мен тың идеялар ұсынған қызметкерлерге табысталатын «ERG новаторы» мадақтамасына технологиялық процестерді басқару жүйелерін автоматтандыру учаскесінің инженер-бағдарламашысы Даниял Жұмагелдинұлы Шорманов лайықты деп танылыпты.
«Шығыс» кенішінің жұмысшыларына арналған марапаттар мұнымен де бітпей, кеніштің технологиялық кешені учаскесінің экскаватор машинисі Алексей Тимофеевич Пронякин «Үздік тәлімгер» дипломына ие болды.
Шахтер күнін, әлбетте, кәсіби марапат – «Шахтер даңқы» белгісінсіз елестету мүмкін емес. Кенші атаулы арман еткен бұл награда – I дәрежелі «Шахтер даңқы» «Фестивальная» жылжымалы құрам депосының кран машинисі Қуаныш Мағзұмұлы Жақсылықовтың, ІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» конвейер таспасын жөндеу учас-
кесінің электр слесарі Нұрлан Васильевич Ералимовтың, ІІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» №1 өндіру учаскесінің экскаватор машинисі көмекшісі Рәшит Жұмажанұлы Сушиннің, энергоцех басшысы Евгений Рафаильевич Койчинның, технологиялық кешен учаскесінің конвейер машинисі Қуаныш Дүйсемсембайұлы Қуантаевтың, №2 кен өндіру жұмыстары учаскесінің конвейер машинисі Сағидолла Қонайұлы Доскеевтің, электрслесарь Қуат Толеуғалиұлы Ильязовтің омырауында жарқырады.
Бұдан басқа да ведомстволық және салалық марапаттар – І, ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы», «Кенші даңқы», «Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері», «Шахтер даңқы» белгілері мен компанияның «ЕЭК еңбек ардагері» марапатына ие болған жұмысшыларда сан жоқ десе де болады. Сондай-ақ, технологиялық көлік колоннасының автокөлік жүргізушісі Жұмағали Рашидұлы Мағашов «Еңбек сіңірген қызметкер» атанса, жөндеу-механикалық учаскесінің фрезерлеушісі Виталий Александрович Тимошенко «Кәсібінің үздігі» атанды.
Кештің жұрттың демін ішіне тартқызған ең қызықты тұсы автокөлік кілттерін табыстау мезеті болды. Көлік иелері ұзақ жылдар еңбек еткен жұмысшылар арасынан кездейсоқ таңдау әдісімен анықталыпты. Сонымен, темір тұлпар кілттері «Шығыс» кенішінің үйінді қалыптастыру машинасының машинистері Жылыбек Мұхаметқалиұлы Ақтамбердинов пен Төлеген Ғабдулұлы Нұғымановтың, технологиялық көлік колоннасының көлік жүргізушісі Рашид Табрисович Таировтың, сервистік қызмет цехының электргазбен дәнекерлеушісі Геннадий Николаевич Феницкийдің қолына тиді.
Атап өтерлік жайт, 40 жылдық мерейтойын осылайша атап өткен «Шығыс» кеніші – заманауи технологияларды жетік игеріп, өндіріске роботтандырылған ауыр жүк көліктерін енгізген ірі өндіріс ошағы. Қазақстанда алғаш рет осы кеніште аршылған тау-кен жыныстары адамның қатысуынсыз тасымалданып жатыр. Биыл ел көлемінде тұңғыш рет бес жаңа Komatsu HD-1500 автосамосвалы қатарға қосылды.
– Циклді-ағынды аршу кешені – біздің айбарымыз! Ол тәулігіне 61 мың м³ астам кен қазып, рекорд орнатты. Ал сыртқы аршылым көлемі – 115 мың м³-қа жуықтады! Бұл – тамаша көрсеткіштер. Осы сандардың артында сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен қайрат-жігерлеріңіз тұр. Осы орайда теміржол цехының ұжымына айрықша алғыс айтамыз. Олар жылдар бойы логистиканың да, аршылым жұмысының да тірегі болды. Бүгінде біз жаңа кезеңге өтсек те, осы тарихты жазған жандардың еңбегін ешқашан ұмытпаймыз. Бүгінде сыртқы аршылым көлемі 750 миллион м³-ден асты. Бұл межеге біз мерейтой қарсаңында жеттік. Бұл – жай сәйкестік емес, бұл – біздің қағидамыз: нәтижеге жұмыс істеу және үнемі алда болу! – деп мақтанышпен атап өтті «Шығыс» кенішінің бас директоры Юрий Личман.
Атап өтерлік жайт, «Шығыстың» 40 жылдығы ерекше салтанатпен тойланған «Самғау» орталығы да ERG компаниясының Екібастұз қаласына жасаған тартуы.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА

