«Екібастұз Павлодар аймағында ғана емес, ел көлеміндегі инвестициялық тартымдылығы жоғары өңір боп табылады. Соңғы үш жылда шаһар экономикасына 883,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Осыдан-ақ инвесторлардың қаламызға қызығушылығы жоғары екенін білуге болады», – деп атап өтті жақында өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында қала басшысы Аян Бейсекин. Әкім сөзінің жаны бар. Қазіргі таңда Екібастұзда жалпы құны 6 трлн теңгеден асатын 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар толықтай іске қосылғанда, кем дегенде 8 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Инвесторлардың қатысуымен өткен отырыста алдымен биыл құрылысы аяқталуы тиіс 4 жоба талқыланды. Алғашқысы – «Алиот-Сервис» ЖШС-нің жобасы. Серіктестік жаңа механикалық өңдеу учаскесінің құрылысын аяқтаған. Заманауи құрылғылар мен құрал-жабдықтар түгел орнатылып үлгерген екен. Теміржол кластеріне қажет тауарларды механикалық өңдеумен айналысатын кәсіпорын қазір жаңа учаскеге жұмысшыларды іріктеп, оқытуды бастаған.
Бұдан өзге үш жобаның құрылысы да мәреге жақын, олар пайдалануға берілер алдындағы маңызды құжаттарын әзірлеуге кіріскен. Атап айтсақ, «EkibastuzFerroAlloys», «Корн Агро» ЖШС, «KazferroLimited» ЖК.
«EkibastuzFerroAlloys» кәсіпорны мен «KazferroLimited» ЖК-нің жобалары іске асса, Екібастұз жылына 240 мың тонна ферросилиций мен микросилика шығарар қауқарға ие болмақ. Өндірілмек өнім түрлері келешекте ТМД мен Еуропа, Шығыс Азия елдеріне экспортталады екен. Ферросилиций – болат, шойын, ферроқорытпа өндірісінде кеңінен қолданылатын әрі әлемдік нарықта сұранысқа ие өнім түрі. Сондықтан жоба өзін толыққанды ақтап, экономикаға елеулі үлес қосады деп күтіліп отыр. Зауыт айналасында шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасалады.
Картоп өсірумен танылған «Корн Агро» ЖШС-нің биыл аяқталмақ жобасы – ангар типтес көкөніс сақтау қоймасы. Қоймада 12,8 мың тонна көкөніс сақталады деп жоспарланған. Демек, өңір жұртшылығы алдағы қыста көкөніс тапшылығын сезінбеуі тиіс. Әрине, егер кәсіпорын экспортпен қатар жергілікті жердің сұранысын ойласа…
Бұған қоса «Mineral Product International», «Fonet Er-Tai Mining», «Rail cast Systems» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің инвестициялық жобалары жайлы да сөз болды. Олардың құрылысы келер жылы тапсырылады. Қазіргі таңда инфрақұрылым мәселесімен айналысып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алу және орнатуды бастаған екен.
Өңірге тиесілі тағы он инвестициялық жоба 2027-2032 жылдар аралығында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Отырыста Екібастұз аумағында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясын (ЖЭС) салу жобасы қарастырылды. Аталған жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ мен China Power International Holding (CPIH) компаниясы бірлесіп жүзеге асырмақ. Бұл жайлы былтыр Үкіметаралық келісім аясында Қытай Халық Республикасымен жасалған жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру жөніндегі келіссөздерде уәделескен екен. Жоба жаңартылатын генерация көлемін ұлғайту есебінен еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтады, сондай-ақ, көміртегінің ауаны ластауын азайту және «жасыл» экономикаға көшуді көздейді.
Инвестициялық штаб отырысын қорытындылай келе, әкімдіктің тиісті бөлімдеріне кадрлық қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, жер учаскелерін ресімдеу, өндірістік нысандарды пайдалануға енгізу, сондай-ақ, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мәселелері жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Инвесторлар да жергілікті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыратын ұсыныстарын жеткізді. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген. Талқыланған мәселелер айтылған тәртіппен жүзеге асса, құп…
А.ЗАЙЫРГЕЛДІ