Оқушыларды мектепке жеткізуді ұйымдастыру кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Балаларды тасымалдау кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жаңа оқу жылы қарсаңында Екібастұз қаласы полиция басқармасының тәртіп сақшылары мектеп автобустарының жай-күйін тексерді. Барлығы 6 мектеп автобусы тексерілді.
Инспекторлар көлік құралдарының техникалық жағдайын, техникалық байқаудан өткені туралы мәліметтерді, өрт сөндіргіштің, алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасының, апаттық тоқтау белгісінің бар-жоғын тексерді. Полиция қызметкерлері жүргізушілерге ерекше назар аударып, тиісті санаттардың болуы тексерді.
– Балаларды тасымалдайтын көлік құралдарының техникалық жағдайы мен талаптарға сәйкестігі қатаң бақылауға алынады. Мектеп автобустарында міндетті түрде «Балаларды тасымалдау» белгісі болуы қажет. Осы жолы тексеру кезінде ешқандай бұзушылықтар анықталған жоқ, – деп хабарлады Екібастұз қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Нұрғазы Жамшитов.
Өз тілшіміз