27 тамыз күні «Қазақстан» алаңында ерекше форматтағы «Taza Orta» жәрмеңкесі өтті. Мұнда тұрғындар тұрмыста қажетсіз заттарын жаңа дүниелерге немесе басқа қатысушылардың бұйымдарына айырбастауға мүмкіндік алды. Көпшілік қолданыстан шыққан заттарын әкеліп, бір-біріне пайдасын тигізді.
– Жастарға табиғатты қорғаудың тек сенбілікпен ғана шектелмейтінін, әр затты ұқыпты пайдаланып, қайта қолдануға болатынын көрсету – біздің басты міндетіміз, – дейді шара ұйымдастырушысы Ділназ Серікова.
Жәрмеңке барысында басқа да қызықты бастамалар ұсынылды. «Taza Alem» акциясы аясында қатысушылар табиғатты қорғау жөніндегі өз идеяларын бөлісіп, жаңа жобалардың негізін қалады. Сонымен бірге, «Taza City» экологиялық инсталляциялары көпшіліктің назарын аударды. Қайта өңделген тұрмыстық заттардан жасалған ерекше туындылар табиғатқа қамқорлық пен шығармашылықты қатар паш етті. Ал «Taza Game» экологиялық ойындары жастардың қызығушылығын арттырып, оларды танымдық әрі көңілді белсенділікке тартты.
Шараның ерекше сәттерінің бірі балаларға арналған бастама болды. Әрбір бес пластикалық бөтелкені тапсырған қатысушы тегін балмұздаққа ие болды. Кішкентайлар қолына жинаған бос бөтелкесін әкеліп, қуана-қуана балмұздаққа айырбастады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл қарапайым әрі көңілді тәсіл–балаларды табиғатты аялауға баулып, экологиялық әдетке тәрбиелеудің тамаша жолы.
Шара соңында мектеп оқушылары викторинаға қатысып, флешмоб биін биледі. Жастардың бастамасымен ұйымдастырылған мұндай жобалар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға зор үлес қосуда. Әрбір үлкен іс-шарадан кейін волонтёрлер тазалық жұмыстарын жүргізіп, табиғатты қорғаудың нақты үлгісін көрсетіп келеді.
Ділназ Серікбай





