Екібастұз қаласында экологиялық қозғалыс ерекше қарқын алып келеді. Қала жастарының бастамасымен қолға алынған тың жобалар қоршаған ортаны қорғауды жаңа өмір салтына айналдырып үлгерді.
Бұл бағыттағы игі істерге Жастар бастамаларын дамыту орталығы, білім, мәдениет және ішкі саясат бөлімдері, сондай-ақ, «Қайнар» білім беру кешені ұйытқы болып отыр. Соңғы бір жылдың ішінде 28-ден астам экологиялық іс-шара өтіп, тұрғындарға жақсы таныс эко-квесттер, подкасттар, ерекше инсталляциялар мен қайырымдылық сенбіліктері дәстүрлі сипатқа ие болды.
Жастардың белсенділігін айқындаған жобалардың бірі– 26 тамызда өткен «Eco-sana» квест ойыны. Оған мектеп оқушылары, колледж студенттері және жастар клубтарының мүшелерінен құралған 8 команда қатысты. Қатысушылар бес станциядан өтіп, ауаны, суды ластамау, табиғатты қорғау тақырыптарында түрлі тапсырмалар орындады. Айта кетерлігі, олардың бірқатарын жастардың өздері ойлап тапқан. Нәтижесінде I орынды «Жаңа жастар» еріктілер командасы, II орынды №24 мектептің «7А» тобы, ал III орынды «Жасыл ел» иеленді. Жеңімпаздарға көлікке арналған шаңсорғыш пен киноға арналған проектор сыйға тартылды. Басқа қатысушылар да түрлі номинацияларда марапатталды.
Экологиялық қозғалыс тек ойындармен шектелмейді. Қазірдің өзінде «Жасыл ел» жасағына 120-дан астам жас тартылған. Олардың қатарында ауылдық округтер жастары да, қала волонтёрлері де бар. Олар сенбіліктер ұйымдастырып, қайырымдылық шараларына белсенді қатысуда. Сонымен бірге, еріктілер «Вандализмге қарсы күресті өзіңнен баста» атты акция өткізіп, орталық көшелердегі ортақ мүліктің тазалығына назар аударды. Жастар қоғамға вандализмнің теріс қылық екенін түсіндіріп, қоғамдық орындарды қорғауға шақырды.

