Еліміздің экономикалық қуаты мен энергетикалық тәуелсіздігінің берік тірегіне айналған көмір өндірісі – Екібастұз қаласының басты мақтанышы. Биылғы Кеншілер күні де қаламызда айрықша сән-салтанатпен өтіп, еңбек пен өнердің тоғысын айшықтаған мерекелік шаралармен есте қалды.
23 тамыз күні қала әкімі Аян Бейсекин, қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев, халық қалаулылары, көмір өнеркәсібінің ардагерлері мен қала тұрғындары Қосым Пішенбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл тағылымды рәсім көмір кен орнын алғаш ашқан ардақты азаматтың рухына тағзым етіп, кеншілер еңбегіне деген шынайы құрметті білдірген игі дәстүрдің жалғасы болды.
Кешкісін «Өнер» мәдениет сарайы алаңында өткен мерекелік думанға жиырма мыңнан астам тұрғын мен қонақ жиналды. Бұл кеш кеншілердің маңдай терін, қажырлы еңбегін ұлықтаған үлкен мерекеге айналды. Алғашқы болып сахнаға жергілікті өнерпаздар шығып, ән мен биді тоғыстырған әсерлі бағдарламасын ұсынды. Алтынгүл Бақытхан мен Бауырбек Бектеміровтің орындауындағы жүрекке жақын әндер, «Нәзік», «Очарование», «Джуманджи» ансамбльдерінің көркем би өрнектері көрерменді шаттыққа бөледі. Сондай-ақ «Богатырь Көмір» мен «Шығыс» кенішінің өнерпаздары да сахнаға шығып, өз өнерлерін тарту етті.
Салтанатты жиында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов кеншілерді кәсіби мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді:
– Екібастұз – қайсар да батыр қала. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, еңбек адамы әрқашан құрметке лайық. Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы – маңдай терін төгіп, ел дамуына үлес қосып жүрген еңбек майталмандарына деген зор құрметтің айғағы. Қазір облыстың көмір саласында 10 мыңнан астам жерлесіміз еңбек етеді. Бұл – мыңдаған отбасының нәпақасы мен болашағы, – деді аймақ басшысы.
Кеншілердің еңбегі ел алдында лайықты бағасын алды. Облыс әкімі «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін сала ардагерлері Ермұхан Омаровқа, Қанлыбай Үмбетәлиевке және Юрий Галимовқа табыс етті.
Сонымен қатар, көмір саласының үздік қызметкерлері құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында «Шығыс» кенішінің автомобиль жүргізушісі Оразғали Бабаев, жол монтері Абылай Бақтеміров, «Богатырь Көмір» ЖШС дефектоскоп арбасының операторы Алмас Берденгоров, экскаватор машинисі Нұрғали Галямов, «Бас Карьер» ЖШС автокөлік жүргізушісі Қуандық Дауытов бар. Сондай-ақ, «Ангренсор Энерго» ЖШС-нің жүк қабылдап-тапсырушысы Гүлнар Досжанова, автогрейдер машинисі Владимир Колосов, жол жөндеуші Болат Мусин, бас бухгалтердің орынбасары Елена Терешкова және «Шығыс» кенішінің ілмектеушісі Бауыржан Уақпаев та құрметке ие болды.
Ал алғыс хатпен «Богатырь Көмір» ЖШС есептеу машиналары операторы Жанна Исмағанбетова, «Ангренсор Энерго» ЖШС бухгалтері Олеся Капони, «Шығыс» кенішінің әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Рустамжан Мамаджанов, лаборант Наталья Никулина және электромеханик Владислав Храмцов марапатталды.
Мерекелік концерттің жалғасында отандық эстрада орындаушылары өнер көрсетті. Ұланғасыр Қами, Диана Исмайл және Мирас Жүгінісов үздік әндерін орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Тыңдармандар сүйікті әртістерімен бірге ән шырқап, алаңда ерекше атмосфера орнады. Арнайы қонақ ретінде келген қырғызстандық әнші Bakr да көрерменді әуезді әндерімен баурап алды.
Кештің шырайын кіргізген басты қонақ – канадалық әйгілі әнші K-Maro болды. Әлемдік сахнаның жұлдызы Екібастұз төрінде өз репертуарындағы кең танымал хит әндерін орындап, жастарды да, үлкендерді де бір толқытты. Мыңдаған көрермен әншімен бірге қосылып, бүкіл алаң бір ырғақта тербелді. Қуаныш пен шаттыққа толы мерекелік кеш отшашумен түйінделді.
Ділназ Серікбай

