1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Конституциясы бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданып, еліміздің құқықтық жүйесінің іргетасы қаланды. Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастыратын басты құжат. Онда Қазақстан Республикасының ең басты құндылығы адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені айқын жазылған.
Мемлекеттегі заң үстемдігі мен азаматтардың құқықтарының қорғалуы – сот жүйесінің тиімділігіне тікелей байланысты. Осы ретте, Екібастұз қалалық сотының судьясы Әсел Владимирқызы Тазбулатовамен жүргізілген сұхбатта соттың жұмысы, судьялардың міндеті, халықтың құқықтық сауаттылығы және сот жүйесіндегі заманауи өзгерістер туралы сөз қозғалды.
Әсел Тазбулатова – Қазақстанның батыс өңірінде дүниеге келіп, сот төрелігі академиясында білім алған тәжірибелі заңгер. Сот жүйесінде жиырма жылға жуық еңбек етіп, Жоғарғы Сотта да тәжірибе жинаған. Соңғы алты жылда Екібастұз қалалық сотында қызмет етіп келеді. Қалалық соттағы жұмысын азаматтық істерден бастап, кейінгі жылдары қылмыстық істерге төрелік айтуда.
– Судья істерді қарау барысында ең алдымен Конституцияға сүйенеді. Өзге заң нормалары да ескерілгенімен, олар Ата заңға қайшы келмеуі тиіс, – дейді ол.
Екібастұз қалалық сотында жыл сайынғы істердің көлемі ауқымды. Биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде 5000-нан астам іс қаралып, оның 3500-ден астамы – азаматтық, 1400-і – әкімшілік құқық бұзушылық, ал 140-қа жуық іс қылмыстық істер санатына жатқызылды. Судьялар әр салада жүздеген істі қарап, әділ шешім шығаруға тырысады.
«Судья эмоцияға ерік бермей, әрдайым ұстамдылық танытуы тиіс. Әділдік – басты ұстанымымыз», – деген Әсел Владимирқызы өзінің әуелгі төрелігі жайлы айтты.
– Қасақана ауыр қылмыс жасаған жігіттің тағдыры шешіліп жатқан. Үкімді жариялағанда байғұс ана қатты жылады. Әрине, баласын жамандыққа қалай қисын. Жап-жас жігіттің осындай жолды таңдағанына менің де жүрегім ауырды. Бірақ қылмыс істегендер жауап беруі керек. Әркім қолымен істегенін мойнымен көтереді. Судья ретінде мен осы принципті ұстанамын, – деді ол.
Цифрландыру дәуірінде сот жүйесінде де көптеген оң өзгерістер орын алуда. Азаматтар талап-арыздарын электронды түрде беріп, сот процестеріне онлайн қатыса алады. Бұл өз кезегінде технологияны меңгерген халықтың құқықтық сауаттылығының артқанын көрсетеді.
– Азаматтардың конституциялық сауаты арта түскені сөзсіз. Олар өз құқықтарын жақсы біледі. Тараптар заң нормаларымен, тіпті, оған қатысты жауапкершілікпен де таныс. Өйткені оның бәрін жазып, айтып келеміз. Сот отырысына тыңдаушы ретінде қатысушылар саны артты. Қылмыстық істерді тікелей эфирден көрсету де кеңінен қолданыла бастады. Осының бәрі заң бұзушылықтардың алдын алуға үлкен үлес қосады, – дейді судья.
Сот ашықтығы мен жариялылығы – маңызды қағида. Дегенмен кейбір істердің жабық түрде өтуі заңмен белгіленген. Мысалы, кәмелетке толмағандарға қатысты, жыныстық сипаттағы немесе мемлекеттік құпияға қатысы бар істер жабық түрде өтеді. Мұндай отырыстарда фото, бейне түсірілімге және ақпарат таратуға тыйым салынады.
Айта кететін жай, сотталушы немесе жәбірленуші судьяның жақын туысы болса, судья өз еркімен істен бас тартуы тиіс. Мұндай жағдай оның әділ шешім шығаруына кедергі келтіруі мүмкін. Судьядан тараптар да бас тарта алады. Бұл туралы ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 87-бабында, яғни, судьяға қарсылық білдіру бабында көрсетілген.
Судьяның басты міндеті – заңға сүйеніп, әділ әрі негізді үкім шығару. Әділеттілік басты қағида болып саналады. Қылмыстық істер бойынша шығарылған үкімдерде сотталушы қандай қылмыс үшін, қандай дәлелдер негізінде және неге дәл осы жаза тағайындалғанын толық түсінуі тиіс.
– Қандай күрделі іс болса да, оның шешімі бар. Тараптардың ешқайсысына артықшылық берілмейді. Мен үкім шығарғанда заңдылық, негізділік және әділдік қағидаларын басшылыққа аламын, – деп атап өтті Әсел Тазбулатова.
Сот жүйесіне деген сенімді нығайту – әр судьяның азаматтық әрі кәсіби борышы. Бұл сенім тек әділетті үкім мен ашықтық арқылы қалыптасады. Судьялардың қоғам алдындағы жауапкершілігі – елдің құқықтық мәдениетінің дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ