20 тамыз күні Павлодар қаласындағы «Шахмат үйінде» Спорт күніне орай мерекелік іс-шара болып өтті. Аталмыш іс-шарада спорт саласының ардагері Құмар Дүйсенбеков ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Төсбелгіні Құмар Мәжитұлына Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашев табыс етті.
–Көп жылғы еңбегімнің осылайша еленгеніне ризамын. Аталмыш марапатқа ұсынған Екібастұз қаласы әкімінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшылығы екенін айта кетуді жөн көріп отырмын, — дейді Құмар Мәжитұлы әңгімесінде.
Құмар Дүйсенбековтің педагогикалық өтілі 33 жылды құрап отыр. 1984 жылы Павлодар педагогикалық институтын «Денешынықтыру тәрбиесі» мамандығы бойынша бітірген ол мектепте денешынықтыру пәні мұғалімі болып еңбек етіп, 2005 жылы №3 БЖСМ директоры болып тағайындалды. Ширек ғасыр ішінде Құмар Мәжитұлының басшылығымен спорт мектебі қомақты табыстарға қол жеткізіп, 1 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 9 спорт шеберін, 160 спорт шеберлігіне үміткер спортшыны тәрбиелеп шығарды. №3 БЖСМ-нің жас спортшылары еліміздің жасөспірімдер, жастар құрама командалары сапында өнер көрсетіп, көптеген жетістіктерге жетті. Ал боксшылар Аятулла Тәкежанов, Қуан Қуатов, Бахтияр Смағұлов, велоспорт шебері Рината Сұлтанова – ұлттық құрама мүшелері. Сонымен қатар, №3 БЖСМ қала мен ауылдық аймақта ұлттық спорт түрлерін дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың жемісті болуына да Құмар Мәжитұлы ерекше еңбек сіңіргенін айта кету ләзім.
Зейнет жасына жетуіне байланысты биылғы жылы №3 БЖСМ директоры қызметінен босаған Құмар Дүйсенбаев спорт саласына адалдығын танытып, өзі бауыр басқан спорт мектебінде еңбек етіп, бай тәжірибесін бөлісіп жүр.
Ж.Бұланбай