Әйгілі журналист-жазушы Сейдахмет Бердіқұлов өз заманында «Арбаған мені бір сиқыр» деп спорттың миллиондаған адамның жүрегін жаулап алатын құдіреті бар екенін дөп тауып айтқан ғой. Әлемнің атақты спортшыларын кумир еткен мыңдаған бала жыл сайын спорт секцияларының табалдырыған аттап, жылдар өте келе солардың арасынан дара суырылып шыққандары Олимп шыңын бағындырып, әлем және құрлық чемпионаттарында еліміздің көк байрағын желбіретіп, бізді шаттандырады. Сол себепті де спортшыларға деген құрмет ерекше. 20 тамыз күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында Спорт күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Төл мерекесінде бас қосқан спорт ардагерлері мен спортшыларды, осы сала қызметкерлерін құттықтаған қала әкімі Аян Бейсекин өз сөзінде елімізде, соның ішінде Екібастұз өңірінде спортты дамыту мақсатында жасалып жатқан игі істерді тиек етті. Екібастұз қаласында 50 мыңдай адам дене шынықтырумен шұғылданса, 6 мың бала түрлі спорттық секцияларда жаттығып, шеберлігін шыңдап жүр.
Дене шынықтыру мен спорт – ұлт саулығының кепілі. Осы орайда бір жыл ішінде қала мен ауылдық аймақта 800-ге жуық жарыс ұйымдастырылып, сол турнирлерге 20 мыңдай адам қатысқан екен. Жылдан-жылға спорттық инфрақұрылым дамып, шаһар көркіне көрік қосып, жеткіншектердің сүйікті орындарына айналуда. Қаламызда стритбол, воркаут алаңдары жасалып, Бәйет пен Қоянды ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр.
Қала басшысы құттықтау сөзінде спортта керемет жетістіктерге жеткен жерлестеріміздің есімдерін ілтипатпен атап өтіп, марапаттау рәсіміне көшті.
Қала әкімінің Құрмет грамотасы әйелдер күресінен халықаралық турнирдің жүлдегері Арина Абдуллинаға, спорт-
тық акробатикадан халықаралық жарыстың күміс жүлдегері Назар Воротелякқа, гір спортынан әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Алуа Гайнутдиноваға, армрестлингші Тахир Ильясовқа, №1 БЖСМ-нің тоғызқұмалақтан жаттықтырушысы Ардақ Қанапашевқа, самбошы Айнұр Мүкарамға, «Жасыбай» спорт мектебінің дзюдодан бапкері Нұрболат Өтенбергеновке, қазақ күресі палуаны Теміртас Файзоллаға және тағы басқа спортшыларға табыс етілді.
Таеквондошы Сабина Абдрасова, джиу-джутсу шебері Макар Ильюшенков, ММА шебері Әлішер Ақбақытов, боксшы Жазира Амантай және т.б. қала әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Жас спортшылардың шеберліктерін шыңдауда спорт мектептері бапкерлері мен қызметкерлерінің еңбектері ерен емес пе. Салтанатты іс-шарада «Жасыбай» спорт мектебі ұжымы – «Дода дарабоздары», №1 БЖСМ – «Елеулі жетістіктері мен спортқа қосқан үлесі үшін», №3 БЖСМ «Ұлттық спорттың жанашыры» номинацияларында марапатталып, сый-сияпат алды.
Іс-шара соңында Алмас Мұқатай «Отан», «Атамекен» әндерін шырқап, жиналған қауымның патриоттық сезімдерін лаулатты.
Ж.Сәдуақас
