Еліміздің тыныштығы мен стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін сақтау – мемлекет үшін басты міндет. Әскери қызметкерлердің дайындығы, кез келген төтенше жағдайда жедел әрекет ету қабілеті осы жауапты іске тікелей байланысты. Осы мақсатта Екібастұз қаласында ірі әскери іс-шара – тактикалық оқу-жаттығулар ұйымдастырылды.
Әскери қызметкерлердің айтуынша, бұл жолғы жаттығу ерекше сценарий негізінде өткен. Шартты түрде шекараны бұзып өткен 15 адамнан тұратын қарсылас топ Екібастұздағы маңызды стратегиялық нысан – МАЭС-1 электр станциясына лаңкестік шабуыл жасауды жоспарлайды. Алайда оқу-жаттығу барысында әскери бөлім сарбаздары мен офицерлері, сондай-ақ, запастағы әскери қызметшілер бірлесе әрекет етіп, қарсыласты дер кезінде тоқтатқан. Нәтижесінде нысан қорғалып, шартты террористер қолға түсті.
Жаттығуға Павлодар гарнизонының офицерлері мен мерзімді әскери қызметшілері, сондай-ақ, Екібастұзда тұратын запастағы сарбаздар тартылды. Бұл олардың әскери тәжірибесін шыңдап, дағдыларын жетілдіруге үлкен мүмкіндік берді.
№99225 әскери бөлімнің күзет ротасының командирі, аға лейтенант Серікболсын Жасқайрат оқу-жаттығудың мән-маңызына тоқталды:
— Жаттығудың басты мақсаты стратегиялық нысандарды қорғау, төтенше жағдайда іс-қимылдарды үйлестіру және әскери құрамалардың дайындық деңгейін арттыру болды. Бүгінгі оқу-жаттығу біз үшін тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік берді. Әсіресе, ату дайындығы мен практикалық тұрғыдан айтарлықтай пайдасын тигізді, – деді ол.
Тактикалық оқу-жаттығулардың қорытындысы 21 тамыз күні Естай атындағы балалар музыка мектебінде өткен салтанатты жиында шығарылды. Жиын Мемлекеттік Әнұранмен ашылып, арнайы бейнеролик көрсетілді. Кейін сахнаға шыққан қонақтар сарбаздарды құттықтап, олардың ел қауіпсіздігін қорғауға әрқашан дайын болуы тыныштық пен бейбіт өмірдің кепілі екенін атап өтті.
Жиында әскери жаттығуларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлес қосқан азаматтар марапатталды. Олардың қатарында Екібастұз қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары, полковник Валентин Бримжанов, әскери тілші әрі мобилограф Ділназ Қасымова, облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының басшысы Жанна Рахымберлина бар.
Сонымен бірге әскери міндетін абыроймен орындап, жауынгерлік дайындық, әскери тәртіп пен кәсіби шеберлік танытқан сарбаздар да назардан тыс қалған жоқ. Олардың қатарында қатардағы Антон Пантов, Әсет Қалиев және Анатолий Шайтор арнайы грамотамен марапатталды.
Салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасты. Қаламыздың өнерпазы Сәуле Бердіғалиқызы «Қазақ елі» мен «Бұлқынды жүрек» әндерін орындап, көрерменнің ықыласына бөленді. «Өнер» қалалық мәдениет сарайының «Нұр-шашу» және «Нәзік» би ансамбльдері әсерлі билерін тарту етті. Ал Бауырбек Бектеміров шырқаған «Атамекен» әні кештің шарықтау сәтіне айналды.
Осылайша, Екібастұзда өткен әскери оқу-жаттығулар әскерилердің кәсіби шеберлігін көрсетіп, қала тұрғындарына ел тыныштығын қорғау ісінің қаншалықты маңызды екенін айқын сезіндірді. Бұл шара бір жағынан Ұлы Жеңістің 80 жылдығына тағзым болса, екінші жағынан бүгінгі сарбаздардың Отан алдындағы жауапкершілігін, әскери дайындығын көрсетті.
Ділназ Серікбай
