Мемлекеттер арасында соғыс оты тұтанған алмағайып заманда ел шекарасының мығым болуы маңызды. Осы ретте, ҰҚК-нің Шекара қызметі қауіпсіздік жүйесін арттыруға баса мән беруде.
ҰҚК-нің оқу-жаттығу кавалериялық қызметі қызметтік жылқы өсірумен айналысқанымен, жылқының төлдеу көрсеткішінің төмендігі мен туған құлындардың жұмысқа жарамды бола бермеуі қызмет кезінде қиындықтар туғызады.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жетісу облысы бойынша шекара қызметі департаменті Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Текелі» оқу-жаттығу кавалериялық тобына салт ат жасағын жасақтауға аттар қажет екенін естіген жерлесіміз – екібастұздық кәсіпкер Серік Сәдуақасов көмек көрсетуді ұйғарып, 50 қылқұйрықтыны шекара қызметіне табыс етті.
Шекара қызметінің басшылығы бұған дейін мыңдаған жылқысы бар ірі кәсіпкерлерге өтініш жасағанымен, еш қолдау болмаған көрінеді. Бұл ретте, екібастұздық бизнесменнің шарапатты ісі көпке үлгі боларлық.
Ж.АЙТЫШ