22 тамыз күні Екібастұз қаласындағы «Өнер» мәдениет сарайында дәстүрлі тамыз мәслихаты өтті. «Білім келешегі: адал азамат – кәсіби маман» тақырыбында өткен жиынға қала әкімі Аян Бейсекин, педагогтар, ардагер ұстаздар және білім саласының қызметкерлері қатысты.
Шара ауқымды көрмеден басталды. Онда балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларының тың жобалары көпшілік назарына ұсынылды. Қатысушылар заманауи технологиялар мен ақпараттық жүйелерге негізделген ондаған жобамен танысты. Олардың арасында мектеп өміріне енгізіліп үлгерген бастамалар да бар.
Мәселен, №18 жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Даниял Нұрымжан IT саласындағы жобаларын таныстырды. Ол жасанды интеллектіні пайдалана отырып оқушыларды кәсіби бағдарлауға бағытталған «EzTest» жобасын әзірлеген. Сондай-ақ, мектептерге орнатылған бейнебақылау камералары арқылы құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтап, директорға хабарлама жіберетін жүйені көрсетті. Даниялдың «Мектеп картасы» жобасы бүгінде оннан астам мектепте қолданыста: турникет арқылы кіріп-шығу, асханадағы төлем жүйесі мен кітапхана қызметі толық автоматтандырылған.
Жиынның пленарлық бөлімінде білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова жаңа оқу жылының негізгі міндеттерін баяндады.
Оның айтуынша, мектепке дейінгі білім беру саласында елеулі өзгерістер күтілуде. Ұйымдар желісін кеңейту, кезекке қою процесін толық цифрландыру, педагогтардың біліктілігін арттыру мен білім беру мазмұнын жаңарту басты назарда. Соңғы үш жылда 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 87,6%-дан 92,9%-ға өскен. Жекеменшік балабақшалардың саны артып келеді: 2024 жылы «Алтын ұрпақ» балабақшасы ашылса, 2025 жылдың қаңтарынан бастап «Сәби сити» балабақшасы қосымша 75 орынға кеңейген.
Ал мектеп жасындағы балаларды оқытуда зерттеу мен зерделеу әдістерін қолдану, ғылыми ізденіске қызығушылық танытатын шәкірттердің қатарын арттыру міндеті қойылды. Бұл бағытта жасанды интеллектіні қолдану да маңызды рөл атқарады.
Бүгінде 21 мыңнан астам бала білім алуда, оның ішінде 1977-і – ерекше білім беруді қажет ететіндер. Мұғалімдердің 75%-дан астамы инклюзивті білім беру курстарынан өткен, 40 психологиялық қолдау орталығы ашылды. Сондай-ақ, анонимді өтініштер жүйесі және «111» бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді.
Биылғы оқу жылынан бастап барлық білім ошақтары «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жұмыс істейді. Бұл ретте оқушылардың әл-ауқатын жақсарту, олардың дұрыс тамақтануын ұйымдастыру мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Лаура Аманқызының айтуынша, бастауыш сыныптың 9 мыңнан астам оқушысы мен әлеуметтік осал топтағы 600 бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Сонымен қатар, жаңа стандартқа сай салауатты тамақтану жүйесі енгізілуде.
Қала және ауыл мектептерін дамыту бағытында да тың жобалар қолға алынбақ. «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы аясында инновациялық тәсілдер енгізіліп, үздік қалалық мектептермен әріптестік орнату жоспарланған. Сонымен бірге, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы негізінде «Келешек мектептері» салынады. Олар заманауи жабдықтармен қамтылып, қауіпсіздік пен инклюзия талаптарына толық сәйкес болады.
– Жаңа мектептер кең әрі жарық сыныптармен, заманауи жиһазбен, кітапхана, спорт және акт залдарымен жабдықталады. Сондай-ақ, қауіпсіздік пен инклюзияға ерекше назар аударылады, – деді білім бөлімінің басшысы.
Айта кетейік, Павлодар қаласында өткен дәстүрлі облыстық педагогикалық конференцияда да Екібастұз өңірінің жетістіктері ерекше атап өтілді. №25 қазақ қыздар гимназиясы өңірдегі ең үздік білім беру ұйымдарының бірі атанып, облыс әкімінің 50 млн теңгелік грантына ие болды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы «Қайнар» ББК-нің басшысы Фарзия Клепицаға берілсе, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен Төлеухан Темірханов марапатталды.
Сондай-ақ, қалада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті балабақшаны қайта құру жұмыстары басталып, Атығай ауылында жаңа мектеп құрылысы қолға алынғаны хабарланды. Павлодар облысының мектептері жасанды интеллектіні енгізу бойынша пилоттық өңір ретінде бекітіліп, осы шеңберде екібастұздық ұстаздар да жаңа цифрлық технологияларды меңгеру үшін даярлықтан өтетін болады.
Жиын барысында қала әкімі Аян Бейсекин педагогтарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, бірқатар ұстаздарға құрмет грамотасы мен алғыс хаттар табыс етті.
Осы күні Павлодар облысы әкімінің алғыс хаты №25 қазақ қыздар гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Альфия Қабдыловаға, «№6 көптілділікті дамыту орталығы сәбилер бақшасы» әдіскері Елена Подвиженкоға және қалалық білім бөлімінің қызметкері Рахима Базыловаға берілді.
Ал білім беру саласының еңбек ардагерлері Нұржамал Елеуова мен Сәуле Смакаева «Екібастұз қаласының алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, оқу-ағарту министрлігінің алғыс хаты №33 мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Сәуле Дүйсекеноваға және ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Жұлдыз Қалихановаға табыс етілді.
Өңірдегі білім беру ісін дамытуға үлес қосып жүрген әлеуметтік серіктестер мен меценаттарға да алғыс айтылды. Олардың қатарында Орынбасар Алеев, Серік Сәдуақасов, Лейла Қасыманова, Рустамжан Мамаджанов, Розкен Кудебеева және Қанат Тұрлыбеков бар.
Ардагер ұстаздарға гүл шоқтары ұсынылып, мәслихат соңы патриоттық би мен әсерлі әндермен түйінделді.
Ділназ Серікбай


