Өткен аптада Екібастұз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ибрагим Досанов қаламызда атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстарының жай-жапсарын баяндады.
Биыл қаламызда 12 аулаға тиесілі кварталішілік жолдарды асфальттау жоспарланған. Осы уақытқа дейін бірқатар үйлердіің ауласы асфальтталды. Мәшһүр Жүсіп, 52-үй ауласында жарықтандыру, асфальттау, жаяу жүргіншілер жолдарын жайластыру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда келесі жылы футбол алаңын салу жоспарлануда. Әуезов, 53 «А», Шешембеков көшесі, 1, 3, 5, 7, 9, 11, 13, 15, Бауыржан Момышұлы, 42, М.Әуезов, 10, 83 мекенжайлары жоспарда тұр. Бұл жұмыстардың барлығын «Нұрал» ЖШС атқаруда.
Кварталішілік жолдарды асфальттау аумағы жалпы 70 мың шаршы метрді құрайды, келісімшарт сомасы – 410,400 млн. теңге.
Биыл 752 млн теңгеге жалпы аумағы 160 мың шаршы метр жолдарды жөндеу жоспарланған. Келісімшарт жасасқан «Нұрал» ЖШС мен «Екібастұзтеплоэнергомонтаж» ЖШС Астана, М.Әуезов, Энергетиктер, Кеншілер, Беркімбаев, Целинная, Молдағұлова көшелерінде жұмысты аяқтады, қазір қалалық мешіт жанында жиектас орнатып жатыр. «Нұрал» ЖШС Абай, Торайғыров, Б.Момышұлы, Нұралин, Степная, Петренко, Мәметова, Марғұлан, Королев көшелерін жөндеді.
Биыл «StrongServis» ЖШС-мен 585, 635 млн. теңгеге жасалған келісімшарт аясында 50 балалар алаңшасы орнатылуда. Алаңшалардың орны әзірленген, бәріне тартан жабын төселеді. Сонымен қатар, 9 алаңға стрит-воркаут және 2 аулаға стритбол алаңшасы орнатылды. Бұл жұмысты 30, 167 млн. теңге сомаға «Бекмурзин» ЖК орындады.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы да қала келбетіне өз үлесін қосуда. Бұл бағдарламаға іліккен 9 жобаға 328 миллион теңге қарастырылған. Бағдарлама аясында «Ruslan company», «Аракс», «ЖайыкПромСервис» ЖШС-тері жаңа алаң құру жұмыстарымен айналысуда.
Ж.ӘБДІКӘРІМ
