Өткен аптада қалалық коммуникациялар қызметінде брифинг өтіп, Екібастұз қаласы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Көпежанов «Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірімізде орындалу барысы жайлы баяндады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы халықтың аз қамтылған топтарына несие беруге, сондай-ақ, шаруа немесе фермерлік қожалықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтарды ауылдық тұтыну кооперативтеріне біріктіруге, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, жұмыспен қамтылуына және жеке қосалқы шаруашылықтардың мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2024 жылы Павлодар облысына 2,6 млрд. теңге қаржы бөлінген. Қаражат жыл соңында бөлінгендіктен, қаржыландырудың бір бөлігі 2025 жылы игерілді.
Азамат Жұмажанұлының айтуынша, Екібастұз өңірінде 2024 жылы бұл бағдарламаға қатысуға жалпы сомасы 200,6 млн. теңге болатын 13 өтінім беріліп, оның ішінде 156,1 млн. теңге сомаға 11 жоба мақұлданыпты. Сомасы 43,4 млн. теңгені құрайтын 2 жоба қабылданбай, бас тартылған.
2025 жылы несиелендіруге жалпы сомасы 261,2 млн. теңгеге 18 жобаға өтінім тапсырылды. Оның ішінде 158,2 млн. теңгеге 13 жоба мақұлданды. Бір жоба иесі (9,2 млн. теңге сомаға) бағдарламаға қатысудан бас тартып, қазір 78,1 млн. теңге сомаға 4 жоба қарастырылуда.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Екібастұз өңірінде төмендегі жобалар жүзеге асырылған:
– Солнечный және Шідерті кенттерінде наубайхана салынып, қолданылуда (2 жоба);
– Теміржол ауылдық округінің халқы «Сержан» ЖК салған моншаның игілігін көріп отыр;
4 трактор, 2 жүк тиегіш техникасы сатып алынды.
Қазір мына нысандардың құрылысына қатысты жұмыстар жүргізілуде:
– Ақкөл ауылдық округінде наубайхана салу («Қамшат») ЖК;
– Ақкөл («Матай» ЖК), Екібастұз («Убабаев» ЖК) және Сарықамыс ауылдық округтерінде («Болашақ» ЖК) 3 мал сою алаңын салу;
– Бәйет («Наурызхан» ЖК, «Бейбарыс» ЖК), Екібастұз («Айгүл» ЖК) және Сарықамыс ауылдық округтерінде («Реал» ЖК) 4 бордақылау алаңын салу;
– Солнечный кентінде «Автосервис» нысанын салу («Хасан» ЖК);
– Төртқұдық ауылдық округінде монша салу («Гречаник» ЖК) жобалары;
Сондай-ақ, Садвокасов Г.Ж. жүк тиегіш техника, «Пинчук» ЖК тұқымдар мен гербицидтер сатып алуды жоспарлауда.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрі орынбасарының, Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 16 маусымдағы № 53 бұйрығымен ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микронесие беру мен лизингтің жаңа ережелері бекітілді.
Осы ережелерге сәйкес «Ауыл аманаты» бағдарламасының мынадай шарттары бекітілген:
1) микронесие мерзімі – ауыл шаруашылығы түрлері емес бизнес үшін 5 жылға дейін, ауыл шаруашылығы және өнімді қайта өңдеу саласындағы жобалар үшін микронесие мерзімі – 7 жылға дейін;
2) микронесиенің ең жоғары сомасы – 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу жобалары үшін – 8 000 айлық есептік көрсеткішке дейін. Бұл тұста мемлекеттің ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына басымдық беріп отырғанына мән берген абзал.
Бұрын алынған микронесие міндеттемелерін толық орындаған үміткерлерді қайта несиелеу кезінде микрокредиттің ең жоғары сомасының мөлшері 8 000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды, бірақ екі реттен аспайды. Бұл ретте микрокредиттер бағдарлама үміткерлерінің қайтарылған қаражаты есебінен, бірақ микрокредиттің ең ұзақ мерзімінің 1/2 бөлігінен кешіктірілмей беріледі;
Кооперативтерді дамыту үшін – 8 000 айлық есептік көрсеткішке дейін.
3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды;
4) кепілдік қамтамасыз етудің болуы;
5) негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдікті кезең микронесие беру мерзімі ұзақтығының 12 айынан аспайды;
6) микронесие беруге өтінімдер ауылдық округтердің басым бағыттарына сәйкес талдамалық ақпарат негізінде қаралады.
Ауыл шаруашылығы, тұтыну кооперативтеріне және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге басым қолдау көрсетіледі.
Скрининг бойынша ақпаратты әрбір ауылдық елді мекеннің жергілікті атқарушы органы шаруашылық бойынша есепке алу деректері негізінде қалыптастырады.
Ауылдық округ әкімдігі скрининг негізінде әрбір ауылдық елді мекен бөлінісінде микрокредит берудің және лизингтің басым бағыттарын айқындай отырып талдамалық ақпарат дайындайды және ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің қолымен аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігіне ұсынады.
Ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда микронесие алуға үміткерлер:
1) Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) жұмыссыздар;
3) жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеусіз кіріс алу мақсатында тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсетуді өз бетінше жүзеге асыратын тұлғалар және жұмыс істемей тұрған жеке кәсіпкерлер;
4) отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын адамдар;
5) жеке қосалқы шаруашылықта сату (айырбастау) үшін өнім өндіруді өз бетінше жүзеге асыратын, кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адамдар;
6) қызметін Қазақстан Республикасының «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» және «Өндірістік кооператив туралы» Заңдарына сәйкес жүзеге асыратын кооперативтер, сондай-ақ, кооператив мүшелері;
7) жеке кәсіпкерлер.
Қаржыландыру мақұлданған жағдайда жеке кәсіпкер ретінде мәртебесі жоқ үміткерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге тиіс.
Микронесие/лизинг алу үшін үміткерлер қажетті деректерді толтыру және электронды құжаттарды жүктеу арқылы ақпараттық жүйенің жеке кабинетінде электронды өтінім береді немесе микронесие/лизинг алу үшін құжаттар тізбесімен сенім білдірілген өкілге (агентке) жүгінеді.
Лизинг үміткерлерге мынадай шарттармен беріледі:
1) техника мен жабдықты лизингке алу мерзімі – 7 жылға дейін;
2) лизинг нысанының (техника мен жабдықтың) ең жоғары құны – 8 000 айлық есептік көрсеткішке дейін;
3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылына 2,5 пайыздан аспайды;
4) негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдікті кезең – техника мен жабдықтың лизингі мерзімі ұзақтығының 1/3 бөлігінен аспайды.
Жаңа, бұрын пайдаланылмаған техника мен жабдық лизингке жатады.
13. Лизинг жеңіл автокөлік сатып алуға берілмейді.
14. Қайтарылатын қаражатты қоспағанда, қаржыландыру болмаған жағдайда сенім білдірілген агент үміткерлерден өтінімдерді қабылдауды және қарауды тоқтата тұрады.
15. Үміткер микронесие немесе лизинг алған кезде шарттың қолданылу мерзімі ішінде жеке кәсіпкер мәртебесін сақтау міндеттемелерін өзіне қабылдайды.
Бүгінгі таңда Павлодар облысына бюджеттен 2,0 млрд. теңге сомаға қаражат түсімі күтілуде. Қаржы түскен соң «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру жұмысы жалғасады.
Ж.ӘБДІКӘРІМ