21 тамыз күні қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысы болып, онда бірқатар мәселе қаралды. Солардың ішінде көпшілік үшін маңызды – қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы мәселе төңірегінде әжептәуір әңгіме өрбіді.
Аталмыш мәселеге қатысты ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі басшысының орынбасары Бауыртай Аманов хабарлама жасады. Осы бөлім мен «Екібастұзкоммунсервис» кәсіпорны арасында тұрмыстық қоқысты жинау және тасымалдау қызметін көрсетуге 10 жыл мерзімге келісімшарт жасалған екен.
200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын қызметі үшін тариф соңғы рет 2023 жылы бекітіліпті. Сол екі жылға жуық уақыт ішінде жанар-жағар май, қосалқы бөлшектер және тағы-тағыларының бағалары өсіп кеткендіктен, қазіргі тарифтер шығынға батырып, кәсіпорынды модернизациялауға мүмкіндік жоқ. Сондықтан тарифтерді қайта қарау мәселесі туындап отыр. Осы орайда, елімізде 2023 жылы инфляция деңгейі 9,8 пайызды, ал 2024 жылы 8,6 пайызды құрапты. Яғни, екі жылда инфляция 18,4 пайыз болып отыр. Тарифтерді есептеу әдістемесінде екі жылдық инфляция көрсеткіші ескеріліп, ендігі уақытта биік үйде тұратын 1 тұрғын айына қосымша құн салығын қоса есептегенде 615,9 теңге төлеуі тиіс болады. Бұған дейін бұл сома 520,18 теңге еді. Ал жер үйде тұратын 1 тұрғын айына 631,69 теңге төлейді. Бұған дейін 533,52 теңге болатын.
Бауыртай Аманов хабарламасында мына санаттардағы азаматтар бұрынғыдай төлемнен толық босатылатынын айтты. Олар: ҰОС қатысушыларға теңестірілген тұлғалар, өзге мемлекеттер аумағында әскери қимылдарға қатысқан адамдар, І топ мүгедектері, бала күнінен мүгедек балалар, Екібастұз қаласының Құрметті азаматтары.
Сонымен қатар, Бауыртай Амановтың сөзіне қарағанда, «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС кәсіпорындағы қаланың санитарлық тазалығын сақтауда тікелей еңбек етіп жүрген жұмыскерлерінің еңбекақысын 10 пайыздан 24 пайызға дейін өсіруге міндеттеніп отыр.
Тағы бір ескеретін жайт, кәсіпорын инвестиция құю жөніндегі 2023 жылғы міндеттемесін толық орындап, 101 миллион теңгеге 3 жаңа қоқыс шығару көлігін және 68 миллион теңгеге полигонға қажетті өзге де арнайы техника сатып алыпты.
Айтпақшы, бұл жолы тарифтерді көтерудің заңды тұлғаларға қатысы жоқ.
Бауыртай Амановтан кейін сөз алған депутат Жетпісбай Жакупов жаңа тарифтерді белгілеу бұған дейін екі рет қаралып, тыңғылықты зерделенгенін тілге тиек етіп, қолдау қажеттігін айтты. Бұл пікірді қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Жасұлан Сәдуақасов та қуаттап, дәйекті уәждерін келтірді. Десек те бірқатар депутаттар қарсылық білдірді. Мәселен, халық қалаулысы Қанат Тұрлыбеков:
– Қызмет көрсетуші кәсіпорын өз міндеттеріне атүсті қарайды. Көпқабатты үйлерде қоқыс контейнерлерінің саны аз. Тұрмыстық қоқыс тәулігіне бір мәрте ғана шығарылады. Сенбі-жексенбіде тіптен шығарылмай, үйіліп қалады, – деп кәсіпорын жұмысын сынға алса, депутат Арман Амургалинов «Екібастұзкоммунсервис» кәсіпорнында арнайы техниканың көбі әлі ескі екенін, депутат Арман Иманқұлов контейнерлердің мезгілінде дәріленбейтінін сөз етті.
Сонымен бірге, халық қалаулылары Манат Алғамбаров пен Жанат Ибраев та қызмет көрсетуші кәсіпорын жұмысына сын айтты. Алайда, талқылау кезінде аян болғанындай, сынның кейбірі орынсыз болып шықты. Мәселен, контейнерлердің жетіспеушілігіне «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС-нің қатысы жоқ екен. Өйткені контейнерлердің қала бюджетінен бөлінген қаржыға сатып алынатыны белгілі болды. Ал оларды дәрілеу қызметі тарифтерге кірмеген. «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС-нің бұл қызметті тегін атқарып жүргені айтылды. Ал жұмыскерлер жалақысын өсіру мен жаңа техника сатып алу жағын сөз етсек, кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасында бұл проблема ескеріліп отыр.
Қысқасы, ұзақ талқылаудан соң мәселе дауысқа салынды. Үш депутат қарсы болып, өзгесі жаңа тарифтерді бекітуді жақтап дауыс берді.
Ж.Жәлелұлы