Футбол миллиондардың ойыны ғана емес, оны тәртіп пен мәдениет, қайыспас мінезге тәрбиелейтін мектеп деп білгеніміз жөн болар. Оның әліппесін жас спортшылар жаттығуларда үйреніп, жарыстарда шыңдайды. Балалардың алаңдағы тәртібінің бір матч нәтижесіне ғана емес, олардың спорттық мансабына да зор әсері бар. Оған таяуда Шымкентте өткен футбол орталықтары мен академияларының 2011 жылғы жасөспірімдер арасындағы чемпионатында «Тұран» мен «Екібастұз» командалары арасында болған жаппай төбелес, анығын айтқанда, оның салдары дәлел бола алады.
Төбелес неден басталды? Матчтың аяғына қарай жеңіліп бара жатқан «тұрандық» ойыншылар жолында кездескен қарсыласын «оңтүстікше» боқтап жіберген деседі. Балағаттың өзіне қаратып айтылғанын аңдаған Әлиасқар Қабдеш («Екібастұз» командасының №23 ойыншысы) оған бірден жұдырықпен жауап берген. Сол-ақ екен, жерлесіміз Владимир Соколов (№99 ойыншы) та намысқа басқанда, қақтығыс жаппай төбелеске ұласқан. Әлбетте, ойын сол арада тоқтатылып, төбелесті бастағандар алаңнан қуылған.
Бұл оқиғаға Қазақстан футбол федерациясы бірден үн қатты. Футболдың мәні құрмет, әділ бәсеке және Fair Play қағидаттары екенін баса атап өткен федерация болған оқиғаны спорт құндылықтарына қайшы деп атап, оған қатысқандар футболдан өмір бойына шеттетілуі мүмкін екенін ескертті.
Оқиғаға жай ғана эмоцияға берілу деп қарауға болмас. Бұл біздің спорттағы тәрбие жұмысының әлсіздігін ашып көрсеткендей. Сол себепті Екібастұз қаласы әкімдігінің жанындағы Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау комиссиясы төбелеске қатысқан балалар мен олардың ата-аналарын, жаттықтырушыны отырысқа шақырып, әңгіме жүргізді. Отырыста «Жас балалар алаңға не үшін шығады? Балалар бойындағы спорттық машықты көрсетіп, жеңіске жету үшін, тәжірибе жинау үшін шығады. Ал мына жайт оларға төбелестің, дөрекіліктің жолын көрсетіп, ертең бұл балалар спортты емес, күш көрсетуді үйреніп кетпей ме? Неліктен жаттықтырушы ойынға дейін алаңда тәртіп сақтау турасында әңгімелеспеген? Қазақстан футбол федерациясы ойыншыны алаңнан мәңгіге шеттетсе не болмақ?» деген мәселелер талқыға салынды.
Әр ойынның алдында ойыншылармен тәртіп туралы, өздерін алаңда ұстау әдебі жайлы әңгімелесеміз. Бұл жолы жай ғана әңгімелесу аздық ететінін айқын байқадық, – деген жаттықтырушы Данияр Утеулов жас футболшылармен жұмыста кемшілік кеткенін мойындады.
Тереңірек үңілсек, жауапкершілік тек балалар мен жаттықтырушының мойнында ма? Әрине, жоқ. Жаттықтырушы жас спортшының әрбір іс-әрекетін қалыптастырады, тәртіпке, сабырға, қарсыласқа құрметпен қарауға үйретеді. Ата-ана – баланың жанкүйері ғана емес, мінез-құлқына үлгі болатын тұлға. Ал төрешілер, оның арғы жағында тұрған КФФ дер кезінде жағдайды бақылап, ойын тәртібін сақтауға ықпал етуі тиіс. Ең үлкен, назар аударуға тұрарлық мәселе ретінде біздегі футбол федерациясы жасөспірімдерді кәсіби футболға баулитын клубтарды штатта психолог маман ұстауға міндеттемейтін көрінеді. Қаражатты үнемдеуді ойлайтын клубтар бұған дейін оны қажет деп санамай келген.
Комиссия өз тарапынан ҚФФ-ына ресми хат жолдап, жас ойыншылардың психологиялық-эмоционалдық қалпын сақтау үшін психолог мамандарды да жұмысқа тарту жайлы ұсыныстарын жеткізуді ұйғарды. Сондай-ақ 2-сыныптан футболмен шұғылданып жүрген Әлиасқар мен Володяға кешірім беріп, футболдан шеттетпеуді де сұрауға бекінді. Жаттықтырушының айтуынша, екеуінен де үміт бар. Кім білсін, федерация жұмсарса, олардың да әдемі ойындарын көрерміз…
Осы аптада ҚФФ-ның Бақылау-тәртіптік және этикалық комитетінің отырысы өтеді. Балалардың футболда қалу-қалмауы сонда шешіледі…
А.Зайыргелді