Сәулетті де дәулетті Екібастұз қаласы дамып, уақыт өткен сайын қарқынды өзгеріс үстінде. Сүйікті шаhарымыздың ерекше көріктеніп, көңілге қуаныш сыйлауы ризашылық сезімге бөлейді. Соңғы жылдары болған өнеркәсіп, құрылыс, мәдениет саласындағы тың бетбұрыстарды аңғару қиын емес.
Біз тұрып жатқан он тоғызыншы шағынауданның кей тұстарына көз салсақ, соның кейбіріне куә боламыз. Сонадайдан назар аудартатын №11 орта мектептің сыртқы көрінісі заманауи талғамға сай орындалған (бұрынғысы сүреңсіз еді), ауыстырылған қоршаулары да өрнекті. Осы ғимараттан сәл берірек орналасқан №9 орта мектептің оқушыларға арналған футбол алаңы жаңартылып, шамдары жарқырап-ақ тұр. Биыл жасөспірімдерге спортпен шұғылдануға мүмкіндіктер көп жасалуда. Энергетиктер көшесі, 65 мекенжайындағы көпқабатты үйдің алдындағы шағын алаңша да жөндеуден өтіп, балаларды, ата-аналарды мәз-мейрам етті. Айтпақшы, «Топаз» сауда дүкенінің сол жақ қанатында әжептәуір ойпаң болатын, ол жер жаңбыр жауса былыққа айналып, әрі-бері өткен машиналар мен жүргіншілер саз балшық кешетін. Көп жылдан бері реттелмеген осы тұсқа қиыршық тас төселді. Қаламызды көркейту жолында аянбай еңбек етіп жүрген билік өкілдеріне мың алғыс!
Қайролла Дүйсенбайұлы, қаламгер ұстаз