14 тамыз күні Екібастұзда мемлекеттік органдардың өкілдері мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдап, оларды алаңдатқан мәселелерге құлақ түрді. Кездесуге білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, салық қызметі және өзге де салалардың жауапты мамандары қатысып, азаматтардың сауалдарына жедел жауап берді. Жиынға 30-дан астам адам қамтылып, бірқатар мәселе сол сәтте шешілсе, ұзағырақ қарауды қажет ететін сұрақтар бақылауға алынды.
Шара Қазақстан Республикасында 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында өтті. Яғни, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау, құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына қолдау көрсетуге назар аударылды.
Қабылдауды Екібастұз қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева жүргізді. Оның айтуынша, алдын ала әлеуметтік желілерде хабарландыру жасалып, шараға мүмкіндігі шектеулі жандармен
бірге олардың отбасы мүшелері мен жеке көмекшілері де келген екен.
Қабылдауға келгендердің бірі – 74 жастағы, ІІ топтағы мүгедектігі бар Бақыт Тоққожина. Ол өзі қаралатын емхана басшылығына өтінішін жеткізді.
– Дәрілерімді уақытылы алып жүрмін, қажетті ем-дом жасалуда. Дегенмен санаторлық-курорттық емделу мәселесі көптен бері шешілмей келген еді. Енді алдағы уақытта оң нәтижесін береді деп сенемін, – деді ол.
Көру қабілеті нашар, ІІ топтағы мүгедектігі бар Ақмарал Жимайлова болса педагогикалық жоғары оқу орнын тәмамдаған қызының жұмысқа орналасуы туралы мәселе көтерді. Оның сауалына орай білім бөлімі мамандары қазіргі уақытта қай мекемелерде бос жұмыс орындары барын айтып, тиісті мәліметтерді ұсынды.
– Балам оқуын жақсы аяқтады. 2021 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуден небәрі бірнеше ұпай жетпей қалып, бір жыл ақылы оқып, кейін грантқа түскен еді. Енді туған қаласында қызмет атқарса деп армандаймын, – деді қала тұрғыны.
Деректерге сүйенсек, бүгінде Екібастұз өңірінде мүгедектігі бар 5 мыңнан астам адам тұрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қабылдаулар ерекше жандардың қоғамға толыққанды араласуына мүмкіндік беріп, олардың құқықтарын қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты қадамы болып табылады.
– Бұл кездесуде көтерілген әрбір мәселе мамандармен бірлесіп қаралып, шешімін табады. Барлық өтініш менің жеке бақылауымда болады. Толық жауап ауызша да, жазбаша да беріледі. Қабылдауға «AMANAT» партиясы да қатысты. Бұрын мүмкіндігі шектеулі азаматтар көкейіндегі сауалдарын ашық айтуға қымсынатын болса, қазір «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының арқасында олар еркін пікір білдіріп отыр, – деді Зейнеп Жақсыбаева.
Ділназ Серікбай