Мойылды шатқалында болған спорттық жарыстар да тамашалаған қауымның бүйірін қыздырды. Қарауыл төбенің етегінде палуандар күресіп, бұлшық еті бұлт-бұлт еткен жігіттер гір тасын көтеріп, арқан тартысып күш сынасты.
Қазақ күресінде палуандар 90 килоға дейінгі және одан жоғары салмақта белдесті. Павлодар облысының кіл мықтыларына Ақмола, Қарағанды облыстарынан, Астана қаласынан келіп қосылған оғландар арасында сары құрлық чемпиондары, халықаралық жарыстар жүлдегерлері де болды. 90 кило салмақта екібастұздық Арман Махамбетов те бағын сынап көріп еді, бірақ жартылай финалға шыға алмай сүрінді. Бұл салмақта финалда Баянауыл ауданы Көкдомбақ ауылы тумасы Теміртас Файзолла мен астаналық Мереке Қуаныш жолықты. Астаналық палуан жеңіске жетіп, мотоцикл иеленді. Өзге жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды.
Түйе палуандар күресінде бірінші жартылай финалда баянауылдық Мұхтархан Дәлелхан мен Сейтен Жандос бозкілемге шықты. Салмағы 170 кило Сейтен Жандоспен ұзақ ырғасқан Мұхтархан Дәлелхан әйтеуір қоян-қолтық белдесуде әупірімдеп жеңіске жетті. Екінші жартылай финалда астаналық Бекзат Алтынбаев пен қарағандылық Олжас Шынкеев күресті. Олжас шеберлік танытып, қарсыласының жауырынын жерге тигізді. Ал финалда Мұхтархан мен Олжас бір-біріне алдырмай, қоян-қолтық белдесуде Мұхтарханның жолы болып, жүлдеге тігілген 1 миллион теңгені олжалады.
Той-томалақтағы спорттық жарыстарға, негізінен, кәсіби спортшылар қатысатыны белгілі. Жүлделерді де солар бөлісіп жатады. Осы орайда, арқан тартысудың жөні бөлек. Мұнда кәдімгі жігіттерден құралған командалар күш сынасып, жанкүйер қауым у-шу болады. Бұл жолы 1-орынды Ақсан ауылы, 2-орынды Жаңатілек, 3-орынды Майқайың кенті командалары иеленді.
Екі күнге созылған көкпаршылар сайысын көрген қауым да жігіттердің ілкімділігіне тәнті болды. Ақтық ойында Екібастұз қаласы Ақкөл ауылының «Сайфуллах» командасы мен Ақмола облысы Софиевка ауылының «Құлатай» командасы ойнап, соңғысы айқын басымдықпен жеңімпаз атанып, жүлдеге 3 миллион теңге алды. Екінші орынды місе тұтқан «Сайфуллах» командасына 1500 мың теңге табысталды. Үшінші орынды Павлодар қаласының көкпаршылары, төртінші орынды Баянауыл ауданы Жүсіпбек Аймауытов ауылы командасы еншіледі. Екі командаға, тиісінше, 1 миллион және 500 мың теңге жүлде берілді.
Ат бәйгесінің жүлдесіне 3 жеңіл көлік тігілді. Бұл жолы тай жарыс, құнан жарыс болған жоқ. Есесіне тойды ұйымдастырушылардың ұйғарымымен қазақы аттардың бәйгесі өткізілді. Және жабық бәйгеге Баянауыл ауданының жүйріктері ғана жіберілді. 15 шақырымға шапқан жүйріктер ішінен баянауылдық Сүтжан Кәрімовтің жүйрігі озды. Мәшһүр Жүсіп ауылының азаматы Найман Сагиевтің Қарақыз атты жүйрігі көмбеге екінші болып жетті. Үшінші жүлдеге Махамбет Сәдуовтің Бұйымтайы ілікті.
Топ бәйге мен аламан бәйгеде Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысы сәйгүліктері топ жарып, екі жеңіл көлік сол жүйріктердің иелерінің тақымының астында кетті.
Тойлы ауылды аралап жүргенде қолөнершілер көрмесін де сүзіп өттік. Павлодарлық қолөнерші Қуандық Баязитов көп жылдан бері домбыра жасаумен шұғылданады екен. Көрмеге кіп-кішкентай кәдесый домбыраларға қоса, ойнауға жарайтын көлемі орташа ұлттық аспаптарды да қойыпты. Бағалары 4-15 мың теңге аралығында.
– Кәдесый домбыралар жақсы өтеді. Әр түрлі көрмелерге қатысып жүрмін ғой. Шетелдік қонақтар да қызығушылықпен сатып алады, – дейді шебер Қуандық Баязитов.
Жұмат Шанин ауылының тумасы, бүгінде Павлодар қаласындағы Малайсары спорт мектебінде дәстүрлі садақ атудан бапкер болып еңбек етіп жүрген Қайнарбек Махметтің жасаған садақтары да көз тартарлық көрінді.
Көрме-жәрмеңкенің шет жағындағы шатырда Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінен жеткізілген суретшілер картиналары орналастырылыпты. Экскурсовод Аружан Мұхаммеджан шатырға бас сұққан үлкен-кішіге әр туынды жайлы әңгімелеп, түсінік беруде. Алтын Қисамиденова салған Мұса Шормановтың, Василий Баранов салған Жаяу Мұса, Өсербай Шоранов салған Мәшһүр Жүсіп портреттері және тағы бірнеше туынды көрушілер талғамынан шықты деген ойдамыз.
Жассерік Жәлелұлы

