Өткен аптада Ертіс-Баян елінде қазақ халқының төрт бірдей дарынды ұлының мерейтойлары ерекше сән-салтанатпен аталып өтті: әнші-композитор Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдығы, жазушы, аудармашы, ақын, сатирик, сазгер Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығы, майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығы, кинорежиссер Қуат Әбусейітовтің 100 жылдығы.
Мойылды төсіне қонған ақ шаңқан ауылдың дәл ортасындағы екібастұздық киіз үйдің қос қапталында «Қайнар» ББК ұжымының қызметкерлері күні бойы балаларға зияткерлік ойын ойнатты. Жалпы, Екібастұз өңірінен тойда бұдан басқа төрт үйді «Богатырь Көмір» ЖШС, «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ мен қала әкімдігі тігіпті. Ал концерттік бағдарламаның тыңдарман көңілінен шығуына «атамұралық» әншілер зор үлес қосты.
Ақсу қаласы құрған төрт орданың ауласынан «түйе керуен» менмұндалады. Ағаштан түйе бейнесінде жасалған сөрелердегі кітап көрмесінен Жаяу Мұса шығармаларымен, әнші жайлы зерттеу еңбектермен таныса аласыз. Көрмені ұйымдастырушылар «Ақсудан шыққан алыптар» деп айшықтап, Ақсу өңірінде туған тұлғалардың ғұмыр жолын насихаттауда.
Успен ауданы киіз үйінің жанында кесте тоқып отырған Тұрсынбибі Әбдірайым Белоусовка ауылынан келіпті. Жас күнінен ермек қылған пүліш матаға гүлді кесте қондыру өнерімен бұл тойдың да көркін кіргізіп отырған жайы бар.
Мерейтойдың салтанатты рәсімінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хаты оқылып, облыс әкімі Асайын Байханов сөз сөйледі.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау – біздің асыл мұрамыз» деген өрелі сөзі бар. Баршаңызды әнші әрі сазгер Жаяу Мұсаның 190, жазушы, сатирик Қадыр Тайшықовтың, 125, белгілі кинорежиссер Қуат Әбусейітов пен Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Қанша уақыт өтсе де, бабаларымыздың үні өшкен жоқ. Олардың үні баршамыздың жүрегімізде. Қымбатты қауым, Отанымыздың еңсесі биік болсын! Баршаңызға осы мерейтойдан шынайы әсер, тарихи тағлым мен рухани қуат алуды тілеймін, – деді Асайын Қуандықұлы.
Той барысында Бұқар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейінің Қалмұқан Исабаев мерейтойына арнап әзірлеген көрмесін келушілерге әдебиет бөлімінің меңгерушісі Абзал Рымбек таныстырды. Мұнда жазушының өзі қолданған жеке заттары, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қорында сақталған кітаптары қойылған. Қаламгерге сыйланған кәдесыйлар ішіндегі ақын Мұзафар Әлімбаев тарту еткен үстел бұйымы ерекше. Германияда майдангер достарымен түскен фотосына қарап, көз алдымызға жазушының «Жолдас комендант» романындағы қаһарман Мұқан елестеді. Қалмұқан аға өз қолымен сызған Ертіс-Қарағанды каналының картасы, канал бойымен жаяу жүріп өткенде қолына ұстаған таяғы да «сөйлейтін», жазушының өмірі мен шығармашылығынан барынша сыр шертетін жәдігерлер.
Қалмұқан Исабаев 1943 жылдың қаңтарында 10-сынып партасынан Совет Армиясы қатарына шақырылып, 1954 жылдың күзінде запасқа шыққан. Соғыстан кейінгі жылдары Германияның Ильменау қаласында комендант қызметiн атқарған. Абай ақын тәржімалаған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінің түпнұсқасын («Жолаушының түнгі әні») Гете осы шаһардағы Тюрингия қыраттарына қарап тұрып, есікке жазған екен. Ильменау жерінде алғаш Гете музейіне барғанда Абай аудармасын тасқа жазып, салтанатты есік жанына қағуды армандап кеткен жазушы Қалмұқан Исабаевтың белсенді қызметінің арқасында Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі қашалған мәрмәр тақта 1979 жылы 22 шілдеде Қазақстаннан Габельбах музейіне жеткізіліп, салтанатты жағдайда аталмыш есіктің жанына орнатылды. Сол уақыттан бастап музейге келген шетелдік қонақтарды Абай әнімен қарсы алу дәстүрге айналған. Қазақстанда Гетеге, Берлинде Абай атына көше берілуіне ықпал етіп, екі елдің рухани байланысына көпір болған майдангер комендант болған кезінде немістің аш-жалаңаш балаларына көп қамқорлық көрсетіпті. Кейін осы балалар іздеп келіп ықылас белгісі ретінде сыйға тартқан машинка да мерейтойлық көрме көркін кіргізіп тұр…
Той жұрты қызығып тамашалайтын шараның бірі – айтыс. Бұл жолғы айтыс үш буын ақындардың басын қосып, «ретро» атануымен ерекшеленді. Серік Құсанбаев, Жұмкен Сейітов, Алтынкүл Қасымбекова, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Балғынбек Имашев, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатай жасаған сөз сайысы әр ақынға бір миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық бөлініп берілуімен қорытындыланды.
Той тамашалаған қауыммен сұхбаттаса жүріп естіген бірді-екілі жайттарға көңіл аударсақ, ат бәйгесіне тігілген жеңіл көліктің бірін Баянауыл ауданы Жаңатілек ауылының азаматтары тігіп, бұл іске Бейбіт Мергенбайұлы ұйытқы болыпты. Жаңатілектің ұйымшыл жұрты тойға тоғыз үстел сыйған ақ орда құрғанына да куә болдық. Ал осы көлікті жабық бәйгеде жеңіп алған Майданқасқа иесі – Жұмат Шанин ауылының тұрғыны Сүтжан Кәрімовке 60 жылдық мерейтойына аталған 15 жылқының бірі болып шықты.
Той өтерден бір күн бұрын жұртшылық Баянауыл ауданы Мұрынтал ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан Ақшоқыдағы Жаяу Мұса зиратына ағылды. 1972 жылы кішкентай киіз үй тәрізді тұрғызылған зират той қарсаңында кесене түрінде күмбезделіп, жаңғыртылды: сыртқы кейпі Сұлтанмахмұт ақын кесенесі іспетті.
Жалпы, бұл мерейтойлар бір күндік думанды тоймен ғана емес, руханиятқа қосқан өзіндік үлесімен де есте қалмақ. Сондай үлестің бірі – Торайғыров университеті жанындағы Е.Бекмаханов атындағы өлке этнографиясы және тарих ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Амантай Құдабаев әзірлеп шығарған «Ақ сиса» кітабы. Аты айтып тұрғандай, Жаяу Мұса Байжанұлына арналған кітап туралы Амантай аға былай деп әңгімеледі:
– Бұл кітапқа Ахмет Жұбановтың, Ерзаковичтің айтқандарын, Е.Брусиловскийдің хатын, Әлкей Марғұланның естеліктерін енгізіп, Зейтін Ақышевтың Жаяу Мұса туралы кітабынан үзінді бердім. Ондағы ойым – Жаяу Мұсаны жан-жақты таныту. Біз бұрын тек қана Зейтін Ақышевтың кітабын оқып, Әлкей Марғұланның жазбалары жайлы білмеген едік. Әлкей атамыздың айтуынша, Жаяу Мұсадан алты дәптер қалған, ол дәптерлер күнделік іспетті. Соның ішінде кімге хат жазғанын, қалай жазғанын – бәрін айтып отырған. Жаяу Мұсаның ерекшелігі өте көп. Ол – тек ақын емес, күрескер, әділетсіздікке, озбырлыққа қарсы өзінше күресті, әнімен, өнерімен күресті. Жаяу Мұса Шоқанмен дос болған. Әскер қатарына алынуы, шетелге барып соғысуы Шоқанның ақыл-кеңесімен жүзеге асқан. Шорман тұқымы қудалай берген соң, Шоқан оған: «Әскерге барсаң, қолыңда патша ағзамның «солдат» деген қағазы болады, сонда саған ешкімнің тісі батпайды» десе керек. Жаяу Мұса орысша да, қазақша да сауатты жазған. Шет тілін білген, бірақ қай тілді білгені айтылмайды. Губернаторларға хат түскен кезде, олар Жаяу Мұсаның сауаттылығына таңғалған. Әншінің даңқын естіген Абай ақын оны шақырған деседі, бірақ барған-бармағаны беймәлім. Кітаптың тағы бір жаңалығы – соңғы кезде табылған он бес шақты әнінің нотасын бердік. Жаяу Мұсаның бесалты күйі бар және күйді қобызда орындаған екен.
Айта кетейік, 15 тамыз күні облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында «Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса» атты республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өткен болатын. 12 дүлдүл бақ сынаған ән додасында бас жүлдеге 1 млн теңге, бірінші орынға 700 мың теңге, екінші орынға 500 мың теңге, үшінші орынға 350 мың теңге мен арнайы жүлде тігілген. Осы байқаудың бас жүлдесін Айдос Саниязбек жеңіп алса, Дәуренбек Сләмғали І орынға, Өзгеріс Шерікбай ІІ орынға, Жалын Құнанбай ІІІ орынға ие болды. Фархад Жәкіш пен Өмірзақ Шешханұлына арнайы жүлделер табысталды. Жүлде алған өнерпаздар бас сахнада Жаяу Мұса әндерін әуелетті.
Енді қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – сықақшы Қадыр Тайшықов пен жазушы Қалмұқан Исабаев мерейтойлары аясында «Айқара.kz» әдеби порталы мен облыстық «Ақбеттау» журналы ұйымдастырған облыстық әдеби байқаулардың жеңімпаздарын атап өтелік.
Қалмұқан Исабаев атындағы облыстық прозалық шығармалар байқауының бас жүлдесі (750 000 тг) Жақсыбек Шанышқылыға, І орын (550 000 тг) Бейбіт Бөженге берілді. ІІ орынға (350 000 тг) екі жүлдегер — Жантас Еркін және Нұрлан Күлжан лайық деп танылды. ІІІ орын (250 000 тг) үш жеңімпазға үлестірілді, олар — Жанасыл Серікбол, Ербол Қайыров және Шолпан Байғалы.
Қадыр Тайшықов атындағы облыстық сатиралық шығармалар байқауында І орынды (350 000 тг) Алпысбай Әбділұлы, ІІ орынды (250 000 тг) Бейбіт Бөжен жеңіп алды. ІІІ орынмен (100 000 тг) Жанболат Абайхан, Жұмағали Қоғабай және Жақсыбек Шанышқылы марапатталды. Байқаудың арнайы жүлдесі 100 мың теңгелік сыйақымен Еламан Қабділәшімге табысталды.
ЖАНАРГҮЛ ҚАДЫРОВА

