Биылғы жылдың 1-31 тамызы аралығында елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының бірінші кезеңі өтеді. Бұл туралы Екібастұз қаласының орталық көшесіндегі билбордта да ақпарат орналасқанын байқадық. Санақ шеңберінде Қазақстанның шамамен 300 мың ауыл шаруашылығы ұйымы мен 2 млн үй шаруашылығын қамту межеленіпті. Ал Екібастұзда санаққа қанша шаруашылық кіреді? Тақырыпты Екібастұз қаласы статистика басқармасының басшысы Қалима Қожахметова тарқатты.
– Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына Екібастұз өңірінен қала бойынша іріктелген 494 үй шаруашылығы, 11 ауылдағы (7 ауылдық округ, 2 ауыл, 2 кент) 2086 үй шаруашылығы және 681 ауыл шаруашылығы құрылымы (заңды тұлғалар, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерліктер) қатысуға тиіс. Аталған ауыл шаруашылығы құрылымдары ішінде 70 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 611 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерліктер бар. Ал қаладағы үй шаруашылықтарына келер болсақ, біз 1 маусымнан 31 маусымға дейінгі аралықта жер үйлерде алдын ала түгендеу жүргіздік. Нәтижесінде қаладағы үй шаруашылықтарының жалпы санының 5 пайызы, яғни, 494 үй шаруашылығы санақтың негізгі кезеңіне іріктеліп енгізілді. Сонда өңірден жалпы саны 2580 үй шаруашылығы санақтан өтуге жатады, – дейді Қалима Қаббарқызы.
Санақтың 1-31 тамыз аралығын қамтитын негізгі кезеңінде барлық қатысушылар sanaq.gov.kz сайтында онлайн форматта санақтан өте алады. Сайтта ауыл шаруашылығы өндірушілері мен үй шаруашылықтарына арналған екі түрлі сауалнама парағы болады. Өсімдік шаруашылығымен, мал шаруашылығымен немесе балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа (фермер) қожалықтары 2-АШК/ШФҚ санақ парағын толтырады. Бұл сауалнама тоғыз бөлімнен тұрады және 29 сұрақты қамтиды. Онда жер учаскелерінің көлемі, олардың қалай пайдаланылып жатқаны, суару тәсілдері, жердің меншікке немесе жалға алынғаны туралы мәліметтер көрсетілуі керек. Сондай-ақ, сауалнамада шаруашылықтағы мал, құс, балық саны, қолданылатын техника, құрал-жабдықтар, қоймалар, сақтау орындары мен басқа да қажетті нысандар туралы ақпарат сұралады. Қатысушылар тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану, органикалық өнім өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, сондай-ақ, жұмысшылардың саны мен олардың сипаттамасы жөнінде де мәлімет береді.
Бақша егетін немесе мал мен құс ұстайтын үй шаруашылықтары да санаққа қатысады. Олар үшін 3-ЖҚШ сауалнама парағы қарастырылған. Бұл сауалнамада қандай дақылдар өсірілетіні, қанша мал мен құс ұстайтыны, жайылымдарды қолданатыны, мал ұстауға арналған құрылыстардың бар-жоғы, сондай-ақ, өнімнің сатылатыны немесе жеке тұтынуға пайдаланылатыны туралы мәлімет беріледі. Үй шаруашылықтарына арналған сауалнама 8 бөлімнен және 22 сұрақтан тұрады. Жер учаскелерінің, егістік алқаптарының, мал мен құстың нақты орналасқан жері көрсетілуі тиіс.
Егер шаруашылық бірнеше өңірде қызмет жүргізсе, санақ парағы әр өңір бойынша жеке толтырылады.
Қалима Қаббарқызы санақтың екінші кезеңіне де тоқталып өтті:
– 1-31 тамыз аралығында онлайн тәртіпте деректерін ұсынып үлгермегендер үшін
20 қыркүйек – 20 қазанды қамтитын келесі кезең қарастырылған. Ол кезде санақ офлайн тәртіпте өтетіндіктен, интервьюерлер жалдаймыз, олар үйүйді аралап, планшеттермен сауалнама алатын болады.
Маманның айтуынша, санақ жұртшылыққа қолайлы өтуі үшін әр ауылда қызмет көрсету аймағы жасалған, онда шаруа қожалықтары өкілдері үшін интернетке қосылған компьютерлер орналастырылыпты. Ақпарат қолжетімділігі үшін қала ішіне 4 билборд, әр ауыл мен кентке бір-бір билборд орнатылған. 2025 жылдың мамыр айынан желтоқсан айына дейінгі мерзімге Екібастұз қаласы үшін 2 нұсқаушы жұмысқа алынды. ІІ кезеңде 5 интервьюер уақытша жұмысқа қабылданатын көрінеді.
– Барлық ұсынылатын ақпараттың құпиялылығы сақталады, деректер ҚР «Мемлекеттік статистика туралы» заңымен қорғалады және салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді. Алынған деректер келешекте ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, мемлекеттен қолдау көрсетілуіне ықпал етуге тиіс, – деп нақтылады маман.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА