«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» хакім Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл толуына орай ел көлемінде түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Ұлы ақынның мұрасын дәріптеуден Екібастұз қаласы да шет қалмай, 14 тамыз күні орталық кітапхананың оқу залында «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ұлылар үндестігі» деп аталған танымдық кеш өтті. Мазмұнды кештегі әңгіменің тізгінін Павлодар облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, ұлағатты ұстаз Жеңіс Мейірман ұстап, Абайды танудың өзектілігі туралы сөз қозғады.
Жас ақын Ерболат Әміренов жиналған қауымды Абай Құнанбаевтың өміріне қатысты 10 дерекпен таныстырып, ойшыл ақын сөзінің қадір-қасиеті жайлы жазушы Асқар Сүлейменовтің пікірлерін айтып берді. «Абай сөзі қашан ескіреді?» деген сұраққа жазушы: «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» деп тіл қатып, сонымен бірге, «Абайға зиярат етуге кеще де, кемеңгер де келеді. Солар үйрету үшін емес, үйрену үшін, тазару үшін келеді» деген екен. Ал Абай дана: «Еңбексіз өткен күннің бәрі өлген күн» екенін айтып, «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» деп өсиет қалдырғанын үлкен-кіші тегіс білуі тиіс.
Абай шығармашылығымен таныс оқырман «Қараңғы түнде тау қалғып…» өлеңін білетіні анық.
«Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт, дел-сал қып,
Түн басады салбырап.
Шаң шығармас жолдағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сендағы,
Сабыр қылсаң азырақ».
Жеңіс Шанаққызы неміс ақыны Иоганн Вольфганг Гетенің «Жолаушының түнгі әні» өлеңін 1780 жылы жазғанын, 1840 жылы оны орыс ақыны Михаил Лермонтов немісшеден орысшаға аударғанын, 1892 жылы Абай орысшадан қазақ тіліне тәржімалағанын айтып, үш ұлы ақынның үндестігі үш тілде ғажап туынды тудырғанын баяндады. Осыдан соң халықаралық дәрежедегі аудармашы Роза Молдайыпқызы өлеңді түпнұсқасында оқып, таяуда Абай еліндегі тойда болғанын, өкінішке қарай, Жидебай-Қарауыл арасында жол асфальтталмағанын, жасыл желектің де тым аздығын айтып, алдағы уақытта үкімет мұны ескерсе деген тілегін жеткізді.
Белгілі әнші Ләззат Шушаева Лермонтов аудармасындағы «Горные вершины» әнін орындап, әжелер ансамблі «Қараңғы түнде тау қалғып…» әнін айтып, тыңдаушының сезімін шалқытты. Бұдан кейін де Абай әндері айтылып, ардагер ұстаз Нағима Қуанышева Абай мұрасын танытуға алғаш түрткі болған «Алаш» партиясының көсемі Әлихан Бөкейхановтың әрекеті жайлы айтты. Сонау 1925 жылы Әлихан Ленинградта университетте дәріс оқығанында сонда тыңдаушы болып жүрген Мұхтар Әуезовтің пәтерінде жатып, Абайдың шығармашылығын жарыққа шығаруды болашақ жазушының құлағына құйған екен.
Тағлымды кештегі әңгімені түйіндеген Жеңіс Шанаққызы «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің жаңа оқу жылы басталған соң Абай мұрасын таныту мақсатында мектептерде іс-шаралар ұйымдастыратынын жеткізді. Сонымен бірге, атқарушы биліктің қала көлемінде үлкен шара ұйымдастыруға қам жасағаны жөн деді.
Жассерік Жәлелұлы