Биыл күздің демі ерте сезілетін сыңайлы. Ауа райын болжау қызметтері де солай деп отыр екен. Сондықтан да жылу беру маусымына сақадай сай болу қажет.
19 тамыз күні қала әкімі көпқабатты үйлерді басқару органдары басшыларымен кеңес өткізіп, әзірлікті тағы бір мәрте пысықтады.
Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әлібек Байділдиннің айтуынша, қаламыздағы 705 биік үйдің 620-сында қабылдау-тапсыру шаралары орындалыпты. Ал 334 биік үй «Екібастұз жылу желілері» кәсіпорнынан әзірлік актісін алып, 286 биік үй өтінім беріпті. Бір ғажабы, кейбір көпқабатты үйлер өтінімді маусым-шілде айларында тапсырғанымен, аталмыш кәсіпорынның жылу инспекциясы бөлімі оларды әлі қарастырмапты. Отырыста қала басшысы Аян Бейсекин кәсіпорын басшысы А.Моисейге өтінімдерді жеделдетіп қарауды шегелеп тапсырды. Сонымен қатар, биік үйлердің сыртқы аумағындағы құбырларды жуып-шайып әзірлеу де «Екібастұз жылу желілері» кәсіпорнының міндеті екенін айтты.
Бүгінгі күні жылу беру маусымына әлі әзір емес үйлер де бар. Мәселен, 35 биік үйде үйішілік жылу тораптарын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал 50 биік үйде әзірлік 31 тамызда толық аяқталмақшы. Тағы 38 биік үйді жылу беру маусымына әзірлеу үшін конкурс жарияланып, жеңіп шыққан «Stroy Lider Pro» ЖШС жұмысқа кіріскелі екі апта болыпты. Уақытша басқарушы компания сол екі апта ішінде 34 биік үйді әзірлеп үлгеріпті. Қала әкімі Аян Уахитұлы компания басшысы Бейімбет Ақышевқа жұмысқа жауапкершілікпен қарау керектігін айтып, егер жылу беру кезінде «ши» шықса, қатаң сұраныс болатынын ескерті.
Жалпы, бұл ескерту қаламыздағы көпқабатты үйлерді басқарушы органдардың бәріне қатысты айтылғаны анық.
Айтпақшы, түрлі формадағы басқарушы органдар жылу беру маусымына әзірлікке қоса, үйлердің ауласы мен маңын таза ұстауға да көңіл бөлуі тиіс. Тазалық пен көріктендіруден үй тұрғындарының да қалыс қалмауы абзал.
– Келесі жылы аулаларды кешенді абаттандыруды қолға алғанда бірінші кезекте осындай таза әрі көрікті үйлерді жоспарға енгіземіз, – деді қала басшысы.
Отырыста, сонымен бірге, бірқатар мәселелер сөз болып, талқылау барысында оларды ретке келтірудің жолдары айтылып, мерзімі бекітілді.
Ж.Жәлелұлы