Биыл жаңа оқу жылын 2 қыркүйекте бастау ұйғарылғаны белгілі. Аппараттық кеңесте білім беру бөлімі басшысы Лаура Дисюпова 2025-2026 оқу жылына дайындық туралы хабарлама жасады.
Биыл күз мектеп табалдырығын 23200 оқушы аттайтын болады. Соның ішінде 10913 бала қазақ тілінде, 11270 бала орыс тілінде білім алады. Осы мәліметтен-ақ жылдан-жылға орыс тілінде оқитын балалар санының артып бара жатқанын аңғарамыз. Ең өкініштісі – орыс мектептерінің қабырғасында жүрген оқушылардың басым бөлігі – қазақ балалары. Ата-аналардың ұл-қыздарын орысша оқытуға неліктен құштар екені жайлы, өкінішке қарай, білім бөлімі басшысы жақ ашпады.
Естіген мәліметтерді ары қарай тарқатсақ, бірінші сыныпқа 2300 оқушы қабылданыпты. Бұл – былтырғы жылмен деңгейлес.
Баланың білім алуы үшін оқулықтар қажет емес пе. Бұрыннан бар оқулықтарға қосымша 60912 оқулық қажет болған екен, 10 баспамен шарт жасалып, оқулықтар толық жеткізіліпті.
Кадр мәселесіне келсек, 37 мұғалімге сұраныс бар. Конкурс жарияланып, жұмысқа қабылдау жүргізіліп жатыр.
Енді жаз ішінде жүргізілген жөндеу жұмыстары жайлы айтайық. №№ 9,14,13,16,17 мектептерде күрделі жөндеу толық аяқталыпты. Сонымен бірге, 23 мектеп пен 11 балабақшада ағымдағы жөндеу жүргізілген. Қала мен өңірдегі 74 білім беру мекемесі құлақтандыру жүйесі және бейнекамералармен 100 пайыз жабдықталған.
Жылу беру маусымына дайындық актісін 63 білім беру мекемесі алған екен. №№2,6,11,35 мектептер мен №7 балабақша тиісті құжаттарды «Екібастұз жылу желілері» ЖШС-іне қол қоюға тапсырыпты.
Ауылдық аймақтағы білім мекемелеріне 7690 тонна көмір қажет. Соның 3608 тоннасы жеткізіліпті. Алайда қатты отынның сапасы көңіл көншітпейді. Білім беру бөлімі басшысы Лаура Аманқызы көмір сапасы нашар болғандықтан 10 көліктің кері қайтарылғанын айтты. Мұны естіген қала басшысы Аян Уахитұлы орынбасары Қаныш Әділхановқа «Богатыр Көмір» ЖШС-мен байланысқа шығып, мәселені бақылауға алуды тапсырды.
Білім мекемелерінің қыс ішінде жылы болуы қазандықтардың қалыпты жұмыс істеуіне байланысты емес пе. Биыл жаз Екібастұз орта мектебінде 2 қазандық, Өлеңті негізгі мектебі мен Қояндыдағы №14 мектепте бір-бір қазандық орнатылыпты. Сонымен бірге, үнемделген қаржы есебінен Бозшакөл негізгі мектебі мен Шиқылдақ ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектепте бір-бір жаңа қазандық орнатуға шарт жасалған екен. Мәселенің мән-жайына қаныққан қала әкімі Аян Бейсекин:
– Мұндай жұмысты ертерек қолға алу керек еді. Қазандықтар 10 қыркүйекке дейін орнатылуы тиіс, – деп білім бөлімі басшысы Лаура Дисюповаға тапсырма беріп, елді мекендегі хал-ахуалға онша жетік емес Төртқұдық ауылдық округі мен Шиқылдақ ауылы әкімдеріне ескерту жасады.
Жалпылай алғанда, қала басшысы жаңа оқу жылына әзірлікті оң бағалап, бөлім басшысына білім беру мекемелерін дамытудың орта мерзімді жоспарын жасаумен шұғылдану қажеттігін айтты.
Аппараттық кеңестегі әңгіме түйіндей келе, қала әкімі Аян Бейсекин мемлекеттік тіл мәселесіне назар аударып:
– Тағы да қайталап айтамын, ақпаратты мемлекеттік тілде беруді дағды ету керек. Бұл талап мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, ірі кәсіпорындар басшыларына да қатысты, – деді.
Айтпақшы, осы жолғы кеңесте білім бөлімі басшысы Лаура Дисюпова есебін таза қазақ тілінде берсе, кәсіпкерлік бөлімі басшысы Медет Шоқан аралас тілде сөйледі. Қала басшысының сөзі орысша баяндауға құмар басшыларға қаратыла айтылғаны анық.
Ж.Жәлелұлы