20 тамыз күні «Қазақстан» кинотеатры алаңында «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы аясында Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні өткізілді. Мұндай шараның болатынын күнілгері білген қала тұрғындары белсенділік танытып, өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша атқарушы билік өкілдеріне жолықты.
Қала әкімі Аян Бейсекиннің қабылдауында болған қала тұрғыны Қуаныш Хасенов ауладағы балалар алаңшасына тым тақау орналасқан тұрмыстық қоқыс бактарын көшіру туралы сөз қозғады.
—Мен Шешембеков көшесі, №19 «А» үйде тұрамын. Сол жерде жеті биік үй бар. Жас балалар көп. Олар ойнайтын алаңшаның қасында контейнерлер тұрғаны жөн емес қой, —деді Қуаныш Хасенов.
Оның айтқанын мұқият тыңдаған қала басшысы қоқыс бактарын басқа орынға жылжыту үшін әлгі биік үйлер тұрғындарының бәрінің жазбаша келісімі қажет екенін түсіндірді. Өйткені көшіру біреулерге ұнаса, біреулерге ұнамай, соңы дау-дамайға айналуы ықтимал.
Атқарушы билікке жүгінген төрт баланың анасы Бақытылы Дүйсекееваның жан күйзелісін әбден ұғуға болады. Осыдан жиырма бес жыл бұрын баласы Қуаныш Дүйсекеев өндірісте жарақат алып, І топ мүгедегі болып қалыпты.
—Бес жыл бұрын балама кезекпен Энергетиктер көшесі, 116-үйден екі бөлмелі пәтер берілген еді. Сол пәтердің асүй бөлмесінің бетон едені қопарылып, шұрқ-шұрқ ойылды. Жасым жетпістен асқан маған жүріп-тұру оңай болмай тұр. Жөндеп алуға қаражат жағы жетпейді. Сіздерге көмек болар-ау деген үмітпен келіп тұрмын, – деген Бақытылы апайдың сөзін тыңдаған қала әкімінің орынбасары Гүлжан Зарлықова мәселенің оң шешімін табатынын айтып қуантты.
Қала тұрғыны Анна Слабоденюк Абай көшесі бойында жеке сектордағы жекеменшік үйде тұрады екен. Үй жанынан өтетін көшені асфальттауды өтінген оған қала әкімінің орынбасары Қаныш Әділжанов сол жерде болып, жағдайды көзімен көрген соң ғана шешім қабылданатынын айтты.
Аты-жөнін айтудан бас тартқан жігіт ағасы қырсық көршісінің үстінен шағымдана келіпті.
—Мұхтар Әуезов көшесі, 3-корпус, №24 пәтерде тұратын көршімнің үш бөлмелі пәтері ыбырсып жатыр. Іші керекті-керексіз дүниеден астан-кестең. Өзі пәтеріне анда-санда ғана келеді. Осыдан алты жыл бұрын пәтері өртеніп, сөндіру кезінде зардап шеккен еді. Тағы бірде құбыры жарылып су ағып, төмендегі пәтерлерді бүлдірді. Екі жыл бұрын шағым хат түсіріп едік, еш нәтиже шықпады. Енді тағы келіп тұрмын, —деді әбден қажыған қалып танытқан әлгі азамат.
Атқарушы билік мәселені қаперге алып, бұл жолы құзырлы органдар пәтер иесін жауапкершілікке шақырады деген ойдамыз.
Зейнеткер кенші Рафаэль Рахматуллин азық-түлік бағасының қымбаттап бара жатқанын, ал сапасы нашар екенін кәсіпкерлік бөлімі басшысы Медет Шоқановқа айтып шағынды.
—Бұрын бір бөлке нан салмағы 700 грамм болушы еді, қазір небәрі 350 грамм. Бағасы арзан емес, әрі бір тәулік сақталса, көгеріп кетеді. Ана жолы «Светофор» дүкенінен шпрот пен қалбырдағы бұқтырылған ет сатып алып едім, іші май емес, кілкіген су, еш дәмі жоқ. Осындай жылпос кәсіпкерлерге тыйым бола ма? – деген зейнеткер кенші өз өнімдерімізді молырақ өндіру қажет деп те пікір білдірді.
Бүгінгі күні баға саясатының жұрттың көңілінен шықпай отырғаны әмбеге аян. Десек те мұның түрлі себептері бар. Атқарушы билік өкілі арызданушыға мән-жайды түсіндіріп, алдағы уақытта сауда саласында бақылаудың күшейтілетінін айтты.
Жалпы, Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнінде қала тұрғындары тарапынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құқық қорғау, медицина, әлеуметтік қорғау салаларына қатысты сұрақтар көп болды. Көтерілген мәселелердің бәрін атқарушы билік қаперге алды. Алдағы уақытта солардың басым бөлігі шешімін табады деп сенейік.
Ж.Жалелұлы