Биыл қалалық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 35 жыл толады.
Тарихқа көз жіберсем, сонау 90-шы жылдың 15 тамызы әлі есімнен кетпейді. Мен бұған дейін әр жылдары «Қазақ тілі» қоғамының қалай құрылғаны, оған қандай дайындықпен келгеніміз, кімдердің бастамашыл болғаны, алғашқы басшылары кімдер екендігі, қандай жұмыстар атқарғанымыз туралы жазып келгем. Бүгін жалпы шолу жасап, басты-басты мәселелерді атап өткім келеді.
«Өткенсіз тарих жоқ» деген. Сонау 1986 жылғы Желтоқсанның ызғары талай жастың жігерін жанып, өмірге жаңаша қарауға ұмтылдырды. Сондай жастар 1990 жылдардың басында Екібастұз қаласының «Шахтақұрылыс» комбинатындағы комсомол жастардың бастарын біріктіріп, олар «Мирас» қоғамы болып атанып (Бейімбет Шабдаров, Серік Мәженов, Хабиба Шәріпова, Сабыржан Ахметов, т.б.), жұртшылықты елең еткізді! Сол жалынды жастар қаламыздағы зиялы қауым: елге танымал, қоғамда белсенділік көрсетіп жүрген аға буын өкілдерінен (өлкетанушы, тарихшы Серік Имантайұлы Жақсыбаев, қоғам қайраткері Көбен Әбілдаұлы Төлепбергенов, жалғыз қазақ басылымы – «Отарқа» газетінің редакторы Аманкелді Қаңтарбаев, журналистер: Ғалия Балтабаева, Дәмет Қарашашева (марқұм), қалалық радио редакторы Ж.Қоғабаев, ардагер ұстаз Жеңіс Мейірман, т.б.) ақыл-кеңес сұрап, жұртшылықпен талай кездесу-жиындар өткізгенінің куәсі болған едім. Сол серпілістің арқасында қаламыздың атқарушы билігі «Қазақ тілі» қоғамын құру бастамасын мақұлдап, тұңғыш конференция өткізді. Сөйтіп, 1990 жылдың 15 тамызы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының құрылған күні боп тарихқа жазылды! Сол конференцияда Манарбек Асқарбекұлы Дәулетбақов (марқұм) атқарушы төраға болып, мен жауапты хатшы болып сайландым. Кейін әр жылдары Ш.С.Нұрғазинов, С.Ж.Ахметов, Ж.Б.Қоғабаев «Қазақ тілі» қоғамының төрағалары болды.
«Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілдің өркендеуіне (қазақ тілінде балабақшалар мен мектептер ашу, көше атауларын қазақша атау, қазақ тіліндегі басылымдарды көбейту, телехабар бағдарламаларында ана тілінің басым болуына назар аудару), қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттауға (алғашқы «Наурыз» мейрамын, «Ақ әжелер», «Әнші балапан», т.б. байқауларды өткізу), қаланың мәдени өмірінің дамуына көп әсер етті.
Мемлекеттік тілдің дамуы жолында атқарылған жұмыстарды, яғни, қаламыздың әр кәсіпорын, мекемелеріндегі аудармашы мамандардың еңбегін бұған дейін жазғанмын, ол туралы қайталау артық болар.
Сол жылдары жастардың, жұртшылықтың жаңалыққа ұмтылуы ерекше болды. Мәселен, көше атаулары жаңаша «Дауа», «Желтоқсан», «Достық» болып аталды.
«Қазақ тілі» қоғамының қалыптасуы қаламызда өнерлі ұжымдардың, айтыс ақындарының (Серік Құсанбаев, Сабыржан Ахметов, Қаржау Отарбаев (марқұм), «Қамажай» әжелер ансамблі (жетекшісі – Хорлан Үсенова марқұм), қыздардың «Гүлдерай» вокалды тобы (жетекшісі – Ләззат Шушаева), Иманбердиевтердің (Нұрболат пен Мәдина), Жылқыбаевтар отбасылық ансамбльдері, Төртұловтар (Ибрагим мен Ғайни) домбырашылар оркестрі, әнші-термеші Жәнібек Мәліков (марқұм), «Мерке әуендері» ансамблі (Мұрат Есенәлиев марқұм), Ержан Смағұлов (марқұм) сияқты эстрада әншілерінің жарқырап өнер көрсетуіне жол ашқандай болды.
Қорыта келгенде айтарым, «Қазақ тілі» қоғамы тек тіл мәселесімен ғана айналысқан жоқ, ол қоғам мен халықтың мақсат-мүддесін ұштастырып, нәтижелі жұмыстар атқарды деп нық айта аламын. Ол жылдар Екібастұз қаласының тарихы болып қалады. Сырғып өткен тарих жылнамасын жоққа шығара алмаймыз.
Б.Түсіпова, мемлекеттік қызмет ардагері