Батыр Ана, Солнечный кентіндегі «Ақниет» әжелер ансамблінің жетекшісі Клара Садықованы бала күнімнен білемін. Кеңес үкіметі тұсында Әнуарбек аға мен Клара апа құрған Садықовтар отбасылық ансамблінің атақ-абыройы Ертіс-Баян өңірінде дүрілдеп тұрды. Ансамбль 1986 жылы Павлодар қаласының «Шахтер» стадионында 70-ке тарта отбасылық ансамбль қатысқан сайыста 3-орынды иеленіп, лауреат атанған. Отбасының ынтымағын әсем ән, тәтті күй сазымен әрлеген Клара апа – бүгінде өңір мәдениетін дамытуға белсенді атсалысып қана қоймай, жас ұрпаққа терең тәлім беріп жүрген ұлағатты әже. Клара апамен әңгімеміз отбасындағы үлкендермен қарым-қатынас, сыйластық жөнінде өрбіді.
– Клара Қабиқызы, өңірімізде ұйымдастырылған қандайда бір іс-шарадан сырт қалып көрген емессіз. Тіпті сонау бір жылдары келініңіз Рахима Ысқақовамен бірге қалалық ене мен келін сайысына қатысып, жеңімпаз атанғаныңызды ұмыта қойған жоқпыз. Қазіргі күні адамдар арасындағы қарым-қатынас өзгеріп, қоғамда жылу азайған сияқты. Осы орайда өзіңіздей «ескі» адамдардың өмір жолы баға жетпес өнеге деп білеміз. Әңгімеңіздің әлқиссасын енеңізден бастасаңыз…
– Апам, яғни, енем Қайша өте жақсы адам болды, атам соғыста болғанда даланың да, үйдің де шаруасын жалғыз атқарып, өмірдің ауыртпалығын көрген адам. Менің жас екенімді түсініп, білмегенімді үйретіп, білгенімді мадақтап отыратын. Қолынан бәрі келетін ісмер жан болды. Қыс мезгілінде сағат бес-алтының шамасында қас қараяды. Малды жайлап, базға қамағаннан кейін кешкісін қойдың қырқылған жүнін әуелі сиырдың тайтерісінің үстіне салып сабаумен сабайтын, май мен шайырдан, шаң-тозаңнан айырған соң оны жуып, пештің арқалығына жайып кептіретін. Тазарған жүнді түтетінбіз, дайын жүнді апам иіріп, бізге ширатқызатын. Қыстай алашаның жібін дайындап, көктемге қарай саудагерлерден бояу алғызып, далада қазанға салып қайнатып, жүнді алуан түске әбден қанықтыра бояйтын. Дайын жіптен ою-өрнекпен әшекейлеп тақта алаша тоқитын, құлаш-құлаш жіпті мосы ағашқа айналдыра іліп қойып өрмекпен терме алаша тоқитын. Ол кезде кілем, палас деген жоқтың қасы. Апам қолдан текемет те бастыратын. Одан басқа бас киімдер, шапан, қамзол, желетке, тігетін, шұлық тоқитын. Осылайша төрт түліктің өнімдерін кәдеге жаратып, тұрмыс-тіршілікте кеңінен пайдалана білген апам әр жұмыстың қыр-сырын үйрете білген шебер әрі дана адам еді…
– Үнемі Садық атаның есімін насихаттауыңызға қарап сізді сол кісінің қызы деп ойлап жүріп, қайын атаңыз екенін кейін түсіндім. Атаңыздың ерекше қасиеттерін атап өтсеңіз?
– Қайын атам Садық Сапабекұлы діни сауатты молда, құймақұлақ шежіреші болды. Бірнеше бәйге атын ұстап, жарысқа қосқан атын Асауторы деп атаған. Аңшылықпен айналысып, тазы жүгірткен. Жүйрік тазысын – «Шағыр», төбет итін «Жолбарыс» деп атаған. Атамның Ұлы Отан соғысы туралы жырлары бұрынғы Қазақ КСР тарих және әдебиет институтындағы мұрағатта сақталып, Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі Мұхтар Әуезовтің редакциялауымен жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихының» І томына (9-бөлімі мен фольклор кітабында) енген. Жерлестері «Үлкен Сәкең», «Молла Сәкең» атаған ақсақал қылышынан қан тамған кеңес үкіметінің кезінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнін өз үйінде ауылдастарымен тойлап, әдеби жыр кешіне айналдырған. Аузы дуалы, көкірегі шежіре Садық ата ескіден қалған көне сөз, би-шешендердің өмірі, билік келісімдер туралы аңыз-әңгімелерді көп насихаттайтын. Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Тайкелтір би, Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мәуке батыр, Шөже ақын, Саққұлақ, Сүйінбай, Байдалы би, Шәкәрім ақын өмірі мен шығармашылығын ауылдастарына паш етіп, рухани кештерді жиі өткізді. Атамның руханиятқа қосқан зор үлесінің бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектерін сақтап қалуы. Осыған орай бір еңбегінде филология ғылымдарының докторы, профессор Қуандық Мәшһүр Жүсіп «Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы, майдангер, атбегі, ақын, өмірі шежіреге толы Садық ақсақал Мәшһүр атамыздың жазбасын көзінің қарашығындай сақтап жасырып, жеткізгені – өз алдына бір өнегелі іс» деп деп баға берген-ді.
– Клара апа, сіз өз заманыңызда ата мен ене тәлімін көрдіңіз, үлкендерді күтіп, баталарын алдыңыз. Қазір, қарап отырсақ, қарттар үйі көп. Жалғыз тұрып жатқан қариялар да қаншама! Сіз ғұмыр кешкен Шоманкөл ауылының қариялары бір-бір тәрбие университетіндей еді. Өзіңіз көрген сол қарттарға қатысты тәлімді оқиғалардан есіңізде қалғаны бар ма?
– Мен Қарақуысқа келін болып түскенде жұбайымның ағайыны Қаткен ағай туған нағашы апасы Тайлақ деген апамызды ат-арбамен біздікіне алып келді. Себебі апаның өзі: «Ешбір туысқанымның қолына бармаймын, мені Садықтың үйіне апарыңдар» депті. Мен жаңа түскен келінмін. Қарақуыста жарық жоқ, суды құдықтан мойынағашпен тартып, тасимыз. Сиыр мен бие сауамыз, шайды самауырға шай қоямыз. Рожки-макарон жоқ, бәрін қолдан жасаймыз. Таңертеңнен кешке дейін сылп-сылп шаруа, арасында құрт жаямыз. Сол кезде мен Тайлақ апаны күттім. Гүлнәзира деген тұңғыш қызымды күпіге орап, қасына отырғызып қоятынбыз. Тайлақ апа «Осы Гүлнәзираны маған берші, киімімді жусын!» деп отырушы еді. Сөйтіп жүргенде Тайлақ апа қайтыс болды. Ата-енеммен бірге мәйітін оң жаққа қойысып, ақ жуып, арулап аттандырдық. Жылына жетпей Гүлнәзира қызымыз шетінеп кетті, апаның сұрайтын қызы еді ғой деп, аяқ жағына жерледік. Ол кездің адамдары «Сен қайдан келдің?» демейтін еді, жанашыр жақынсыз қалған үлкендерді шын жүректен күтетінбіз…
– Әңгімелеріңізді тыңдасақ, өзіңіз тұрған ауылда қазақтың пейіл-ықыласының кеңдігін танытқан мұндай мысал аз болмапты…
– Қазақта қазына бар пейіл деген. «Алла пейіліңді алмасын!» дейді ғой, қазір сол пейіл азайды. Өз өмірімнен тағы бір мысал келтірсем, бір жылы атамыз үйге Орақбай деген молла қарияны алып келді. Қолында шүберек дорбасы бар еді. Үш бөлмелі үй, бір жағында – ата-енем, бір жағында – қайным мен абысыным, бір жағында біз жатамыз. Ортадағы ас үйде Орақбай ата жатты. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Бір күні қалтақтап жүріп бара жатып құлап қалам ба деп, ыдыс-аяқ тұрған шкафты ұстай алыпты. Сол кезде шкафтағы ыдыс-аяқпен бірге төркінімнен келген «Родина» радиосы құлап, қирады. Атам маған оқта-текте қиссалар оқытып, жарық жоқта радио тыңдаушы едік. Содан Орақбай ата асқа келмей, «Мына баланың дүниесін құрттым-ау!» – деп қатты налыды. Атам: «Ораға, оныңыз не, дүние тозады, өмір озады» деді, мен де көңілін табуға тырысып бақтым. Өзім Қыдыр атаға ұқсатқан Орақбай ата біраз уақыттан соң туыстарын паналап кетті… Ауылымызда Тиышбала деген апа болды. Қолына түскен абысыны Асылмен қартайғанша бірге тұрды: Асыл апа соғысқа хабарсыз кеткен күйеуін күтіп Тиышбаланың үйінде қалып қойды. Көшіп кетем десе, басқа қалада актриса апасы да бар еді, кетпеді. Ауылымызда Тұрғымбай деген ақсақал бартұғын. Бәйбішесі Зағипадан туған балалары соғыста хабарсыз кеткендіктен, балалы болам ба деген ниетпен Сақып апаға үйленген. Бастапқыда екі әйелмен бірге тұрып, кейін Зағипа әжеге енші беріп, бөлек шығарды. Сонда менің атам Зағипа апаны Ахмет ата мен Тиышбала апаға ертіп апарды. Ахмет ата үш анаға ие болды: өз әйелі Тиышбала, келіні Асыл және жаңағы Зағипа апа. Үш апа бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп өтті…
– Бұрынғы кезде көршілермен де қарым-қатынас ерекше еді ғой…
– Көрші демекші, КСРО кезінде ауылымызға Кавказдан шешендер келіп, құрылыс жұмыстарымен айналысқан. Солардың ішінде Шервани есімді азамат бар еді, соның отбасымен туыстай араластық. Кейін Шервани Әнуарбек ағаң екеуімізді Кавказға қонаққа шақырды. Біз Грозный қаласына барғанда, алдымыздан шыққан қарт адам Шерваниге: «Қонағыңды әуелі қазақ ретінде күт, содан кейін досың ретінде күт» деді. Шервани бір қойды алып келіп, Әнуарбек ағаларыңнан бата сұрады. Содан кейін қазақша ет асып, жұқананымен етін ұсынды. Ертесінде өздерінің ұлттық тағамдарын дайындап, сый-құрмет көрсетті. Шешен халқының дәстүрі бойынша әйел адамдар ер адамдардан бөлек отырып тамақтанады, қыдыртқан кезде де бөлек көлікпен жүреді екен. Бір күні Әнуарбек ағаларың дүкенге барып естелікке кәдесыйлар сатып алған ғой, кассаға ақшасын төлейін деп келсе, оны да төлеп қойыпты. Сол кезде Әнуарбек: «Әй Клара, енді ештеңе алма, ұят болады» деді. Тағы бір ерекше салттары: кешкісін қонақтардың аяқ киімдерін жуып тазалап, төрге апарып қояды екен…
– Клара апа, үлкенді құрметтеудің, сыйласа білудің тамаша үлгісін паш еткен тағлымды әңгімеңізге мың алғыс! Жүз жасаңыз!
Сұхбаттасқан: Жанаргүл ҚАДЫРОВА.