11 тамыз күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова 2025-2026 оқу жылындағы өзгерістер туралы баяндады.
Биылғы оқу жылы бірінші сынып оқушылары үшін 33 аптаға, ал 2–11 (12) сыныптар үшін 34 аптаға созылады. Бірінші сынып оқушыларына қысқы демалыста, яғни, ақпан айында қосымша каникул беріледі. Қалған сыныптар дәстүрлі түрде күзгі, қысқы және көктемгі демалыстарға шығады.
Білім бөлімінің басшысы атап өткендей, әр мектептің өзіндік ішкі тәртіп ережелері бар. Бірінші сыныпқа қабылдау кезінде оқушылар мен ата-аналар осы ережелерді сақтау туралы арнайы келісімшартқа қол қояды. Мектеп формасына қойылатын талаптар да қатаң. Киім классикалық стильде болуы тиіс, ашық әрі көзге ұрып тұратын түстерге жол берілмейді. Негізгі рұқсат етілген түстер — қара, қою көк, қоңыр және сұр. Юбка мен шалбардың тек классикалық үлгілері қарастырылған.
2025 жыл елімізде еңбекке баулу жылы болып жарияланғандықтан, білім беру жүйесінде осы бағытқа ерекше көңіл бөлініп отыр. Оқу процесіне инновациялық тәсілдер енгізіліп, жасанды интеллект технологиялары кеңінен қолданылмақ. Бұл балалардың білім алу сапасын арттырып, оқу үрдісін жеңілдетуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Лаура Аманқызының айтуынша, 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету мақсатында «Мектепке жол» республикалық акциясы өтуде.
Акция аясында қаламыздағы әрбір білім беру ұйымында мұқтаж балалардың тізімі жасалып, 708 оқушы анықталған. Оларға қажетті материалдық және әлеуметтік қолдау дер кезінде көрсетілуде. Мектеп басшылары мен орынбасарлары үшін кеңес беру кездесулері өткізілсе, әлеуметтік желілер арқылы ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ сенім телефондары мен «жедел желілер» үздіксіз жұмыс істеп, ата-аналар мен оқушыларға қажетті кеңес пен көмек беруде.
Акция шеңберінде 16 тамыз күні «Maximall» сауда орталығының алаңында мектепке қажетті құрал-жабдықтарды төмендетілген бағамен сатып алуға мүмкіндік беретін жәрмеңке өтеді. Кәсіпкерлер балаларға қажетті заттарды арзандау бағамен ұсынбақ.
Биылғы оқу жылы балалардың сапалы білім алуына, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеуге, сондай-ақ, әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралармен басталмақ.
Ділназ Серікбай