12 тамыз күні қаламыздағы «Қазақстан» алаңы нағыз мерекенің ошағына айналды. Жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырған «EKIBASTUZ FEST» жазғы фестивалі әуен мен өнерді, спорт пен көтеріңкі көңіл күйді тоғыстырып, жүздеген қала тұрғыны мен қонақтарын бір алаңда қауыштырды.
Кеш шымылдығы киберспорт аренасындағы тартысты ойындармен ашылды. Бұған дейін өткен іріктеу кезеңдерінде 14–17 жас аралығындағы 60-қа жуық ойыншы бақ сынап, финалға ең мықтылары ғана жолдама алған еді. «PSGo CUP» турнирінің шешуші сәтінде FIFA-2025 ойынының финалы үлкен экранда тікелей көрсетіліп, көрермендер қызу қолдау білдірді. Жанкүйерлердің айқайы мен қошеметі алаңды жаңғыртып, ойыншыларға ерекше шабыт сыйлады. Қорытындысында
І орын — Әділхан Әбілдинге, ІІ орын — Тимур Тапаловқа, ал ІІІ орын Қаратай Әбдусаллямға бұйырды.
Фестивальдің келесі бөлігі жаз бойы әр жұма сайын жас таланттарды сахнаға шығарған «EKB MUSIC» жобасының қорытынды концертіне арналды. Жеті аптаға созылған бұл жоба қаланың ең өнерлі жастарының басын қосып, сахнадан олардың ең жарқын нөмірлерін паш етті. Кеште «Kvartal», «Air 5», «ЭХОГОР» би топтары, Ruslan Gabit, Soulagai, Әлібек Рахымжанов, Айжан Исатаева, Нұрдәулет Темірболат, Асхат Қалжанов, Aboka014, D.Trail, Ілияс Әбілев, Бекарыс Абдулла, Руслан Қайырбай, Сүлеймен Қайыркенов, Нұрдәулет Ауданбек, Шамиль Жақсыбаев, Алмас Еділбаев және Лиана Комарова өнер көрсетіп, сахнаны қуаныш пен шабытқа бөледі. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Алаңның әр бұрышында орнатылған ағаштан жасалған экологиялық ойын элементтері мен ашық ойын алаңдары мерекеге келген жастар мен балалар үшін қызықты демалыс аймағына айналды. Көпшілік ойын ойнап, естелік суретке түсіп, мерекелік атмосфераны еркін сезінді.
Кеште өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылған Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жастар сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Қала әкімі Аян Бейсекиннің қолдауымен тағайындалған бұл марапатқа бір ай ішінде 35 жас үміткер өтінім беріп, арнайы комиссия үздіктерді 11 аталымда анықтады.
Атап айтқанда, мәдениет пен өнер, журналистика саласындағы жетістіктері үшін сыйлыққа Дінмұхамед Жапанов, Дария Досмағанбетова және Мәдина Түсіпова лайық деп танылса, білім мен ғылым бағытында Елемес Сланбек үздік атанды. Спорттағы жетістігімен Байболат Қажыгелі дараланып, қоғамдық-саяси белсенділік пен патриотизмді нығайту ісінде Әлия Шегебаева ерекшеленді. Медицина саласында Айжамал Бориева, еріктілер қозғалысында Нұрлыбахыт Назарбаев, төтенше жағдай қызметінде Ефим Кузнецов, ІІМ және қарулы күштер қатарында Арман Құрманғали, ал жұмысшы мамандар арасында Батырхан Назарбаев марапат биігінен көрінді. Сондай-ақ, ақпараттық технологиялар мен креативті индустрияда Даниял Нұрымжан, жастар көшбасшылары қатарынан Асхат Амангелді мен Олжас Қайрат Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жастар сыйлығының иегерлері атанып, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы медальға ие болды.
Сахнада құттықтау сөз сөйлеген қала әкімі Аян Бейсекин мерекемен құттықтап, жастардың жетістіктерін жоғары бағалады:
– Бүгінде мемлекет өсіп келе жатқан ұрпаққа үлкен сенім артып, олардың бастамаларын қолдау үшін барлық жағдайды жасауда. Екібастұз өңірінде 41 мыңнан астам жас бар. Олар – елдің бүгіні мен болашағы үшін жауапкершілікті сезінетін, қабілетімен, талантымен ерекшеленетін жарқын тұлғалар. Қалада 2800-ден астам жас кәсіпкер жұмыс істейді, шағын және орта бизнес саласында бірегей жобаларын жүзеге асырып, экономиканың дамуына үлес қосуда. Жастарымыз спортта, мәдениетте, білімде де жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Биылғы жылдың өзінде қала жастары республикалық деңгейде 20-дан астам жеңіске қол жеткізді. Біз әр жетістіктеріңізді мақтан тұтамыз. Бұл марапат сіздер үшін жаңа мүмкіндіктер мен шабыттың бастауы боларына сенемін!
Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Еркін Құсан фестивальдің ауқымына тоқталып, оның өңірдегі басты жастар мерекесіне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы медаль облыс көлемінде алғаш рет табысталып, жұмысшы мамандардан бастап шығармашылық пен спортқа дейін түрлі салада еңбек еткен жастардың еңбегін жоғары бағалауға жол ашты.
Кештің финалында жастардың сүйікті орындаушылары: Qarakesek, The Brooklyn және The Addressov сахнаға шығып, көрермендерді әуен мен ырғаққа бөледі. Тыңдармандар сүйікті әндеріне қосылып, түн ортасына дейін би кешінде көңіл көтерді. Жаңбырлы ауа райына қарамастан, «EKIBASTUZ FEST» қонақтары көтеріңкі көңіл күйде тарқасты, бұл күн олардың жадында жарқын сәттерімен есте қалары анық.
Ділназ Серікбай


