Өңіріміздің мәдени өмірінде тамыз айы ерекше рухани реңкпен өтіп жатыр. Қала көлемінде ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған түрлі мәдени-әдеби шаралар ұйымдастырылуда.
Солардың бірі – 8 тамызда «Достық үйінде» өткен «Абай —түрлі тілдерде» атты этно-мәдени кеш. Тағлымды кездесуде түрлі ұлт өкілдері бір сахнада бас қосып, ұлы ақынның шығармаларын түрлі тілде оқуы мен әндерін орындауы арқылы Абай мұрасының шексіз құндылығын паш етті.
Кеш шымылдығы Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған мазмұнды кіріспемен ашылды. Көрермендер ақынның бала күнінен-ақ білімге құштар болғаны, орыс және шығыс классиктерінен сусындап, қазақ әдебиетіне жаңа серпін әкелгені жөнінде қызықты деректерді тыңдады.
Әдеби бөлімде Абайдың өлеңдері мен қара сөздері қазақ, орыс, татар, корей, армян және өзге де тілдерде оқылды. «Шатлык» татар-башқұрт бірлестігінің мүшесі Ильмира Салахова «Қыс» өлеңін әсерлі жеткізсе, Рауза Мұсабаева «Ғылым таппай мақтанба» туындысын қазақ тілінде оқыды. Сол өлеңді корей тілінде мәнерлеп орындаған Элина Критинина көрермен ықыласына бөленді. Армян орталығының белсендісі Арутюн Хачатрян «Жаз» өлеңін шынайы сезіммен оқып, зор қошеметке ие болды.
Орыс тіліндегі көркем оқуда да Абайдың дана сөздері айрықша мәнге ие болды. Еврей орталығы «Бэяхад» бірлестігінің атынан Зора Акифева ақынға арналған арнау оқыса, Любовь Синько мен Марина Курганова қара сөздерін әсерлі жеткізді.
Әдеби көріністерден соң сахна төрінде Абай әндері шырқалды. «Асыл әжелер» ансамблі «Желсіз түнде жарық ай» мен «Сегіз аяқ» әндерін әуелетіп, залды әуезге бөледі. Балжан Сыйқымбаева мен Айдос Хамитов «Айтым сәлем, Қаламқас» әнін орындаса, Ләззат Шушаева жүрекке жылы «Ата-анаға көз қуаныш» туындысын нақышына келтірді. Кеш соңында көпшілікке кеңінен танымал «Көзімнің қарасы» әні шырқалып, мерекелік шара әсерлі нүктемен түйінделді.
Ділназ Серікбай