11 тамыз күні Абай Құнанбайұлының мерейтойына орай Абай Құнанбаев атындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінде «Ұлы Абаймен үндесу» атты мәдени-танымдық кеш өтті.
Кештің қонағы – осы білім ордасының түлегі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, «Абайдың қара сөздері» атты кәсіби аудиожобаның авторы Елдос Төлеубаев. Ол жуырда ғана жарық көрген ерекше еңбегінің маңызы жайлы әңгімелеп берді.
Елдос Жақияұлының айтуынша, Абайға деген ықыласы мектеп қабырғасында оянған. 2004 жылы Абай оқуларына қатысып, ақын шығармашылығына ерекше қызыға бастаған. Сол жылдары Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы Абайдың қара сөздерін кассетадан тыңдап, «осы сөздерді өз дауысыммен жазсам ғой» деген бала арманына қанат біткен екен.
— Араға жылдар салып сол арман биыл, ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойымен тұспатұс уақытта жүзеге асты. Демеушілерім, достарым және Павлодар қалалық, облыстық мәслихаттары депутаттарының қолдауымен екі ай ішінде барлық қара сөздерді дыбыстап шықтым. Бұл – үлкен жауапкершілік. Мектеп кезінде түсінбеген тұстарын қайта оқып, әр сөзін жүрегімнен өткізуге тырыстым. Абайдың бір ғасырдан астам бұрын айтқан ойлары әлі күнге өзекті, – дейді Елдос Жақияұлы.
Автордың сөзінше, жоба қазіргі жастардың ұялы телефон мен ғаламторда көп уақыт өткізетінін ескеріп, олардың назарын ұлттық әдебиетке аударуға бағытталған. Бүгінде қара сөздер Павлодар қаласының трамвайларында және «Халық радиосынан» тұрақты беріліп жүр. Елдостың мақсаты – бұл аудиожазбаны Екібастұз қаласының маршруттық автобустарында және мектеп қоңыраулары арасында да тыңдату.
Кеш барысында Елдос Жақияұлы бір әсерлі сәтті еске алды. Оның айтуынша, таспа жарық көрер алдында «Ертіс медиа» ЖШС ұжымы арнайы түсірілім ұйымдастырып, Абай мен Шәкәрімнің кесенесіне барған. Сол бейнематериал республикалық байқауда бас жүлдеге ие болыпты.
– Өмірімнің көп бөлігі Абай есімімен байланысты екеніне көзім жетті. Өзім Абай мектебінің түлегімін, қара сөздерін дыбыстадым, Абайдың қабірінде болып, тәу еттім. Енді, міне, мерейтой қарсаңында өзімнің алтын ұя– мектебімде отырмын, – дейді ол.
Кеш қонақтарының арасында білім саласының ардагері, «Асыл әжелер» ансамблінің мүшесі Раушан Рахметоллақызы да болды. Ол №2 қазақ мектебіне Абай есімінің берілу тарихын тебірене еске алды.
— Бұл 1994-1995 оқу жылы еді. Сол кезде Абайдың 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өтетініміз белгілі болды. Осыған орай мектебімізге ақын есімін беру туралы бастама көтердік. Ұсынысымыз қабылданып, 1995 жылдың маусымында қала әкімінің бұйрығымен оқу ордамыз ресми түрде Абай Құнанбайұлының атымен аталды. Бұл жаңалықты үлкен мерекеге айналдырып, облыстық деңгейде семинарлар өткіздік. Барлық пән мұғалімдері сабақтарын Абай шығармашылығымен байланыстырып, арнайы көріністер қойды. Тіпті физика мен химия пәнінің ұстаздары да ақын өлеңдерін сабақ мазмұнына енгізді. Бұл – мектебіміз тарихындағы ең мақтаныш сәттердің бірі, – деді ардагер ұстаз
Мектеп директоры Қарлығаш Тәшенева өз сөзінде оқу-тәрбие үдерісіне Абай мұрасын енгізу ұстаздар қауымының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы жылдар ішінде бұл білім ордасынан талай шәкірт түлеп ұшып, бүгінде елдің әр саласында абыроймен еңбек етіп жүр. Солардың бірі – Елдос Төлеубаев.
Кеш соңында «Асыл әжелер» ансамблі «Желсіз түнде жарық ай» және «Ата-анаға көз қуаныш» әндерін орындады. Сонымен қатар, мектеп түлегі, республикалық Абай оқуларының жүлдегері Даниял Рахметолла «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әнін, ал Біләл Тілеген «Көзімнің қарасы» әнін шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ділназ Серікбай