7 тамыз күні «Атамұра» мәдениет орталығында қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Абай – мәңгілік мұра» атты диалог алаңы өтті. Шараны фотожурналист, қаланың мәдени өміріне белсенді үлес қосып жүрген Жұмағали Сейтенов ұйымдастырды. Кешке қала тұрғындары, мәдениет саласының қызметкерлері, ардагер ұстаздар, өнерпаздар және мектеп оқушылары жиналды.
Дәліздің қос қапталына Балалар көркемсурет мектебі тәрбиеленушілерінің тақырыптық суреттері ілінген. Әр туындыда ақын бейнесі, оның ой тереңдігі мен заманының рухы көрініс тапқан. Бір суретте – Жидебайдың кең даласына көз тігіп, терең ойға шомған Абай, енді бірінде – қарапайым киініп, қолына домбыра ұстаған, ойлы көзбен алысқа көз тастаған бейне.
Қалалық орталық кітапхана ұсынған кітап көрмесі де ерекше әсер қалдырды. Мұнда Абайдың әр жылдары жарық көрген шығармалар жинақтары, зерттеу еңбектері, сирек фотосуреттері қойылды. Көрермен назарын бірден аударған дүниелердің бірі – 1995 жылы алматылық суретші Хамза Кекімов салған Абай портреті.
Кештің басында Жұмағали Сейтенов жиналғандарға бұл идеяның қалай туындағанын әңгімеледі.
– Мұрағаттан 1995 жылы Қарауылда өткен Абайдың 150 жылдық мерейтойының бейнежазбасын таптым. ЮНЕСКО аясында өткен сол ұлы мерекеге қазақстандықтармен бірге біздің Екібастұз өңірінің азаматтары да қатысқан еді. Сол сәттерді қайта тірілтіп, куәгерлердің естеліктерін бөлісетін осындай кеш өткізгім келді, – деді ол.
Экранда 30 жыл бұрынғы Қарауыл төрінен мерейтой көріністері жарқ еткенде зал іші тынышталып, көпшілік өткен күнге сапар шекті. Мың жарым киіз үй, ұлттық киімдегі қонақтар, сахнадағы өнерпаздар – бәрі де тарихтың тірі кадрларындай әсер қалдырды.
Сол сапардың қатысушысы, «Өлеңті» совхозының сол кездегі директоры, бүгінде қалалық мәслихатта депутат Манат Алғамбаров та естелігін ортаға салды:
– Тамыз айының басында ауылдан 30-ға жуық азамат жиналып, жолға шықтық. Бізге киіз үйлер тігіп, қонақтарды қарсы алу жүктелген еді. Сол мың жарым киіз үйдің ішінен біздің ауылдың қос киіз үйі 7-орын алды. Бұл біз үшін үлкен мәртебе болған еді, – деді ол.
Ардагер ұстаз Раушан Рахметуллина да мерейтойға шәкірттерімен барған сапарын ыстық ықыласпен еске алды:
– Жидебайдың самал желін, Күшікбай асуының аңызын балалар сол сапардан кейін мүлде басқаша сезінді. Бұл– оқулықтағы құрғақ мәтін емес, көзбен көрген, жүрекпен түйген тарих, – деді ұстаз.
Кеш барысында Абай шығармалары әдебиет пен ән арқылы жаңаша жаңғырды. Еңбек ерлері Рышат Әміренов пен Мұрат Қайыргелдин қара сөздерден үзінді оқыды. Сымбат Жәкішева «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындаса, Ибрагим Төртұлов гитарамен «Көзімнің қарасын» шырқап, көне әуенге заманауи үн қосты.
«Сеньоры» неміс этномәдени бірлестігі мүшелерінің Абай шығармаларын үш тілде орындауы көпшілікке ерекше әсер етті. Рауза Мұсабаева 20-шы қара сөзді қазақ тілінде, Татьяна Берг орыс тілінде, ал Маргарита Каретникова неміс тілінде оқыды. Үш тілдегі оқылым Абайдың ойларының ғаламдық мәнге ие екенін тағы бір дәлелдегендей.
Кеш соңында ҚР мәдениет саласының үздігі, «Замандастар – құрдастар» ансамблінің жетекшісі Ләззат Шушаева көпшілікпен бірге Абай әндерін шырқады. Зал толы көрермен қосылып, думанды кешті ортақ әнмен аяқтады.
Ділназ Серікбай