«Горводоканал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жаз ішінде, инвестициялық бағдарламаға сәйкес, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы мақсатқа бөлінген қаржының қалай игеріліп жатқандығын білу үшін 8 тамыз күні аталмыш кәсіпорынға ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Камила Байғожанова, қоғам белсендісі Юрий Павленко келіп, хал-ахуалмен танысты.
Кеңседе болған әңгімеде кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Ләззат Бекбергенова инвестициялық бағдарлама бойынша биылғы жылы жөндеу жұмыстарына 806640 мың теңге қаржы құю жоспарланғанын, алайда бұл межені бағындыруға қалыптасқан жағдай мүмкіндік бермегенін айтты. Себебі кәсіпорынның табысы азайып кетіпті. Өйткені заңды тұлғалар да, жеке тұлғалар да суды үнемдеуге көшіп, тұтыну көлемін азайтып жіберіпті. Сөйтіп, кіріс кеміген соң, биыл жаз күрделі жөндеу жұмыстарына 540 миллион теңге мөлшерінде қаржы жұмсау болжанып отыр. Бұл қаржы кәріз коллекторының бір бөлігін, №52 орталық жылу пункті ғимаратына тартылған суық су құбырын жаңалауға жұмсалады. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 2 жаңа трактор, 2 көлік сатып алу көзделіпті. Аталмыш техника апат салдарын жою бригадаларына беріледі. Әңгіме барысында Ләззат Ермекқызы бригадалардың арнайы киім-кешек, жұмыс құралдарымен толық жарақталғанын да айтып өтті.
Айтпақшы, Үкімет сумен жабдықтайтын коммуналдық кәсіпорындардағы еңбекақыны энергия өндіруші, жылумен қамтамасыз етуші кәсіпорындардағы айлықпен теңестіруге қаулы шығарыпты. Ләззат Ермекқызының сөзіне қарағанда, «Горводоканал» кәсіпорнында бұл көрсеткіш 233 мың теңгені құраса, жылу беруші кәсіпорындарда 470 мың теңге екен. Жұмыскерлер жалақысын көтеру үшін, Табиғи монополияларды реттеу комитеті рұқсат еткен соң, тарифті өсіру қажет болады. Әзірге бұл мәселе қаралып жатқан жоқ. Есесіне, айлық аз болғандықтан, кәсіпорында білікті мамандарға зәрулік туындап отыр.
Десек те құлаққа жағымды ақпарат та жоқ емес. Соңғы жылдары жүргізілген жөндеу жұмыстары нәтижесінде су құбырлары мен кәріз құбырларының тозу көрсеткіші біршама төмендеп, тиісінше, 58 және 68 пайызды құрап отыр. Бұлай болуына мемлекет қолдауының да пайдасы тиген. Түрлі деңгейдегі бюджеттерден бөлінген қаржы есебінен Екібастұз – Майқайың су құбырының қашықтығы 20 километр бөлігі жаңаланып, Қонаев даңғылында қашықтығы 6 километр су құбыры жаңартылыпты.
Құлақпен мың естігенше көзбен бір рет көрген артық емес пе. Кәсіпорын кеңсесіндегі әңгімеден кейін жиналған қауым жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралап шықты. Биыл жаз қала сыртындағы қысымды кәріз коллекторының 387 метрлік бөлігі жаңаланып жатыр екен. Мұндағы құбырдың диаметрі – 1020 мм. 1992 жылы іске қосылған кәріз коллекторын жаңалау оны сенімді пайдалануға ықпал
етпек.
Айтпақшы, мұндағы жұмыстар кәсіпорынның өз күшімен атқарылып жатыр және санаулы күндер ішінде аяқталады.
Мәшһүр Жүсіп көшесі, 52-үйдің бойымен №52 орталық жылу пунктінен Қ. Сәтбаев көшесі, 8-үй аралығында қашықтығы 1460 метр құбыр да жаңаланып жатыр. Сонымен бірге, 12168 мың теңгеге №52 орталық жылу пунктіндегі суық сумен жабдықтау құбырының бір бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Қысқасы, кәсіпорынның бас инженері Қуаныш Ержанұлының айтуынша, биылға жоспарланған жұмыстар тамыз айында толық аяқталады.
Жассерік Жәлелұлы