Еліміздің түрлі өңірлерінде балалардың иттен зардап шегу фактілерін әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарынан жиі-жиі естиміз. Бүгінгі таңда бұралқы иттер мәселесі қоғам үшін шешімі қиын мәселеге айналған жайы бар. Дегенмен адамзат баласына төрт аяқтылар тарапынан болатын қауіп иттер шабуылымен ғана өлшенбейтіні қаперде болғаны жөн: мәселенің «құтырма» деген екінші жағы бар, ал құтырма иттен өзге де жануарларда болады.
Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы мәселе кеңінен сөз болып, Екібастұз қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Бақыт Бекпаева еліміздегі және өңіріміздегі құтырма ауруына қатысты жайттар жайлы әңгімеледі.
Бақыт Төлеубайқызының айтуынша, биыл республика көлемінде құтырмаға қатысты эпидемиологиялық жағдай өршіп тұр: Қостанай және Абай облыстарында жануарлардан зардап шеккен екі адам көз жұмыпты. Өкініштісі, бірін ит қауып, бірі дертті мысықтан жұқтырған екі адамның екеуі де дәрігерге уақытылы жүгінбеген. Мәселен, қостанайлық азамат жануар тістеп алғаннан кейін жарты жылды өткізіп алған, ал Абай облысының тұрғыны медициналық көмекке бір ай өткен соң жүгінген. Профилактикалық екпені дер кезінде қабылдамау салдары өлімге апарып соққан.
Екібастұз өңірінде де жағдай аса мәз емес: биылғы жылдың 7 айы ішінде 267 адам жануарлардан зиян шегуі себепті медициналық көмекке жүгініпті. Олардың 30 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар (79). Зардап шеккендердің бәріне дер кезінде құтырмаға қарсы екпе салынған, тек бір азамат қана дәрігерге жарты ай өткесін, яғни, кешірек жүгінген.
– Құтырма – ерекше қауіпті инфекциялық ауру, ол адамдарға 99 пайыз жағдайда жануарлардың тістеуі немесе тырнауы нәтижесінде жұғады. Құтырма қоздырғыштары ауру жануардың сілекейінде болады. Ауруды негізінен жабайы және иесіз, сонымен бірге, топтасқан жануарлар таратады. Құтырманы емдеу қиындығының себебі – адамдардың ызалы жануармен қарым-қатынасқа жете мән бермей, дәрігерге уақыт өткізіп алып жүгінуінде, – деді Бақыт Төлеубайқызы.
Құтырма ауруы адамға жұққан жағдайда екпе егу бес кезеңді қамтиды: зардап шеккен соң бірден және 3, 7, 14, 28-ші күндері салынады.
Екібастұз қалалық ветеринарлық станциясының басшысы Арман Тәуірбаев жануарлар үшін құтырма өршитін қауіпті уақыт күз бен көктем екендігін айтады. Оның айтуынша, биылғы жылдың І жартыжылдығында ауылдарда 134 итке құтырмаға қарсы екпе егіліпті. Жалпы, мал мен итке салынатын екпе тегін. Малға құтырма жұғу фактісі тіркелмеген.
– Құтырма жұққан малдың белгілері: күннің көзінен қашқақтап, қараңғыда жата береді, тіпті су да ішпейді, көзі қызарып кетеді, – деп түсіндірді ветеринар.
Арман Тәуірбаев қала тұрғындарының асыраған ит-мысықтарын қартайған соң далаға тастайтынына қынжылды. Қажетсіз болып қалған жануарлар ауру тасымалдаушыға айналмауы үшін ветеринария қызметіне жүгінген жөн.
Екібастұз қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Светлана Подзорова құтырған жануардан зардап шеккен адамдар үшін қалалық аурухананың қабылдау бөлімі тәулік бойы ашық екенін тілге тиек етті. Көмек науқастардың медициналық сақтандыруы бар-жоғына қарамастан көрсетіледі.
… Құтырмамен ауыратын жануарлар – ит-мысықтар, түлкілер, кірпілер мен тышқандар, жарқанаттар. Ауру ормандар мен жайылымдар арқылы үй жануарларына да жұғады. Құтырманың борсық, қасқыр, жанат сияқты аңдардан және құстар мен бүргелердің қабуы мен шағуынан жұғуы сирек болса да кездеседі. Ауру жұқтырған үй жануарлары тістемей-ақ терінің жарақаттанған жеріне сілекей арқылы, тіпті ауа арқылы да жұқтыра береді. Сондай-ақ, құтырмадан өлген жануарлардың өлексесі мен биологиялық материалдарынан қорғалмаған теріге жұғу қаупі жоғары. Сонымен қатар, жұқпа жұқтырған жүкті әйелден сәбиіне беріледі.
– Адам ағзасында құтырма ауруы инкубациялық кезеңнің ұзаққа созылуымен сипатталады. Ол тіпті 1-3 айға созылуы мүмкін. Осы уақыт аралығында адам жұқпамен жүрсе де, сырттай бұл ауру еш белгі бермейді. Құтырманың алғашқы белгілері – тістелген жердегі ауырсынулар, бұл кезде жара жазылып кеткен болуы ықтимал. Тістелген жерлер жайсыздық тудырып, ашуы, кейде іріңдеп, ісінуі де мүмкін. Дене қызуы көтеріліп, түсініксіз қорқыныш, тәбеттің жоғалуы, дене салмағының азаюы, күйзеліс пайда болуы мүмкін, – дейді Бақыт Бекпаева.
Маманның айтуынша, бұрын құтырманың емі тек ауру жұқтырған адамның өлер алдындағы халін жеңілдетуге ғана бағытталыпты. Науқасты алғашқы белгілер пайда болғанға дейін жүгінген кезде ғана құтқару мүмкін болған. Жағдай 2005 жылы өзгеріп, вирус жұқтырған адамға небір асқынуларға қарамастан көмек беруге қол жеткізілген.
– Ем-домның тиімділігі адамның дәрігерге қаншалықты жылдам көрінуіне байланысты. Кешіккен жағдайда құтырманы емдеу еш нәтиже бермейді. Ауруды жұқтырған адам вакцинаны екі аптадан кешікпей қабылдаса, нәтиже береді, – мамандар.
Адам ағзасы үшін құтырма жұқтыру ауыр жайт болғандықтан, әркім алдын алу шараларын ұстанғаны абзал. Ол дегеніміз – жабайы және иесіз жануарларға жақындамау, әсіресе, ызалы жануарлардан алыс жүру, жануарларды тиісті құжаттарсыз, қолдан сатып алмау, үй жануарларына екпе салдыру, көшеден табылған жануарларды ветеринарға табыстау, үйдегі жануарлардың мінез-құлқына мән беру, әсіресе, олар өзге жануарлармен қарым-қатынаста болғаннан кейін бақылауда ұстау, жануарлар тістеп алған жағдайда дәрігерге жүгіну. Кез келген жануардың адам үшін қауіпті екенін, әсіресе, балалар мен жасөспірімдерне барынша ұғындырған жөн.
Жанаргүл Қадырова