Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларының бірі болып табылады, бұл көмек Қазақстан Республикасының жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын қандастарға, босқындарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға беріледі.
Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева осы тақырыпты тарқатты.
Зейнеп Опабекқызының айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуы (тұрақты, уақытша және әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға орналасу, кәсіптік оқыту) міндетті шарт болып табылады.
Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде жалақы түріндегі кірістер, әлеуметтік төлемдер (көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылуы бойынша, жұмысынан айырылуы бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар және басқалар), алименттер, кәсіпкерлік қызметтен түсетін айына 25 АЕК-тен төмен емес табыс және басқалар ескеріледі.
2025 жылдан бастап кедейлік шегін орташа табыстың 35%-ы деңгейінде, бірақ қолданыстағы деңгейден төмендетпей, яғни, өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы деңгейінде белгілеу арқылы аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа тәсілі енгізілді.
Павлодар облысы бойынша 2025 жылдың 3-тоқсанына кедейлік шегі 39096 теңге болып белгіленді (медиандық табыстың 35%-ы – 111704 теңге).
Атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа шейінгі балаларына 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы төлем жүргізіледі (2025 жылы төлем мөлшері 5898 теңгені құрайды).
Ағымдағы жыл басынан бастап учаскелік комиссиялардың қызметі күшейтілді. Олардың жұмысы FSMsocial мобильді қосымшасы арқылы материалдық жағдайды зерттеу негізінде жүргізіледі, ол арқылы өтініш берушілердің тұрғылықты жерінің геолокациясы тіркеледі және фототіркеу жүргізіледі. Айта кету керек, өтініш берушілер өтініште жалған немесе толық емес мәліметтерді ұсынғаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапты болады, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға ықпал ететін қандай да бір мән-жайлар өзгерген жағдайда ол туралы он жұмыс күні ішінде Мансап орталығына хабарлау міндетті.
Сондай-ақ, 2025 жылдың басынан бастап АӘК-тен үміткер азаматтардың шығыстарын есепке алу тетігін сынақтан өткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды, яғни, өтініш беруші өтініш берген кезде пилоттық жобаға қатысуға келісім береді, содан кейін отбасының кәмелетке толған барлық мүшелеріне жеке телефон нөмірлеріне 1414 нөмірінен sms-хабарлама жіберіледі, хабарламаға бір жұмыс күні ішінде жауап беру міндетті. Ақша қаражатының қозғалысы туралы ақпаратты жинау өтініш берушіден және оның отбасы мүшелерінен келісім алғаннан кейін мемлекеттік органдар мен екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелері арқылы жиынтық түрде жүзеге асырылады.
Бұл қызметке жыл басынан бері 1016 отбасы өтініш білдірсе, соның ішінде 563 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, 346 отбасына бас тартылды (табысының артуы – 175, учаскелік комиссияның шешімі бойынша – 81, табысты жасыру – 22, өз қалауы бойынша бас тартылды – 68), 107 өтініш қаралуда.
Атаулы әлеуметтік көмек төлемін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ ай сайын жүргізеді, шілде айына төлем ағымдағы айдың басында жүргізілді.
Құжаттар қабылдауды Мансап орталығы (Энергетиктер көшесі, 62, 109-кабинет) жүргізеді немесе «Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау» мемлекеттік қызметін таңдап, құжаттарды электронды үкімет порталы, egovmobile.kz, HalykBank, Kaspi, мобильді қосымшалар арқылы беруге болады, мәліметтерді нақтылау үшін Мансап орталығының мамандары өтініш берушімен байланысады. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 15 жұмыс күнін құрайды.
Ж.АЙТЫШ