Күні кеше 90 жылдық мерейтойын атап өткен Ақкөл әу бастан мал өсіретін шаруашылық болып құрылғантын. Іргесіндегі Жақсат, Ортақоға, Зеленая роща ауылдарында атакәсіпті арқау етіп, ризық-несібесін төрт түліктен көрген шопандар көп болды. Ленин орденімен марапатталған Әбілшайық Жасанов пен Бақыр Көпежанов, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған Бөкен Қызғарин, кеңестік небір орден-медальдарды тағынған Жақсылық Бөкенов, Қайрат Мұсабеков, Қабдыкәрім Қабікенов, Мұрат Қамалиев, Қабдеш Шамжанов, Уахит Кәрімов сияқты көптеген азаматтар еселі еңбегімен совхоздың әлеуетін арттыруға атсалысты. Аға буын атақты шопандар қатарынан Жаңбыртай Қабылтаев та ойып орын алған еді. Бүгінде оның ұлы Ербол Қабылтаев әке таяғын ұстап, «Айдар» шаруа қожалығын ашып, Екібастұз өңірінде мал шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосуда.
– Кеңестік кезеңде Ақкөлде қой шаруашылығы қарқынды дамыды. Отар-отар қой баққан әкем бізді шаруаға бейім етіп тәрбиеледі. «Жер малды асырайды, мал қазақты асырайды» деп білген ел баласымын ғой, ата кәсіпті кішкентайымнан жақсы көрдім. Негізгі мамандығым деп зоотехника саласын таңдағаным да сондықтан, – деген Ербол Жаңбыртайұлы – Семей ауыл шаруашылығы институтының түлегі.
Осыдан тура жиырма жыл бұрын Ақкөл ауылдық округіне қарасты Зеленая рощада құрылған «Айдар» шаруа қожалығында әу баста 27 бас мал ғана болған екен.
Қарапайым көрінгенімен, мал бағу – үлкен қажыр-қайратты, тәртіпті және табиғатты терең түсінуді қажет ететін жұмыс. Табиғатпен тіл табысып, малдың жайын қадағалап, ауа райын бағдарлай білу де бұл істе маңызды. Қыста малдың жайын, жаз болса, қыстың қамын ойластыру оңай шаруа емес. Қожалықтың жаздағы жайылымы Көкөзек пен Сасықсор деген жер екен. Жаз жайлауын марқұм әке-шешесі де осы жерде өткізген. Сондықтан да ерекше ыстық.
Шаруашылық аяғына нық тұра бастаған кезде тұрақты жұмыс орындары да ашылған. Қожалық иесінің айтуынша, мұнда 5 ауылдасы біраз жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатыр. Бірталай жылдан бері мал өсірумен шұғылданатын Берік Жүсіпов пен Қанат Сәрсембаев екеуі аға малшы болып еңбектенсе, Мереке Смағұлов – жылқышы. Техниканың ақаусыз жұмысына механик әрі бригадир Қуандық Қайыржанов жауап берсе, механизатор Асылбек Бекенов жем-шөп тасиды. Бәрі де өз жұмысына мығым, жауапты жандар.
Айтпақшы, кешегі Ақкөлдің 90 жылдығында Ербол Қабылтаев та өз әулетінің атынан киіз үй тігіп, алыс-жақыннан той көрмекке келген меймандарды қарсы алды. Жұбайы Жұмагүл жеңгей де балдай қымыз сапырып, келушілерге тосты. Айрандай ұйыған отбасының бірлігіне сүйсінген жұрт бата беріп, шаңыраққа шаттық тіледі.
Осындай ынтымақ пен еңбектің үлгісі болған отбасы, жерден нәпақа терген жанкешті жандар – ауылдың шынайы тірегі. Дегенмен бүгінгі заман жаңаруды, жаңа тәсілдерді талап етеді. Мал шаруашылығы да енді жай ғана тәжірибемен емес, заманауи технологиялармен, цифрлы шешімдермен ұштасуы тиіс. Малдың өнімділігін арттырып, еңбек тиімділігін еселеу үшін білім мен ғылымды қатар қолдану – уақыт талабы. Ерекеңдей азаматтардың ісіне мемлекет пен ғылым қолдау білдірсе, ауыл шаруашылығы тың серпін алып, ел экономикасының қуатты саласына айналмақ. Бұған Ербол Жаңбыртайұлы нық сенімді.
А.Қасымжан