Ертістің Павлодар өңірінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер түрлі инвестициялық жобаларды қолға алуға ықыласты. Әсіресе, Қаныш Сәтбаев каналы бойында орналасқан шаруа қожалықтары суармалы егістік алқаптары көлемін ұлғайтуға құлшынып отыр. Алайда осы орайда, аймақ басшысының айтуынша, бір кедергі туындап тұрған көрінеді. Ол – электр энергиясының жетпіспеушілігі. Аймақ басшысы бұл тұйықтан шығудың жолдарын қарастыруға қала, аудан әкімдеріне тапсырма берген екен. Мәжілісте қала әкімі Аян Бейсекин осы мәселеге қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Суармалы егістікпен шұғылданатын кәсіпкерлер біздің өңірде негізінен Теміржол ауылдық округінің Құдайкөл ауылында шоғырланған. Мұнда картоп өсіретін «Заман», «Рахметов» шаруа қожалықтары, «ҚабиАгро», «АндасАгро», «КорнАгро» және «Береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. 2021-2024 жылдар ішінде «ПРЭК» АҚ бұл шаруашылықтарға 8,7 МВт электр қуатын алуға техникалық шарттар беріпті. Соның арқасында кәсіпкерлер өңірге 23 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция тартқан екен. Енді сол кәсіпкерлер жаңа инвестициялық жобаларды қолға алмақшы. Мәселен, «ҚабиАгро» ЖШС 1100 гектар суармалы алқап құрылысына 1,1 миллиард теңге қаржы құймақшы. Ал «АндасАгро» ЖШС 870 гектар суармалы алқапқа 0,9 миллард теңге инвестиция жұмсауды жоспарлап отыр. «КорнАгро» ЖШС екі ірі жобаны жүзеге асырмақшы. Оның бірі – 4,5 мың гектар суармалы алқап құрылысы, екіншісі – сыйымдылығы 12,8 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы құрылысы. Екі жобаның құны – 20 миллиард теңге. Осы жобаларды жүзеге асыруға 5,9 МВт электр қуаты қажет. Мәселені шешу үшін қала басшылығы облыстық энергетика басқармасы, Ақсу қаласы әкімдігі және «ПРЭК» АҚ басшылығымен бірлесіп екі нұсқа әзірлепті.
Бірінші нұсқа – шаруашылықтарды «Қалқаман» қосалқы станциясына қосу. Бұл үшін қосымша қаржыландыру әрі уаыт қажет. Жобалық-сметалық құжаттаманың болжамдық құны – 80 миллион теңге, ал құрылыс-монтаждау жұмыстарына шамамен 2 миллиард теңге қаржы керек.
Екінші нұсқаны қолға алу ілкімдірек. Ақсу қаласындағы кәсіпорындар пайдаланбай отырған электр қуатын Екібастұз өңірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне бөліп беру.
Жиналысқа қашықтан қатысқан Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов аталмыш мәселеге қатысты өз пікірін білдіріп, аймақ басшысы Асайын Байханов бастапқыда Екібастұз өңірі шаруашылықтарына 4 МВт электр энергиясын беруді жеделдетіп шешуді құзырлы органдарға тапсырды.
Ж.Сәдуақас