Қоянды ауылынан кейін аймақ басшысы көлік басын Екібастұз қаласына бұрды. Мұнда әкім – қаралар Әлия Молдағұлова көшесінің бір бөлігіне төселген асфальттың сапасын көріп, мердігер фирма – «Экибастузтеплоэнергомонтаж» ЖШС директорының орынбасары Михаил Будаевпен сөйлесті. Оның айтуынша, жаңа асфальт 2,3 километрге төселген екен. Осыдан кейін басшылар №67 биік үйдің тұрғындарына жолықты.
– Үйіміздің жүдеп тұрған ауласы жаңарып, көңіліміз әбден өсті. Жарық шамдары орнатылып, балалар алаңшасы жасалды. Көше жолы тақтайдай тегіс болды. Тұрғындар тілегіне құлақ асқан атқарушы билікке зор алғыс, – деп көпбалалы ана Людмила Ковалева ағынан жарылып еді, оның сөзін өзге тұрғындар да қоштай жөнелді.
Осылайша, билік пен бұқара арасындағы әңгіме жарасым тауып, аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы тұрғындарға жасалған дүниені күтіп ұстауға атсалысу қажеттігін айтты.
– Балалар алаңшаларындағы әткеншектер ересектерді көтере алмайды. Кешқұрым салмағы ауыр жастар отырып, бүлдіріп кетуі де ықтимал. Сондықтан үй тұрғындары тәртіптің сақталуына көз қырын салып жүруі жөн болар еді, – деген облыс әкімі Асайын Байханов учаскелік полиция инспекторына да қырағы болуды тапсырды.
Жыл сайын қаламызда абаттандырылған аулалар саны көбейіп келеді. Енді сол аулаларға бейнебақылау камераларын орнату қолға алынады.
Сапарды ары қарай жалғастырған басшылар Мәшһүр Жүсіп көшесі, 48-үйдің ауласына келіп тоқтады. Мұнда жуырда ауланы кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілген еді. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин аймақ басшысына биыл жаз атқарылған шаһарды көркейту жұмыстарының нәтижелері туралы баяндап берді.
«Нурал» ЖШС жалпы көлемі 70 мың шаршы метр аула ішін асфальттап шығуды жауапкершілігіне алған екен. Бұл мақсатқа қала бюджетінен 410 миллион теңге қарастырылыпты. Бүгінгі күні 6 аулада жұмыс толық аяқталып, 7 аулада жүргізіліп жатыр.
Жылдағыдай биыл да 50 балалар алаңшасын орнату жоспарланып, оған 585 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. «StrongService» ЖШС қазіргі уақытта 42 балалар алаңшасын орнатып, 8-нде жұмыс жалғасуда. Сонымен бірге, «Бекмурзин» жеке кәсіпкерлігі 9 стритворкаут, 2 стритбол алаңшасын жасап, пайдалануға беріпті.
Аулаішілік аумақтарды жарықтандырумен «Горэлетросеть» кәсіпорны шұғылдануда. Бұл жұмыс биыл толық аяқталады.
Әңгіме барысында облыс әкімі мен қала әкімі келесі жылы атқарылатын игі істер жайлы да өзара кеңесті. Мәселен, 2026 жылы қаламыз жаңаланған балалар алаңшаларымен 100 пайыз қамтылады, сонымен бірге, шаһардың басты көшелерін көркейту жобалары қолға алынады. Соған қарағанда, Екібастұз қаласы жылдан-жылға көркейе бермек. Бәрі адам игілігі үшін демекші, екібастұздықтар шаһардың қазіргі келбетіне де дән риза. Соның белгісі – басшыларды жылы қабақпен қарсы алып, емін-еркін әңгімелесіп, қызметтеріне табыс тілеуі.
Ж. Жәлелұлы